Олимпиадада олжа салды

2022_03_31_crop-1_2_650x596_o-1.jpg


Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық онлайн олимпиадасында (АТМО) бақ сынаған Рахым Баймурзин есімді бозбала тамаша табысқа қол жеткізді. Ол әлемнің 38 елінен жүздеген оқушы қатысқан додада алтын медаль иегері атанды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады.


Рахым Баймурзин Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқиды. Өзінің айтуынша, аталған олимпиада сынына былтыр да қатысып, олжалы болған екен.


"Мен Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасына бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Өткен жылы күміс жүлдеге ие болдым. Ал биыл мақсатыма жетіп, алғашқы алтын медалімді жеңіп алдым. Егер олимпиада дәстүрлі форматта өткенде, тіпті де жақсы болар еді. Дегенмен өз басым бәріне де ризамын", – деп ағынан жарылды жас математик.


Айта кету керек, бұл жеңіс жас дарынға еліміздің құрама командасы сапына еніп, Халықаралық математика олимпиадасында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік береді.


Рахым Баймурзин алдағы уақытта қандай университетті таңдайтынын әлі шешпеген екен. Бірақ ол өзінің болашағын дәл ғылымдармен байланыстырғысы келеді.


Еске сала кетсек, Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық онлайн олимпиадасына еліміздің түпкір-түпкірінен 131 оқушы қатысты. Ал осы зияткерлік додасында оқушылары бақ сынаған әлем елдерінің қатарында АҚШ, Жапония, Аустралия, Канада, Сингапур, Аргентина, Гонконг, Индонезия, Малайзия, Мексика, Қатар, Оңтүстік Корея, Түркия және басқа да ғылымы мен білімі дамыған мемлекеттер болды.



Ұқсас тақырыптар