Ирактың орталық билігі мен автономиялық Күрдістан аймағы арасындағы текетірес күшейді. Бағдад мұнай кен орындары мен шекара өткелдерін федералдық бақылауға алуға кіріссе, Эрбіл мұны автономияның конституциялық құқықтарына қол сұғу деп бағалап, қарсылық білдіруде. Мұнай мен бюджет төңірегінде дау енді қауіпсіздік, әскери бақылау және аумақтық бақылау мәселесіне ұласты. Бұл Ирактың біртұтастығына қауіп төндіріп, мемлекетті жаңа соғыс құшағына итермелеуі ықтимал.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ирактың премьер-министрі Әли әл-Зейди мемлекеттік North Oil Company компаниясына қатысты мұнай контрабандасы жөніндегі тергеуден кейін бірқатар шешім шығарды. Бағдад Күрдістан аймағындағы мұнай экспортын федералдық Мұнай министрлігінің рұқсатынсыз жүзеге асыруға тыйым салуды, шекара өткелдерін орталық билік бақылауына беруді, бейресми өткелдерді жабуды және даулы аумақтардағы мұнай нысандарының күзетін федералдық құрылымдарға өткізуді тапсырды. Дияла, Салах-ад-Дин, Киркук және Ниневия бағыттарындағы жолдар мен автономияға жақын аумақтарда қауіпсіздік бақылауын күшейту жөнінде пәрмен берілген. Бұл шешімі бірден дауға ұласты.
Бағдад мұны контрабандаға қарсы күрес және мемлекеттік ресурстарды қорғау деп түсіндіреді. Эрбіл болса, бұл шешімдерді бұрынғы келісімдерге қайшы әрі конституциялық өкілеттіктерді шектеу деп қабылдады. Күрдістан аймақтық үкіметінің премьер-министрі Масрур Барзани кен орындары мен шекара өткелдерін біржақты беруге келіспейтінін мәлімдеді.
Күрдістанның екі негізгі саяси күші — Күрдістан демократиялық партиясы мен Күрдістан патриоттық одағы да Бағдадтың әрекеттеріне қарсы ортақ мәлімдеме жасады. Олар автономияның конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермейтінін айтып, мұндай әрекеттерді «басып өтуге болмайтын қызыл сызық» деп атады.
МҰНАЙ ДАУЫ МЕН АЙМАҚТАР ҮШІН ТАЛАС
Бағдад пен Эрбіл арасындағы мұнай дауы жылдар бойы шешілмей келеді. Ирак Конституциясы 2005 жылы қабылданғаннан бері федералдық билік пен Күрдістан аймағы мұнай ресурстарын басқару, экспорттан түсетін кірістерді бөлу, бюджет және даулы аумақтардың мәртебесі жөнінде ортақ келісімге келе алмай отыр.
Күрдістан аймағы Ирак құрамындағы федералдық субъект болғанымен, өз үкіметі, парламенті, қауіпсіздік күштері және шекара өткелдері бар. Эрбіл мұнай секторын басқарудағы дербестігін сақтауға тырысса, Бағдад стратегиялық ресурстар мен экспортты толық федералдық бақылауға алуды көздейді.
2025 жылы мұнай экспортын қайта жандандыру жөнінде уақытша келісім жасалғанымен, мұнайды өндіру, келісімшарттар, кірістерді бөлу және бюджет мәселелері шешілген жоқ. Қазіргі шешімдер осы даудың қайта өршігенін көрсетеді.
Даулы аймақтардың бірі — Киркук. Мұнайға бай бұл аумақта күрдтер, арабтар және түрікмендер тұрады. Күрд саяси күштері Киркукті тарихи тұрғыдан Күрдістанның бөлігі деп санайды, ал Бағдад оны федералдық бақылауда ұстауда.
2017 жылғы тәуелсіздік референдумынан кейін Ирак армиясы Киркук пен бірқатар даулы аумақтарды қайта бақылауына алған еді. Бірақ 140-бап бойынша даулы аумақтардың мәртебесін анықтау процесі әлі толық аяқталмаған. Сондықтан мұнай нысандары мен қауіпсіздік құрылымдарын қайта бөлу туралы кез келген шешім жергілікті саяси және этникалық шиеленісті күшейтуі мүмкін.
ПЕШМЕРГА: 150 МЫҢ САРБАЗ БЕН СОҒЫС ҚАУПІ
Күрдістанның Бағдадқа қарсы тұрудағы негізгі күштерінің бірі — Пешмерга. «Пешмерга» Күрдістанның әскери құрылымы саналады. Олардың жалпы саны шамамен 150-155 мың адам. Алайда бұл күштердің бәрі бір орталыққа толық бағынбайды. Пешмерганың бір бөлігі Күрдістанның Қорғаныс министрлігіне қараса, тағы бір бөлігі Күрдістан демократиялық партиясы мен Күрдістан патриоттық одағына бағынады.
Пешмерганы біртұтас армияға айналдыру реформасы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. 2026 жылғы қыркүйекте Күрдістан билігі күштердің қайта ұйымдастырылып, 11 дивизия, екі қолдау командованиесі және аймақтық командалар құрылымы қалыптастырылғанын жариялады. Бірақ ұйымдық реформаның жариялануы партиялық ықпалдың толық жойылғанын білдірмейді. Дегенмен, Бағдад өз талабын күштік құрылымдар арқылы іске асыруға тырысса, онда Ирак билігі мен Пешмерга арасында қарулы қақтығыс болуы да ғажап емес. Қазіргі таңда Ирак билігі де, Күрдістан билігі де келіссөздер жүргізуде. Алайда қос тарап та даулы аймақтарға жақын маңға әскерін топтастырып жатыр.
Mezgil.kz