Желден энергия алуды екі есе жеңілдеткен Дильназ

Исламбекова Дильназ – Өскемен қаласындағы «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушысы, Порту-Алерги мен Нову Гамбург қалаларында «Mostra International de Ciencia e Tecnologia» атты 33-ші Халықаралық білім көрмесінің аясында өткен байқаудың екі алты, бір күміс жүлде иегері. Физика пәнін бойынша Айналмалы цилиндрлер мен жел электр станциясының айродинамикалық қасиеттерін зерттеп, өз жобасын ұсынған. Жасаған жұмысы «Ең үздік жоба» ретінде танылған.

2.JPG

Жобамызға доптың ұшу процесі әсер етті

Жобамызды жасап шығаруға деген идея сабақ үстінде аяқ асты туындаған болатын. Ғаламтордан бір баланың платинадан төмен қарай допты лақтырғанда, ешқандай құбылыс болмай-ақ ол төмен қарай құлдилай түскен видиосын көрдік. Екінші рет допты айналдырып лақтыру барысында күштің әсерінен доп алыс арақашықтыққа құлап түсті. Бұл идеяның келуіне түрткі болған бейнежазба болатын. Біз осы концепцияны қолданып, ойымызды жүзеге асырдық.

Жұмысы аз, пайдасы көп

Қарапайым желден энергия алатын айналмалы электр станциясының аэродинамикасын зерттей келе, жоғарғыда айтылған концепцияны негізге ала отырып арнайы тақтайша секілді жасалған лопостарды өзгертуді жөн көрдік. Біздің пайымдауымызша лопостарды айналмалы цилиндірге ауыстыру арқылы біз 2 есе көп энергия ала аламыз. Үш цилиндр ортақ бір, жекелей бір айналым жасайды. Бұл арқылы энергия алу жылдамдығы артады. Демек, жұмыс аз болады да, алынатын қуат мөлшері әлдеқайда көп болады. Қазақстанның көптеген аймақтарында желден қуат алатын электр станциялары орнатылған. Егер олардың лопостарын ауыстыруға мүмкіндік болса, болашақта энергия тапшылығы болмайды деп ойлаймыз.

Қиынға соқты

Жұмыс барысында цилиндірдің идеал параметрін табу қиынға соқты. Себебі электр станциясының үш лопосын ауыстыратын цилиндірдің көлемі тым үлкен немесе тым кішкентай болатын болса, онда ол қуатты өз деңгейінде өндіре алмайды. Ең ыңғайлы көлемді табуға көп уақытымыз кетті. 

3.JPG

Тәжірибе жинаған сапар

Күзгі демалыста Бразилядағы жобалық-олимпиадаға қатысу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Шетелдік балалар өте мықты. Олардың жобаларын көріп көп нәрсе үйреніп келдік. Біздің елден ең үздік деген 40 бала қатыстық. Физик үшін әр байқау үлкен сынақ алаңы екенін ұғындым. Өз жобамды дамыту үшін көптеген идеяларды шетелден алдым десем артық айтқандық емес. Әрбір нәрсе сенің біліміңді толықтып, идея беріп, ой қосып, шыңдай түседі екен. Бірінші орын аламыз деген ой шыны керек болған жоқ. Әртүрлі қызықты жобаларды көріп қатты қызықтық. Бірақ теориялық және практикалық тұрғыдан жобамыз үздік атанды.

Шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр

Жобаға жалпы есепте 9 айға жуық уақыт кетті. Дегенмен, еңбегіміз ақталды. Порт-Алерия мен Нова Гамбургте өткен байқауда үздік деп танылдық. Оған қоса, біздің идеямыз шетелдік кәсіпкерлерді қатты қызықтырып, бірге жұмыс жасауға ұсыныстар түсті. Алдағы уақытта жобамызды толықтырып, инвесторлармен жұмысқа кірісеміз деген ойдамыз.

1.JPG

Энергия – басты қажеттілік

Қазақстан Республикасының заңнамасының өзінде энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру жайлы айтылған. Осыдан-ақ, қазіргі таңда энергияның адам өмірінде алатын орны қаншалықты маңызды екенін байқай аламыз. Осыны ескерсек, біздің жобамыз, халыққа өте пайдалы деп ойлаймыз. Тұрақты даму концепциясын негізге ала отырып айтсақ та қателеспейтін шығармыз. Бізден кейін келетін ұрпаққа да энергия қажет болары сөзсіз. Біз олардың болашағын қамтамасыз ету үшін қазірден бастап сарқылатын немесе аз мөлшердегі ресурстарды жетілдіруге, оны дамытуға атсалысқанымыз жөн деп ойлаймыз.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар