Ресей-Украина соғысындағы «майдан шебі» деген ұғым біртіндеп өзгеріп бара жатыр. Бұрын соғыстың негізгі географиясы Донбасспен, Қырыммен, Қара теңіз жағалауымен шектеліп жатса, қазір Ресейдің әскери-логистикалық жүйесіне қауіп әлдеқайда алыс аймақтарда да төнуде. Бірнеше күннің ішінде Фин шығанағында ресейлік жүк кемесі соққыға ұшырады, Калининград аймағында жарылыстар болды, Ливияның Бенгази портында Ресейдің әскери кемесіне шабуыл жасалды.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
ФИН ШЫҒАНАҒЫ: РЕСЕЙДІҢ «ҚАУІПСІЗ» ТЕҢІЗ ЖОЛЫ
21-қараша күні Фин шығанағында Калининградқа бағыт алған ресейлік Sparta II жүк кемесі дрондар шабуылына ұшырады. Кемеде жарылыс болып, өрт шықты. Кеме экипажы эвакуацияланды. Кемедегі өртті сөндіру бір күннен астам уақытқа созылды.
Фин шығанағы Ресей үшін Балтық аймағындағы стратегиялық бағыттардың бірі саналады. Петербор, Усть-Луга, Кронштадт, Балтийск сияқты порттар арқылы Ресейдің әскери, энергетикалық және коммерциялық логистикасы өтеді. Дәл осы бағыт арқылы Ресейден бөлініп жатқан Калининградқа баруға болады. Бұл Ресей үшін қауіпсіз бағыттың бірі еді. Алайда енді бұл бағытқа да дрондар шабуыл жасауда. Осылайша Мәскеу Балтық аймағының қорғанысын күшейту үшін қосымша ресурс бөлуге мәжбүр.
ҚҰРСАУДАҒЫ КАЛИНИНГРАД
21-қарашада Калининград облысының Балтийск қаласында да әуе дабылы іске қосылды. Жарылыстар болып, әуе қорғаныс жүйесі дрондардың шабуылын тойтаруға тырысқан. Дей-тұра порт маңында бірнеше жарылыс болғаны жайлы ақпарат бар.
Калининград Ресейдің Еуропадағы әскери тұрғыдан ең «осыл» аймақтарының бірі саналады. Аймақ Ресейдің негізгі территориясынан бөлініп жатыр және НАТО елдерімен шектесуде. Аймақта Балтық флоты, әскери авиация, зымыран жүйелері мен басқа да стратегиялық нысандар шоғырланған. Соғыс басталғаннан бері Ресей Калининградты Еуропадағы әскери тіректерінің бірі ретінде қарастырады. Бұл аймақта осыған дейін әуе дабылы іске қосылған емес. 21-қарашада аймаққа алғаш рет шабуыл жасалды.
ЛИВИЯ: РЕСЕЙДІҢ ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІНДЕГІ ӘСКЕРИ ТІРЕГІНЕ СОҚҚЫ
22-қарашада Ливияның Бенгази қаласындағы портқа шабуыл жасалды. Портта Ресейдің «Меркурий» корветі болған. Корветке бірнеше дрон соғылып, жойқын жарылыс болды. Спутниктік суреттер мен жарияланған материалдар кеменің қатты зақымданғанын, кейін оның аударылып, суға кеткенін көрсетеді. Ливия жағалауында ресейлік әскери техниканы тасыған тағы бір жүк кемесіне соққы жасалды. Қос шабуылды да Украина өз мойнына алып, тиісті видео дәлелдерді жариялады.
Ресей Ливияның шығысындағы Халиф Хафтар күштерімен әскери байланысын сақтап келеді. Бенгази, Тобрук және басқа да аймақтар Ресейдің әскери жүк тасымалы, техника жеткізу, персонал орналастыру және Африканың басқа бөліктеріне бағытталған логистикалық операциялары үшін маңызды. Соңғы жылдары Ресейдің Сириядағы позициясы әлсірегеннен кейін, Ливияның стратегиялық маңызы артты. Енді Украинаның арнайы күштері Ресей үшін маңызды стратегиялық аймақты нысанаға алуда.
«АФРИКАЛЫҚ КОРПУС»: ҚЫСЫМ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ҚАРУЛЫ ЖАСАҚ
Ресейдің Африкадағы ықпалы тек әскери базалар мен қарулы жасақтардан тұрмайды. Оның негізінде техника жеткізу, оқ-дәрі тасымалдау, персонал алмастыру, жергілікті күштерді оқыту және саяси серіктестерді қолдау сияқты күрделі жүйе жатыр.
Ресейдің Африкадағы ықпалын «Африкалық корпус» жасақтары сақтап тұр. Бұл «Вагнер» жеке әскери компаниясының орнына құрылған қарулы топ. Қазір корпус Мали, Ливия, Орталық Африка Республикасы, Нигер және басқа да елдердегі ресейлік ықпалдың маңызды бөлігіне айналды.
Ресей Африкадағы позициясын ұстап тұру үшін кемелер, әскери ұшақтар, қару-жарақ, броньды техника, жанармай, байланыс жабдықтары мен әскери мамандарды жеткізуге мәжбүр. Әскери техниканың басым бөлігі теңіз кемелері арқылы жеткізіледі. Украина Ресейдің әскери және жүк кемелеріне соққы жасау арқылы, «Африкалық корпустың» әлеуетін әлсіретіп, Ресейдің Африкадағы ықпалына соққы жасауға тырысуда.
Сарапшылар соғыстың географиялық ауқымы кеңейе бастағанын, ал украин барлауы алыс қашықтықтағы нысандарға да соққы жасауды назардан тыс қалдырмайтынын айтуда.
Mezgil.kz