Соғыс, дағдарыс және апат: 2027 жылы әлемде қандай оқиғалар болады?

The Economist басылымы дәстүрлі түрде жыл сайынғы «The World Ahead» («Алдағы жылғы әлем») арнайы жобасын жалғастырды. Сөйтіп, 2027 жылы болатын оқиғаларға болжам жасады. Басылым сарапшылары келесі жылы әлемдік саясат пен экономикаға, технологияға және қоғам өміріне ықпал етуі мүмкін негізгі оқиғаларға болжам жасап, алдағы кезеңнің басты үрдістерін саралаған.


Глобальный калейдоскоп_ политика, технологии и будущее.png

 (Сурет ЖИ көмегімен жасалды)


Сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл саяси және қаржылық сілкіністерге толы болмақ. Ал ЖИ-дің дамуы түрлі салада үлкен өзгерістерге алып келетіні қазірдің өзінде анық байқалып отыр. «The World Ahead» жобасына басылым журналистерімен бірге саясаткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер мен тарих және ғылым саласындағы танымал зерттеушілер де атсалысқан. Олардың қатарында мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері және ірі технологиялық компаниялардың басшылары да бар.

 

ТРАМПТЫҢ САЯСАТЫ

 

«The World Ahead 2027» шығарылымының редакторы Том Стэндадж алдағы кезеңде АҚШ саясатында Трамптан кейінгі дәуірдің нышаны байқала бастады дейді. Алайда Трамп өз ықпалын сақтап қалуға бар күшін салатынын айтуда.

 

Сарапшының сөзінше, демократтар Конгрестің қос палатасында да бақылауды қолға алғаннан кейін, Дональд Трамп бұрынғыдан бетер өктем саясат ұстануы ықтимал. Ол президенттік өкілеттігін пайдаланып, жаңа жарлықтар шығаруға, сот дауларын бастап, географиялық нысандардың атауын аяқ астынан өзгертуге, ауқымды құрылыс жобаларын қолға алуға және әскери операцияларға бастамашы болуға тырысады.

 

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ

 

Том Стэндадж әлемді алдағы жылы басқа да күрделі мәселелер күтіп тұрғанын атап өтті. Ирандағы соғыстың салдары әлі ұзаққа созылуы мүмкін. Тыңайтқыш тапшылығы мен «Эль-Ниньо» климаттық құбылысы миллиондаған адамның азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейген сайын оның саяси, қаржылық және киберқауіпсіздікке қатысты тәуекелдері де айқындала түседі.

 

ФРАНЦИЯДАҒЫ САЙЛАУ

 

Еуропадағы ең үлкен саяси өзгеріс Францияда болуы мүмкін. Келесі президент кім болатыны алдағы жылы анықталмақ. Егер сайлаушылар Марин Ле Пенді қолдаса, бұл Еуропалық одақтағы саяси тепе-теңдікті өзгертіп, Франция мен Германия арасындағы қалыптасқан ықпалдастыққа соққы болуы ықтимал. Бұл Франция тарапынан Украинаға көмек көрсету мәселесін де шектеуі мүмкін. 

 

ҚЫТАЙ-ТАЙУАН СОҒЫСЫ...

 

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қытай қарулы күштеріне 2027 жылы Тайуанды басып алуға дайын болу жөнінде тапсырма берген болатын. Алайда соғыс бола ма, жоқ па, ол жағы нақты белгісіз. Дегенмен Бейжің әскери әрекетке көшуі де мүмкін. Украина соғысы алып мемлекеттің ұдайы жеңіске жете бермейтінін көрсетуде. Бұл сценарийді Қытай билігі де қаперге алары анық.

 

АРЫҚТАТАТЫН ДӘРІЛЕР

 

Салмақ азайтуға арналған дәрілердің ықпалы медицинамен ғана шектелмей, экономика мен тұтыну нарығына да таралып келеді. Артық салмақтан арылған адамдар киім-кешекке, косметикаға және фитнес қызметтеріне көбірек қаржы жұмсай бастауы мүмкін. Сонымен қатар мұндай препараттардың қартаю үдерісіне ықпалы туралы зерттеулер фармацевтикалық компаниялардың ұзақ өмір сүру мен жасару технологияларына деген қызығушылығын қайта жандандырды.

 

ҒАРЫШҚА ҰШУ АРЗАНДАЙДЫ

 

SpaceX компаниясының Starship зымыран жүйесі спутниктерді тұрақты түрде ұшыруға кірісуі мүмкін. Сонымен қатар жеке секторға тиесілі алғашқы ғарыш станциясының ұшырылуы күтіледі. Ал орбитада деректер орталықтарын орналастыру идеясы бұрынғыдай қиял-ғажайып жоба болып көрінбей, нақты технологиялық жоспарға айнала бастайды. Ғарышқа шығу құнының төмендеуі бұл саланың коммерциялық мүмкіндіктерін кеңейтпек.

 

АРНАЙЫ ШЫҒАРЫЛЫМҒА КІМДЕР ҮЛЕС ҚОСТЫ?

 

Биылғы «The World Ahead» жобасына әлемдік саясат пен ғылымның, технология мен бизнестің бірқатар танымал өкілдері автор ретінде қатысқан. Олардың қатарында Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити, Финляндия президенті Александр Стубб, Anthropic компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі қоғамдық игілік бағытының жетекшісі Джек Кларк, Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бирол бар. Сондай-ақ Ұлыбритания Консервативтік партиясының жетекшісі Кеми Баденок, Йель университетінің тарих профессоры Одд Арне Вестад, Commonwealth Fusion Systems компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Боб Мамгаард, Xpeng компаниясының басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Хэ Сяопэн және Калифорния университетінің Лос-Анджелестегі кампусының математика профессоры Теренс Тао да арнайы шығарылымға өз мақалаларын ұсынған.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар