Никол Пашинян тізгінін ұстаған Армения үкіметі жуырда «Таулы Қарабаққа» қатысты барлық талаптардан бас тартуды заң жүзінде бекітетін «Жаңа Конституция» жобасын жариялады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ПАШИНЯННЫҢ АЯҚ-ҚОЛЫ ТҰСАУЛЫ: ОППОЗИЦИЯ МЕН БИЛІКТІҢ АЙҚАСЫ ӨРШІДІ...
Ал Еревандағы оппозиция екі бауырын қолдарына алып, аттай тулап жатыр. Пашинян үкіметінің бұл шешімін – «Әзербайжанға иіліп, Бакудың талабын орындау», - дейді.
Билік партиясының бұған да өз уәжі бар: «Бұл шешім – еліміз үшін берік һәм тұрақты бейбітшіліктің кепілі», - дейді.
Ел премьері Никол Пашинянның өзінің сөзінше: «Түпкілікті шешімді халық жасауы керек. Ал ол үшін референдум өткізілуі тиіс». Дейтұра, мұнда да түйткілді мәселе жоқ емес. Ол – Пашинян басшылық ететін билік партиясында референдум жариялау үшін Парламентте көпшілік дауыс керек. Ал мұндай басымдық қазірге билік партиясында жоқ болып тұр.
Сарапшылардың пікірінше: Қазіргі уақыттағы ең ықтимал нұсқа – кезектен тыс сайлау өткізу.
Осы дүйсенбі күні Пашинян Парламентте «Жаңа Конституция» жобасын өзі келіп таныстырып: «Бұл жаңартылған басты құжатты қабылдау – еліміз үшін «бейбітшілік те, тәуелсіздік те, мемлекеттілік те, әл-ауқат та, бостандық та, демократия да» әкеледі», - деп сөйледі.
Премьер-министрдің айтуынша, осыған дейін ондаған жылдар бойы бұрынғы биліктегілер ұлтшылдық насихаттың көлеңкесінде билікті уыстарында ұстап, елді талан-таражға һәм бітпейтін соғысқа сүйреп салып келген. Енді осының барлығын өткен шақтың еншісіне қалдырып, шын мәнінде демократиялық әрі егемен елге айналуы үшін – «Жаңа Конституцияны» қабылдау қажет.
«2018 жылы біздің еркін ойлы халқымыз бас көтеріп, «Бақыт революциясын» жасап, бұрынғы биліктен бас тартты. Енді осы халық билігін заң жүзінде бекітетін уақыт жетті», - дейді Пашиняннның өзі.
«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДА» НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
Бұл «Жаңа Конституция» жобасының бір маңызды тұсы – Арменияның тарихи тұрғыдан Қарабаққа қатысты талаптарынан бас тартуын да заң жүзінде бекітеді. Анығы – Ереван 2020–2023 жылдары Әзербайжан соғыста жеңіске жетіп, өзінің бүкіл аумағына бақылауды қайтарып алып, Қарабақтағы армяндардың барлығы дерлік Арменияға қайта оралған кезде-ақ бұл аймақтан бас тартқан-ды.
Бұған қоса – Арменияның Қарабақтан бас тартуын Конституцияға шегелеп жазуды Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те бірнеше жолы талап еткен. Бұған себеп те жоқ емес. Қазіргі Арменияның қолданыстағы Конституциясында: «Арменияның Таулы Қарабақпен қайта бірігуі туралы айтылған 1990 жылғы тәуелсіздік декларациясына» сілтеме бар.
Ал Арменияның «Жаңа Конституциясының» жобасында бұл мәселе түбегейлі шешіліп, Қарабаққа қатысты алдағы уақыттағы кез келген талаптар біржақты алынып тасталады. Оның орнына армян мемлекеті өзінің «халықаралық деңгейде танылған аумағымен» шектелетіні анық жазылады.
БАКУ БҰЛ ШЕШІМДІ ҚҰПТАЙДЫ
Әзербайжан билігі Пашинян үкіметінің «Жаңа Конституция» жобасын құптайтынын ашық білдірді. Әзербайжан СІМ бастығы Жейхун Байрамов: «Әзербайжан үшін маңызды жайт — «Жаңа Конституция» жобасында Әзербайжан аумағына қатысты даулы талаптар жоқ. Бұл бейбіт бітімді жақындата түсетін оң қадам. Баку осы мәселе бойынша түпкілікті шешім табылғаннан кейін бейбіт келісімге қол қою мүмкін болады деп есептейді», - деді.
РЕФЕРЕНДУМНЫҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛМАҚ?
Пашинян қанша тырысқанымен, қазір Конституция жобасын референдумға шығаруға оның толық өкілеттігі жоқ. Бастама жалпыхалықтық референдумға шығарылуы үшін кемінде 70 депутаттың қолдауы керек. Ал билеуші партияда небәрі 64 орын бар. Жалпы дауысты жеңіске жету үшін оған оппозициядан кемінде 6 депутаттың қолдауы қажет. Ал Парламенттегі қос бірдей оппозициялық партия бұл Конституцияға үзілді-кесілді қарсы болып отыр.
ПАШИНЯН: КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚОЛДАСАҢДАР БИЛІКТЕН КЕТЕМІН!
Армения премьері өз кезегінде парламенттік оппозицияға компромисстік ұсыныс жасады. Ол –биліктен кетуге уәде берді. Пашинянның ұсынысы бойынша: Парламент Конституциялық референдумды қолдап дауыс беретін болса, референдумның кез келген нәтижесіне қарамастан биліктен кететінін айтты.
«Егер халық «Жаңа Конституция» жобасын қолдамайтын болса, мен бірден отставкаға кетемін. Ал егер халық қолдайтын болса, қызметтік мерзімім аяқталғанша орнымда қалып, келесі сайлауға мүлде қатыспаймын», - деді Пашинян.
ЖАҢА САЙЛАУ БОЛА МА?
Армения Парламентіндегі ең ірі оппозициялық фракция — «Күшті Армения». Оның негізін ресейлік миллиардер Самвел Карапетян қалаған. Бұл фракция «Жаңа Конституция» жобасын да, Пашинянның ұсынысын да қабылдаған жоқ.
Ал экс-президент Роберт Кочарян басқаратын «Армения» блогы да осындай ұстанымда.
Армениядағы алдыңғы парламенттік сайлау 2026 жылғы маусымда өткен болатын. Пашинян басқаратын «Азаматтық келісімшарт» партиясы 49,74% дауыс жинады. Ол үкіметті жасақтай алды, бірақ референдум жариялау мүмкіндігінен айырылды.
Оппозициялық партиялардан – парламентке Карапетян негізін қалаған «Күшті Армения» 23% дауыспен және экс-президент Кочарянның «Армения блогы» 9,92% дауыспен өткен.
Mezgil.kz