Батыс дабыл қағуда: Ресей ғарышта ядролық соғысқа даярлануда...

АҚШ лидері Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинді «досым» деп, рәсім жасап, сурет жариялағаны кеше ғана еді. Бүгін Германия БАҚ-тары бір сұмдық ақпаратты жариялады...

1795432620485464.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Бақсақ, Германияның білдей үш ірі ақпарат құралы – «WDR» және «NDR» қоғамдық-құқықтық телерадиокомпаниялары мен «Süddeutsche Zeitung» газеті батыс барлауынан алынған ақпаратқа сүйеніп: «Ресей жыл соңына дейін ғарышқа ядролық қару орналастырмақ», - деп дабыл қағуда...

НАТО-ҒА ЕСКЕРТТІ: РЕСЕЙ ОРБИТАҒА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ОРНАЛАСТЫРМАҚ...

Батыс арнайы қызметтері – Ресей алдағы апталарда орбитаға ядролық оқтұмсықпен жабдықталған жерсерікті шығаруы мүмкін деп есептейді. Германия БАҚ-тарының мәліметінше, Кремль аппарат ұшыруға толық дайын, ал НАТО елдеріне тиісті ескерту жасалған.

Батыс арнайы қызметтері мен әскери ведомстволары, соның ішінде Германияның Федералды барлау қызметінің (BND), хабарлауынша, Ресей ғарышқа ядролық оқтұмсығы бар жерсерік ұшыруды 2026 жылдың соңына дейін іске асыруды жоспарлап отыр.

«Sputnik-S» деп аталған аппарат қазір толығымен құрастырылып, ұзақ уақыттан бері Мәскеу түбінде сақталып тұр және жерсерік орбитаға шыққаннан кейін өте қысқа мерзім ішінде қолдануға дайын болады.

САРАПШЫЛАРДЫҢ ДАБЫЛЫ: БАТЫС ҮШІН ОРАСАН ЗОР ҚАУІП...

Жарияланымдарда атап өтілгендей, ғарышқа ядролық қару орналастыру Батыс үшін, ең алдымен, әскери тұрғыдан орасан зор қауіп төндіреді. Батыс барлау қызметтерінің пікірінше, мұндай жерсерік Жер маңындағы орбитаға шықса, оған қарсы тиімді шара қолдану іс жүзінде мүмкін болмай қалады. Ал қарудың қолданылуына тосқауыл қою тіпті мүмкін болмайды. Ғарыштағы ядролық жарылыс өзге жерсеріктерді, сондай-ақ Жердегі техникалық жүйелерді істен шығарады.

Ал Ресейдің Германиядағы елшілігі «WDR», «NDR» және «Süddeutsche Zeitung» басылымдарының сауалына: «Бізде бұған қатысты қандай да бір толық ақпарат жоқ», - деп сырғытпа жауап қайтарған. Сонымен қатар,  Ресей елшілігі: «Мұның барлығы негізсіз болжамдар», - деп, айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, журналистерді «үгіт-насихат науқанын жүргізіп отыр» деп айыптаған.

ӨТІРІК ЕМЕС: НАТО РЕСЕЙДІҢ ЖОСПАРЫНАН ХАБАРДАР...

НАТО Ресей тарапынан ғарышта төнетін әскери қауіп туралы бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеген болатын. Атап айтқанда – 2025 жылдың сәуірінде альянстың бас хатшысы Марк Рютте: «Ресей болашақта ғарышта соғыс жүргізіп, жерсеріктерге қарсы ядролық қару қолдануы мүмкін», - деп мәлімдеген.

Марк Рютте кейін тағы: «Бізге Ресейдің ғарышқа ядролық қару орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы хабарламалар мәлім», - деген. Оның айтуынша, Мәскеудің ғарыштағы қазіргі мүмкіндіктері ескірген және Батыс деңгейіне сәйкес келмейді.

«Ғарышта ядролық қару орналастыру — Ресей үшін өз әлеуетін күшейтудің бір тәсілі. Бұл алаңдаушылық тудыратын қадам және 1967 жылғы «Ғарышты игеру» туралы шартты өрескел бұзу болып саналады», - дейді Рютте.

2025 жылдың қыркүйегінде Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус: «Ресей мен Қытай ғарышта соғыс жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Бұл Германия мен бүкіл Еуропа үшін түбегейлі қатер төндіреді. Мәскеу мен Бейжің «жерсеріктердің жұмысын бұзып, олардың байланысын бұғаттауы және жерсеріктерді басқаруға немесе кинетикалық жолмен жоюға тырысуы мүмкін», - деп мәлімдеген.

АЛ АҚШ НЕ ДЕЙДІ?

Биылғы наурызда АҚШ барлау қызметтері сыртқы қатерлер жөніндегі жыл сайынғы баяндамасында былай деп жазды: «Ресей өзге жерсеріктерге қарсы ядролық қару қолдануға қабілетті жаңа жерсерік әзірлеп жатыр. Ғарыштағы ядролық жарылыс барлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне, коммерциялық жерсеріктер мен инфрақұрылымға орасан залал келтіреді».

Баяндамада – Мәскеудің жерсерікке қарсы ядролық қаруды орналастыруы Жер маңындағы орбитаға ядролық қару немесе жаппай қырып-жою қаруының өзге де түрлерін алып жүретін нысандарды шығаруға тыйым салатын 1967 жылғы халықаралық «Ғарышты игеру» туралы шарт бойынша міндеттемелерге қайшы келетіні айтылған.

Ал 2024 жылдың сәуірінде Ресей ғарышта ядролық қару орналастыруға салынған тыйымды растауы тиіс болған БҰҰ қарарына вето қойған еді.

Ғарыш саласының сарапшылары: «Егер ғарышта ядролық қару жарылатын болса, жарылыстан келетін тікелей шығын 500 млрд доллардан асуы, ал жиынтық экономикалық салдары 3 трлн долларға жетуі мүмкін», - деп болжайды.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар