Любовь Дудченко – робототехник, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, Халықаралық робототехника байқауларының жеңімпазы. Көзі көрмейтін жандарға арналған «Okyp kor» жобасының авторы.
Жұмыс істеу процесі
Құрылғы көру қабілеті төмен және көз жанарынан айырылған адамдарға арналған. Қолданушыға мәтінді ұялы телефон камерасына жақындату қажет. Сол сәтте қағазға басылған мәтіннің аудио нұсқасы іске қосылады немесе Брайль қаріпінде жазылады. Көздері мүлдем көрмейтін жандарға қосымша камералы, телефондағы бағдарламасыз да жүзеге асатын нұсқасы қарастырылған. Жобамызды қай жағынан алып қарасақ та адамдар үшін өте пайдалы екені рас.
Толыққанды дайын
Жұмысты жүзеге асыру барысында көзі көрмейтін адамдармен тығыз байланыста болып, ол кісілердің мұң-мұқтажын тыңдадық. Күнделікті өмірде кездесетін қиыншылықтары мен кедергілерді зерттей отырып, әр нұсқаны сынамадан өткізіп отырдық. Бұл біздің жобамыздың жақсара түсуіне өз әсерін тигізді.
Жақында ғана жобамызды Брейль қаріпінің маманы тестілеуден өткізген болатын. Ол кісінің пікірінше құрылғымыз толыққанды қолданысқа енгізуге жарайтын болып шықты.
Көзі көрмейтін адамдардың алдында тұратын кедергілер
The Lancet Global Health танымал медициналық басылымның мәліметі бойынша 2050 жылға таман көзі көрмейтін адамдардың саны 115 миллионға жетеді екен. Көру қабілеті жоқ адамдардың ақпарат алуға мүмкіндігі өте аз. Одай адамдар ақпараттың 80 пайызын сезім мүшелері арқылы ғана алады. Соқырлық адамды көп нәрседен шектейді. Әсіресе білім алу жағына келгенде қажетті құралдардың болмауы көптеген қиындықтар тудырады. Барлық жағдай жасауға тырысып жатсақ та, көзі көрмейтін адамдар әлі де өздерін көп нәрседен шектеп отыр. Мәселен:
1.Әдеби кітаптардың көп болмауы.
2.Білім алуға арналған құрылғылардың жоқтығы.
3.Елімізде көре алмайтын адамдарға арналған баспалардың жоқтығы.
Ерекшелігіміз
Біздің жасаған құрылғымыздың басты құндылығы көзі көрметін жандардың кез келген мәтінді сол сәтте ала алуына мүмкіндік беруінде. Болашақта бұл өнімді елімізге, әсіресе, еліміздегі мектептерге қолданысқа беретін ойымыз бар.
Зерттеу нәтижесі
Зерттеу жүргізе келе нарықта Брейль қаріпін оқи алатын өзге де дисплей мен машиналардың барына көз жеткіздік. Төмендегідей қорытындыға келдік:
1.Көзі көрмейтін жандар қолданатын құрылғылардың дыбысты жеткізудегі жеделдігі соншалық, қолданушы қажет жерінде тоқтап, демалып алуға, есте сақтауға мүмкіндігі болмайды. Оған қоса, мәтінді дыбыстау барысында кедергі келтіретін шулардың болуы басты кемшілік. Әсіресе, көзі көрмейтін, құлағы да естімейтін адамдарға бұл жүйелер тіпті ыңғайсыз болары сөзсіз. Ал біздің құрылғы тек мәтінді тыңдауға ғана емес, түсінуге де көмектеседі.
2.Okyp kor 70-ке жуық тілдегі мәтіндерді қабылдай алады. Осы уақытқа дейін тіл жағынан келгенде басқа құрылғылар 50 тілден асып көрген емес. Ал, қымбат тұратын Zoom Text ImageReader сынды бағдарламалар қазақ тіліндегі мәтіндерді дыбыстамайды.
3.Біздің жоба мәтін мен құрылғыдан басқа қосымша элементтер талап етпейді. Брайль дисплейы тек компьютерге қосылғанда ғана жұмыс істейді. Ал, кейбір бағдарламалар тіпті экран талап етеді.
4.Okyp kor қазақ тіліне қатты мән береді.
Жобаны жақсарту
Жобамыз инвесторлардың назарына іліге қоймады. Алайда, Nurintech, Small, Grants Program сынды байқаулардан жеңіп алған қаржымызды жобамыздың жақсаруына жұмсадық.
Робототехник қандай болуы керек?
Еңбекқор, жұмыс істеуге қабілетті және ең бастысы өз ісіңе деген махаббаты жоғары болуы керек.
Дана РУСЛАНҚЫЗЫ
Mezgil.kz