«Жаман үйді – қонағы билейді» немесе қазақты Украинадағы соғысқа тартудың астарлы саясаты...

(Суреттер: ORDA скрині, e-cis.info)
Путиннің Байқоңыр тұрғындарына қатысты жаңа жарлығы Қазақстандағы «жарылмаған сыздауықты» жарып өтті. Ресей президенті қазақ елінің азаматтарын ашық соғысқа шақырып отыр. Бұл туралы ORDA телеграм арнасы жазды.
Байқоңыр – Қазақстанның жері. Ғарыш айлағы жалға берілгенімен, жер де, халық та біздікі. Сондықтан Қазақстан мұндай қауіпке қарсы нақты жауап беруі қажет!

(Сурет: Скриншот)
Даудың түбі – Украина мен Ресей арасындағы соғыс. Бұл қақтығыс Орталық Азияға жалтақтауды емес, дұрыс бағдар таңдауды міндеттеді. Біз көп жылдар бойы «көпвекторлы саясатты» ту қылып ұстап келдік. Соған сай, Ресейдің басқыншылық соғысына қатысты да нейтралды позиция ұстандық. Ресей аннекциялаған һәм оккупациялаған аумақтарды мойындаған жоқпыз. Десе де, үш жарым жыл бойы жалғасып келе жатқан Украинадағы қанқасап соғыста Қазақстан халықының басым бөлігі – Украина жағын қолдады.
Ресейге жалға берілген Байқоңырда тұратын қазақстандықтар Кремль саясатының құрбанына айналуы мүмкін. Путин қол қойған жаңа жарлыққа сәйкес, Украинаға қарсы соғысқа қатысқан байқоңырлықтар тұрғын үйді кезексіз алмақ.
Яғни Байқоңырдағы Ресей азаматтығы бар адамдар әскери қызметтен соң әлеуметтік төлемдер мен тұрғын үйге басымдыққа ие болады.
Бұл – жай ғана баспана үшін басын оққа байлауға дайын адамдардың қазақ арасынан да шығатынын білдіреді. Ең қауіптісі – мұның астарында Байқоңыр арқылы бүкіл Қазақстанды соғысқа тартудың астарлы саясаты жатыр. Сондықтан Қазақстан билігі мұндай арбауға жол бермеуі тиіс!
Тақырыпқа тұздық: Байқоңырды Ресейден қайтаратын кез келді! Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейдің жалға алып отырғанына 30 жылдан асты. Байқоңыр қаласы Қазақстан аумағына тиесілі екеніне қарамастан, ол жерге федералды маңызы бар қала деген мәртебе берілген және заңи тұрғыда құжат бойынша Мәскеу облысына қарайды. Байқоңырдың басшысын да Ресейдің президенті тағайындайды. Әрине, оны біздің президентпен келіседі, дегенмен, ол тек ресмилікті сақтауды ғана білдіреді. Әңгіменің төркіні, біздің жерімізде орналасқан қала басқа мемлекеттің анклавы сияқты рөлді атқарып отыр.
1994 жылы Қазақстан Ресейге 20 жылға Байқоңыр ғарыш айлағын жалға берді. Ресей жылына 115 млн АҚШ доллорын төлеп тұруға келісті. Кейін жалға беру уақыты тоқтаусыз ұзартыла берді. 2004 жылы 2020 жылға дейін созды, кейіннен тағы 30 жылға, яғни 2050 жылға дейін ұзартылды. Осыншама уақыттың ішінде жалға беру құны бірде-бір рет өзгерген емес. 115 млн АҚШ доллоры дегеніміз – Роскосмос бюджетінің бар болғаны 5 пайызы ғана.
Mezgil.kz