Қытай Халық республикасының бұрынғы Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға келген бір сапарында айтқан сөзі ел есінен әлі көтеріле қойған жоқ. Астанадағы ресми кездесудің бірінде ол: "Қазақстан... Қандай кең. Бізде халық көп, жер жетіспейді... Сіздерде халық аз, жер көп.... Құдай қандай әділетсіз?.." деген сыңайда сөз қозғап еді. Оның бұл сөзі сол жылдары баспасөзде әрі қоғамдық талқылауларда қызу пікірталас тудырған.
Біз Ху Циньтао бұл сөзді нақты қандай мақсатпен айтқанын білмейміз. Оның сол сөзінен бері Қазақстанда жер мәселесі күрделі проблемалардың біріне айналып келеді.
2009 жылы Қытай экс-төрағасы Ху Қазақстанға тағы да келген. Содан көп өтпей Президент Назарбаев шетелдік инвесторлар кеңесінің мәжілісінде ірі жобалар жұмыс істеп жатқан аймақтар маңында агроөнеркәсіптер кешенін құруға шақырған. Бұл Назарбаевтың ауылшаруашылығына инвестиция құйыңдар деген ұсынысы ретінде қабылданған еді. «Мысалы, Қытай Халық Республикасы соя мен рапс өсіру үшін оларға 1 миллион гектар жерді жалға беруімізді сұрады», – деген болатын Назарбаев. Президенттің бұл сөзі де қоғамның алаңдаушылығын тудырған.
Содан бері Қытайға жрді жалға беру туралы алыпқашпа әңгіме бір тиылған емес. 2015 жылы Жер кодексі туралы жаңа заң елдің ашу-ызасын тудырды. Жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру-сату жөніндегі заң нормаларына қарсы топ митингіге шығып, еліміздің бірнеше қаласында қарсылық шерулері өтті. Осы митингілер кезінде жүздеген адам тұтқындалып, бірнеше адам сотталды. Макс Боқаев пен Талғат Аят заңсыз шеру өткізді деген айыппен ұсталды. Халықтың қарсылығынан соң Президент жер кодексі туралы заңға мараторий жариялағанымен, ел арасында әлі де болса билікке сенбестік басым.
Қазақстан Үкіметі қытайлықтарға жер жалға берілген жоқ деп сендіргенімен, кейбір аймақтарда қытайлық үлесі бар компаниялар егістік алқаптарын жалға алып отырғаны анықталды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс жыл сайын тереңдеп келеді. Мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энергетика саласында қытайлық компаниялар үлесі мол. Елімізге Қытайдың 51 кәсіпорны (ірі зауыт-фабрикалар) көшірілетіні айтылған. Оның алды өз жұмысын бастап үлгерген. Нақты қандай зауыттар екені нақты айтылған жоқ.
Соңғы бірнеше жылдан бері Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарды қысымға алып, олардың Қазақстанға келуіне тиым салған. Паспорттары жиналып алынған. Қазақстанмен байланысы бар адамдар тергеуге алынып, "саяси үйрну" лагерлеріне жабылған. Бейресми деректер бойынша он мыңдаған этникалық қазақ қуғынға ұшыраған болуы мүмкін.Олардың қатарында Қазақстанға көшіп келіп, осы жақтың азаматтығын алған бірнеше Қазақстан азаматы да бар.
www.mezgil.kz