Ресей ішкі бірлігін жоғалтып барады: федерация халықтары арасында ұлтшылдық және Мәскеуге қарсы көңіл-күй күшейіп келеді. Кремль жүйкесіне тиіп, тілдерді, мәдениеттерді және кез келген автономия түрін жоюмен айналысуда. «Neue Zürcher Zeitung» газеті жуырда осылай деп жазды.

(Коллаж: Mezgil.kz)
РЕСЕЙ КСРО СЕКІЛДІ ЫДЫРАУЫ МҮМКІН
«Neue Zürcher Zeitung» газетінің жазуынша, Путин командасы емен жайлаған Кремль Украинада жеңілуден бұрын Ресейдің «деколонизациясынан» қатты қорқады. Өйткені бұл процесс кезінде Ресей Федерациясы КСРО секілді ұлттық республикаларға ыдырауы мүмкін.
Тұтас аймақтар мен ұлттық республикалар Ресейден бөлініп шығуы әбден мүмкін. Ресейдегі «көпұлтты бірлік» туралы декларацияларға қарамастан, Кавказдан Сібірге дейін саяси дағдарыс тереңдеп келеді. Ұлттық топтар өз құқықтары мен дауыстарынан айырылған және оған наразы көңіл күйде өмір сүруде.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі Ресей толыққанды біттұтас мемлекет емес. Оны этникалық республикалардың Мәскеуге бағыныштылығы мен ФСБ-ның күші ғана ұстап тұр.
«Путин Ресейді ашық түрде «көпұлтты мемлекет» деп атайды, бірақ шын мәнінде Мәскеу ұлттық бірегейліктің кез келген көрінісін жоюда. Ана тілдерінде білім беру аптасына бір сағатқа дейін қысқартылған, жастар ата-бабаларының мәдениетімен байланысын жоғалтып барады, ал жаңа «Ресей халықтарының мерекелері» тек ассимиляцияны бүркемелейді», - деп жазады басылым.
РЕСЕЙДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ОЯНА БАСТАДЫ
Ресейдің әскери-саяси басшылығы Украинаға соғыс ашып, басып кіргеннен кейін Ресейде ұлттық қозғалыстар ояна бастады. Шындығы сол – майданда ең көп шығынға ұшырағандар орыс емес аймақтардың тұрғындары болды. Мәскеу төрт жылға жуық зеңбірек жемі ретінде пайдаланып келген буряттар, дағыстандықтар, татарлар және якуттар.
Қазір Ресейде билік империялық амбициялар үшін күресіп жатқанын түсінетін адамдар көбейіп келеді. Зерттеушілердің айтуынша, режим кез келген жергілікті қақтығыстан «ұшқын» тұтануы мүмкін деп қорқады, сондықтан кез келген ұлттық қозғалысты аяусыз басып-жаншуда.
Жыл өткен сайын Ресей Федерацияға азырақ ұқсап, тәуелсіздік туралы кез келген әңгімені қылмыс ретінде қарастыратын қатаң орталықтандырылған диктатураға көбірек ұқсай түсуде. Ғалымдар мен құқық қорғаушылар үкіметтің шағын этникалық топтар үшін әдейі «тілдік суицид» саясатын жүргізіп, оларды «көпұлтты Ресейді» көрсетудің сәндік нышандарына айналдырып жатқанын атап өтеді.
Ресей билігі орыс тілінен өзге этникалық тілдерді күнделікті өмірде қолдануға тыйым салмақшы. Жаңа мерекелер этникалық азшылықтарды тек көрсетуге арналған «экзотикалық элементке» айналдыру үрдісін күшейтіп отыр.
ШЕШЕНДЕРДІҢ КҮРЕСІ
1990 жылдардың басында Шешенстан Ресейден бөлінуге екі рет әрекет жасады. Мәскеу жүздеген мың адамның өмірін қиып, Грозныйды толығымен қиратқан екі қанды соғыспен жауап берді. Бүгінде аймақ ресми түрде Кремльдің бақылауында, бірақ іс жүзінде өз заңдарымен өмір сүріп келеді.
Бурятия, Дағыстан, Тува және Чувашия — Ресейдің имперлік соғысына сарбаздар даярлаушы цехқа айналып отыр. Ал бұған жергілікті халық өте-мөте наразы. Этникалық субьектілердің халқы: «Неге біздің халқымыз өліп жатыр, ал Мәскеуде шешімдер қабылданып жатыр?» деп дауыстап айта бастаған...
Mezgil.kz