Кедейлердің мәселелері байлардың мүддесінің тасасында қалып бара жатыр...

Редакциямыздың электронды поштасына нақты мәліметтері көрсетілмеген мекен-жайдан төмендегі хат келіп түсті. Материал – қоғамда оппозициялық көзқарастарымен әйгілі болып жүрген Санжар Боқаев туралы. Халықтың алдында жүрген тұлғалар туралы қандай да лепестердің болуы заңды. Сонымен, белгісіз азамат жолдаған хат төменде:

1700219154927427.jpg

«Халық «сәтсіз таңдаған» Санжар Боқаев «Бизнес+» класындағы тұрғын үй кешенінің мәселелеріне үш бейнеролик арнады. Осындай үйдің бір шаршы метрінің құнына тең соммаға бір жыл күн көретін қазақстандықтарды осы мәселе шынымен алаңдата ма?

Санжар Боқаев RAMS компаниясы салған тұрғын үй кешеніндегі пәтер иелерінің мүддесін қорғайтын бірнеше видео түсіріп салған. Әңгіме адамдар өз еркімен баратын және саналы түрде көп ақшаға сатып алатын, осы пәтерлерге қоныстанған, жөндеу жұмыстарын жүргізген, ең сорақысы, бір шаршы метрі үшін 1 млн 100 мың тг төлеген коммерциялық жылжымайтын мүлік туралы болып отыр.

Жалдамалы уақытша баспаналарда тұрып, жатақханадан бөлме жалдап, мемлекеттік тұрғын үй алу кезегін жылдар бойы күтетіндер үшін бұл айтарлықтай қаражат. 

Әкімдіктің бұрынғы қызметкері, 2023 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша, 646 965 азаматтың баспана кезегінде тұрғанын білмейтін шығар. Кейінгі 10 жылда кезек алты есеге өсті! Бұл – халықтың әл-ауқатының жмүлде жақсармайтынының дәлелі. Керісінше, бала-шағасын асырау үшін қалаға жұмыс іздеп баратын адамдар толастамайды.

Түптеп келгенде, бұрынғы нұротанның бұрынғы мүшесі әлеуметтік әділетсіздікке ашынса, Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған баспаналарға көңіл бөлуі керек еді. Осындай бағдарламамен салынған баспаналар үшін бюджеттен ақша бөлінеді, яғни ол да, қалған қазақстандықтар да биліктен мемлекеттік бағдарламалардың есебін талап етуге құқылы.

Мәселен, 2023 жылдың мамыр айында Алматы облысы, Талғар қаласының тұрғындары мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерді жөндеуден өткізуді талап еткен. Тұрғындардың айтуынша, коммуналдық мәселелер көшкеннен кейін бірден басталған. Тіпті үйлердің аулаларында жарық жоқ.

Жаңа баспана үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Тұрғындар осы ғимараттан «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алған. Кейбір тұрғындар жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алды. Олардың айтуынша, салынып жатқан үйлердің сапасы көңіл көншітпейді. Үнемі төбеден су саулап, кәріз жүйесі жиі істен шығады. Пәтерлердің бірінің төбесі опырылып түскен. Ал тұрғындардың көбі мүмкіндігі шектеулі жандар.

Маусым айында Атырауда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйлердің тұрғындары кейінгі бір жылда түрлі қиындықтарға тап болғанын айтқан. Көпқабатты үйдің су құбыры мен кәріз жүйесіндегі құбырлар қайта-қайта жарылып, жертөлені су алған. Тұрғындар подъезден шыққан қолаңса иістен дем ала алмай отыр.

Тұрғындар бұл көпқабатты үйлерге 2019 жылы көшкен. Олардың дені көп балалы аналар мен медицина қызметкерлері. Әңгіме арқау болып отырған осынау «бюджеттік» тұрғын үй кешендеріндегі құбырлар бір жылға жетпей істен шыққан. Қыста үйлер дұрыс жылытылмай, электр жарығы жиі сөніп қалып жүрген.

Бұған қоса, Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 62 мыңға жуық бала баспана кезегінде тұр. Жыл сайын оларға 700-1000 пәтер ғана бөлінеді. Санжар Боқаев мұндай қарқынмен олар қанша жылда баспана алады деп ойлайды екен? Балалар үйінің түлектері шенеуніктерден «бюджетте ақша жоқ, ипотека алыңыз» деген жауапты ғана естиді. Ал бұл адамдарды жақтайтын ешкім жоқ, өйткені қоғам көшбасшылары ауқатты азаматтардың жағдайына алаңдап, босамай жатыр.

Мұның қасында «Бизнес+» класындағы тұрғын үй иелеріне автотұрақ сатып алудың мүмкін еместігі (бұл уақытша пәтерден немесе қараусыз қалған саяжайдан қымбат тұрады) және үш қабатты терезе сыртындағы желдің ысқырығы туралы әңгімелері келекеге ұқсайды. RAMS тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндігі бар адамдар сауатты заңгер жалдап, күнделікті мәселелерін сот арқылы шеше алмай ма?

Егер сол Санжар Боқаев шынымен қорғансыз санаттағы азаматтарға көңіл бөлуге тырысса, оған қарапайым халық сенер еді, бірнеше ондаған миллионға пәтер алуға мүмкіндігі барларға ғана емес, қарапайым қазақтың мәселесіне де бей-жай қарамайтынына көзі жетер еді. Бірақ неге RAMS компаниясы туралы сөз қозғады? Мұның өзі күдік тудырады, себебі қазір барлық құрылыс компаниясы үйді қалай болса солай тұрғыза салады».

Ескерту: Мақалада аты аталған азаматтар редакциямызға жауап-уәждерін айтар болса, екінші тараптың да жауабын жариялаймыз...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар