Қырым көпірінің автокөлік өтетін бөлігін жойғаннан кейін, Украина Қырымға оккупациялық аймақтар арқылы баратын көпірлерді де соққылап жатыр.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ресей оккупациядағы Қырым мен майдан даласына Р-280 «Новороссия» автожолы арқылы жүк тасуда. Украина дрондары көктемнен бері осы бағытқа тұрақты түрде соққы жасаумен келеді. Бұған дейін мұндай шабуылдар Қырымда жанармай тапшылығын туындатқан болатын.
Әскери сарапшы Франц-Штефан Гадидің пікірінше, Украина дәл осы бағытқа соққы жасауды арттыратын болады. Украина тек автожолға соққы берумен шектелмей, логистикалық бағыттың бойындағы көпірлерді де нысанаға ала бастаған. Қараша айының 8, 14 және 15-інде Ростов облысындағы Миус өзені арқылы өтетін, Р-280 бағытының бір бөлігі саналатын көпірлерге шабуыл жасалғаны хабарланды. Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь 8-қарашада көпірдің бір бөлігі зақымданғанын, ал 17-қарашадағы мәлімдемесінде дрон соққысынан жол мен металл қоршаулар бүлінгенін жазды. Оның айтуынша, көпірдегі қозғалыс 8-қарашадан бері тоқтатылған.
Польшадағы Rochan Consulting аналитикалық орталығының директоры Конрад Музыка бұл оқиғаның әскери маңызы Қырым көпіріне жасалған шабуылдан да жоғары болуы мүмкін деп есептейді. Себебі Миус арқылы өтетін өткел Ресейдің Қырымға бағытталған құрлықтағы жүк тасымалы жүйесінің маңызды бөлігінің бірі саналады. Украин дрондары Қырым мен Херсонды жалғап жатқан жеті көпірге де соққы жасаған болатын. Жеті көпірдің екеуі толықтай істен шықты.
Германияның OSINT-сарапшысы Энди Шнайдер де бұл көпірдің құрлықтағы дәліз үшін маңызын атап өткен. Оның дерегінше, өткелдің істен шығуы ресейлік тасымалдаушыларды айналма жолға көшуге мәжбүр етіп, маршрутты шамамен 58 шақырымға ұзартады. Жүк колонналары Матвеев Қорған арқылы өтетін солтүстік бағытқа бұрылуы мүмкін. Ал бұл жол украин дрондарының соққы жасау аймағына жақын орналасқан.
Украин дрондары соңғы уақытта теміржол желілеріне де соққы жасауды арттырды. Әзірге Қырым көпірі арқылы өтетін теміржол желісі өз қызметін жалғастыруда. Алайда Украина көпірге қайта шабуыл жасап, теміржол бөлігін де істен шығаруы ықтимал. Ондай сәтте, Ресей теміржол байланысын да оккупациялық аймақтар арқылы жүзеге асыруға тырысады.
Mezgil.kz