Жыл қорытындысы: Сыртқы саясаттағы белсенділік экономикаға серпіліс әкеле ме?

2025 жыл Қазақстан үшін сыртқы саяси белсенділік пен ширығу кезеңі болды. Биыл Ақорда біршама сақ әрі батыл қадамдар жасап, әлемдік күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, көптеген ірі дипломатиялық қадамдар арқылы өз маневр жасау алаңын кеңейтуге тырысты.

1766398324680741.jpg

Астана саяси дербестігін, халықаралық субъектілігін көрсетуге тырысып, аймақтағы көшбасшылығын нығайтуға және геосаяси дағдарыста ұлттық мүдделерін қорғауға күш салды.

Билік үшін 2025 жыл — ішкі және сыртқы тәуекелдерді теңгере басқару жылы болса, қоғам үшін әлеуметтік-экономикалық ахуал мен сыртқы саясат күнделікті талқылау тақырыбы болды. Бұл тұста еліміздегі сыртқы саясат ішкі саясат тақырыптарымен де байланысты, аралас болды. Негізгі сұрақ ашық күйінде қалды: осы сыртқы дипломатиялық белсенділік нақты экономикалық пайдаларға айнала ма, одан халықтың жағдайы жақсарды ма?

1766397123697889.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

C5+ ФОРМАТЫ: СЫРТҚЫ САЯСАТ ҺӘМ ІШКІ ҚАУІПСІЗДІК

Астана C5+ форматында, әрі аймақтық сипатта Орталық Азия елдерімен «бауырластық» формуласынан прагматикалық регионализмге бет бұрған сияқты. 2025 жылы Орталық Азия және Әзербайжанмен қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілді: бос сөзден нақты іске көшу байқалады. Осы ретте Қазақстан көшбасшылыққа негізделген аймақтық өзара іс-қимыл моделін ілгерілетті. Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан да белсенді болды: Астана олармен су ресурстары, транзит пен логистика, энергетикалық қауіпсіздік, аймақ тұрақтылығы бағыттарында үйлестіруді күшейтті. Ақорда үшін Орталық Азия — сыртқы саясаттан көрі, ішкі қауіпсіздіктің жалғасы іспетті. Аймақ неғұрлым тұрақты болса, сыртқы қысым мен қатерлер соғұрлым азаяды.

1766397200466920.jpg

(Сурет: dknews.kz)

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ: АСТАНА – АЙМАҚ ОРТАЛЫҒЫ!

Қытаймен де қатынастар жаңа күрделі белеске шықты. Астанада өткен Қытай-Орталық Азия саммитінде Қазақстан — аймақтың орталығы рөлін бекемдей түсті. Бұл Пекиннің Қазақстанды жай транзиттік аумақ емес, аймақтың координаторы ретінде қабылдайтынын көрсеткен сыңайлы. Бұл ұстаным инфрақұрылым, транзит, инвестициялар бойынша келіссөздердегі Астананың позициясын көрсетіп, елдің Еуразиядағы негізгі көліктік торап ретіндегі мәртебесін нығайтты.

Достық-Мойынты жолының аяқталуы осыған тұздық болды. Қазақстанның ШЫҰ аясындағы белсенділігі де елдің блоктарға емес, келіссөздерге сүйенетін мемлекет екенін айқындайды. Президент Тоқаевтың ҚХР-дағы парадқа қатысып, «шығысқа тән құрметке бөленуі» де халықаралық деңгейде назар аудартты. Қытайдағы кездесулерде Тоқаев — нағыз шығыстанушы, азиялық лидер болып көрінді.

1766397272543724.jpg

(Сурет: ea-monitor.kz)

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ: ГЕОСАЯСИ БОРАНДА АМАН ҚАЛУ СТРАТЕГИЯСЫ

2025 жылы Ресеймен стратегиялық әріптестік «кең ауқымды декларация» арқылы жаңа деңгейге шығарылды. Мәскеумен қарым-қатынас ресми нығайтылғанымен, бұл саясат әлдеқайда есепке құрылған сипат алды. Қазақстан ірі көршімен стратегиялық байланыстарды бұзбай, тәуекелдерді азайтуға және өзара іс-қимыл ережелерін нақтылауға ұмтылды. Бұл енді инерциямен жүретін одақ емес, салқын есепке негізделген серіктестік.

Қазақстан көршімен «стратегиялық әріптестіктен» стратегиялық тәуекелдерді басқару деңгейіне өтті десе болады. Әсіресе АҚШ сапарынан соң көршімен ақылдасу қажет те болды. Ресей тарапы Тоқаевтың Мәскеу сапарына қатты дайындалды. Осы ретте, қысым болса да, көпвекторлы саясат ұраннан нақты өмір сүру технологиясына, «геосаяси боранда аман қалу стратегиясына» айналуы аса маңызды.

РЕСЕЙ-УКРАИНА СОҒЫСЫНЫҢ ӘСЕРІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АЙНАЛЫП ӨТПЕДІ

2025 жылғы ең сезімтал сыртқы саяси эпизодтардың бірі — Новороссийскідегі мұнай терминалына дрондармен жасалған шабуыл болды. Бұл Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағытына тікелей соққы еді. Оқиғаның салдары айқын, әлсіз тұсымызды көрсетті: Қазақстан өзгелердің қақтығысының жанама объектісіне айнала жаздады; энергетикалық стратегия мен логистиканың осалдығы анық көрінді; экономикалық қауіпсіздік факторы мен «бір құбырға тәуелділік» рисктері ұлттың қауіпсіздігін де айналып өте алмасы анық. Ақорда үшін бұл геосаясаттың қияли абстракция, «әдемі картинка» еместігін көрсетті: бұл шиеленіс біздің бюджетке, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Осыдан кейін экспорт бағыттарын әртараптандыру мен балама транзиттік жолдар стратегиялық басымдыққа айналуы тиіс.

1766397353165905.jpeg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ҚАЗАҚСТАН-АҚШ-ЕУРОПА: РЕФОРМАЛАРҒА СЕРПІН БЕРЕТІН ҚАДАМДАР

Биыл Батыс елдері аймағымызға қайтадан назар салды деуге болатын шығар. 2025 жылы АҚШ-пен диалог байыппен, нақты есеппен жүргізілді. Вашингтон Орталық Азияға «идеологияны тықпаламай», транзакциялық, пайдакүнемдік, прагматикалық тұрғыдан қайта қарай бастады. Бұл қатынастар технология, инвестиция, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді, әрі Ресей мен Қытай ықпалына қатысты теңгерім қалыптастырады. Цифрландыру мен білім беру, университеттердің филиалдары ашу саласында Қазақстан әрі білім хабын, әрі инфрақұрылымды дамытатын болды.

Осы тұста Еуропалық одақ Қазақстан үшін басты инвестор, серіктес әрі нарық болып қалады. Еуропамен визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздер осы практикалық жақындасудың белгісі. Еуропа одағының «жұмсақ күші» құқықтық және институционалдық реформаларға серпін беруі тиіс.  Еуропаны геосаясатта ешкім сызып тастай алмайды.

1766397443158417.jpg

(Сурет: caravan.kz)

ҚАЗАҚСТАН-ИЗРАИЛЬ: ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖЕТІСТІК...

Израильмен Ибраһим-Авраам келісімдеріне қазақтардың қосылуы әлемде ең қатты талқыланған геосаяси манёвр болды. Меніңше, жылдың ең бағаланбаған, стратегиялық маңызы зор қадамы — Қазақстанның Авраам келісімдерінің логикасына абайлап енуі болды. Астана Израиль, араб елдері және Батыс арасындағы жаңа архитектурада диалог орната бастады. Қазақстан діндер құрылтайы арқылы өзін орта жолды ұстанатын бейбіт мұсылман медиаторы ретінде көрсетуде. Бұл саясат инвестициялар мен технологияларға жол ашады, халықаралық сенімді арттырады деп сенеміз, әрине жауапкершілікті де жүйтейді. Меніңше, Ақорда үшін бұл — жоғары деңгейдегі кәсіби дипломатиялық жетістік.

1766397516936845.jpg

(Сурет: akorda.kz)

ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ: ОРТА ДӘЛІЗДЕН НЕ ҰТАМЫЗ?

Түркия, түркі векторы және оңтүстік бағытта да маңызды қадамдар жасалды. 2025 жыл түркі ынтымақтастығының мәдени символизмнен прагматизмге өткенін көрсетті. Осы бағытта «Орта дәліз» нақты жобаға айналуы мүмкін. Түркия және Әзербайжанмен байланыс әскери-техникалық, логистика, ақпарат, бизнес салаларында нақты мазмұнға ие болды. Иранмен байланыс әрі Каспий, әрі Түркіменстан арқылы транзит пен логистика аясында жаңаша даму потенциалын ашуы мүмкін. Жапониямен сирек ресурстарды жеткізу бойынша жұмыс істелетін болды. Бұл қадамдар Астана үшін жаңарған Азиядағы мүмкіндіктерді кеңейтеді. Бірақ Астана ешбір азиялық геосаяси блокқа кірмеуі қажет.

ҚАЗАҚСТАН-АУҒАНСТАН: ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ДЕЛДАЛДЫҚ

2025 жылы Қазақстан Ауғанстан бойынша сыртқы саясатын тек қауіпсіздік призмасынан шығарып, гуманитарлық және дипломатиялық делдалдық форматына көтерді. Алматыда Ауғанстан бойынша диалог және гуманитарлық үйлестіру орталығының құрылуы – осының нақты дәлелі. Маңыздысы, Қазақстан бұл бастамамен Ауғанстанды мойындау немесе мойындамау дауына араласпай, функционалды дипломатияны таңдады.

Сонымен, Тоқаевтың 2025 жылғы басты дипломатиялық жетістіктері қандай?

Меніңше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстанды геосаясаттағы нысан емес, субъект ретінде бекітті, бір адамдай белсенділік көрсетті әрі көрінді, жаһандық күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысты; елді жаңа глобалды және Таяу Шығыс архитектурасына абайлап енгізді; Батыспен, Қытаймен, Ресеймен тең жақындасу арқылы көпвекторлы саясатты нақты тәуекелдерді басқару құралына айналдырды; Қазақстанның халықаралық болжамдылығын арттырды деп айтуға болатын шығар. Ал бұл қазіргі халықаралық хаос дәуіріндегі басты жетістік болуы мүмкін.

2025 жылғы сыртқы саясат кәсіби әрі есепке құрылған болды. Алайда қоғам үшін шешуші сұрақ сол баяғыша қалды: бұл халықаралық жетістіктер халықтың әл-ауқаты үшін әділетті институттарға және ішкі сенімге айнала ала ма? Мұның жауабы 2025 жыл дипломатиялық табыс жылы болып болмағанын, 2025 жылдың тарихтағы орнын анықтайтын болады. Бұл дипломатиялық белсенділік Қазақстанға стратегиялық маневр кеңістігін кеңейтуге көмектессе елдің болашағы мен дипломатиясы үшін осы жыл сәтті болған деген сөз.

Баяғы тәуекелдер мен сын-қатерлер арасында Ресей, Қытай және АҚШ мен ЕО арасындағы тепе-теңдік барған сайын күрделеніп барады; ірі халықаралық жобаларды іске асыру ашықтық пен бақылауды талап етеді; іште әлеуметтік теңсіздік тәуекелі сақталуда; сыртқы жетістіктер ішкі реформалармен қатар жүрмесе, нақты өмірде онша сезілмесе халықтың сенімі жоғарылауы неғайбыл.

Жалпы, алғанда қазақ дипломатиясы осы жылы ірі, күтпеген әрі нақты қадамдар жасады. Серпіліс бар, жанданыс бар. Енді дипломатияны да, ішкі саясатты да таза прагматикалық тақырыптарға, экономикалық бағытқа бұру аса маңызды болмақ.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар