Кремль идеологиясы өлеусіреп, «Орыс әлемі» концепциясы жарға жығылды!

«Орыс әлемінің» басты идеологтарының бірі – Александр Дугиннің Украина халқына қарата: «Сендер біздің бауырымызсыңдар, бірақ біз сендерді сүйіспеншілікпен бастарыңа және жүректеріңе оқ атып, өлтіріп жатырмыз», - деген мәлімдемесі — Ресейдің ресми және қоғамдық санасының қаншалықты терең деградацияға ұшырағанын көрсететін айқын диагноздың нақы өзі болды.

1793956871750633.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Анығы – мұндай сөз әлпеті жекелеген кәрісүйек идеологтың сандырағы ғана емес, бұл — бүгінгі бүкіл Кремль режимінің ұстанып отырған фашистік-тоталитарлық идеологиясының көрінісі!

Қазіргі Кремль идеологиясының өзегіне айналған геноцидтік сөз райына, оның ішкі қайшылықтарына және «орыс әлемі» жобасының геосаяси тұрғыдан күйреуіне терең сараптама жасар болсақ, онда мынаған көз жеткіземіз:

ГЕНОЦИД ЖӘНЕ «МЕЙІРІМДІЛІКПЕН ӨЛТІРУ» МИФІ

Тоталитарлық жүйелердің басты белгісі — адам өмірін құнсыздандырып қана қоймай, кез келген зорлық-зомбылықты «жоғары мақсатпен» ақтау болып табылады. Дугин айтқан сөз әлейі классикалық фашизмнің элементтері екені айдан анық. Бұл – дегуманизация және екіжүзділік:

Украина халқын «бауырымыз» деп айта тұра, олардың ұлттық бірегейлігін жою үшін зымыран соққыларын жасап, бейбіт халықты жаппай қырып-жою – соғыстың нақты мақсаты мен ресми пропаганда арасындағы алшақтықтың шегін көрсетеді.

Онан соң: «Біз мұны өте маңызды мақсат үшін жасап жатырмыз» деген тезис – Кремльдің қылмыстық істеріне деген жауапкершіліктен жалтару немесе қанды қылмысты ақтау үшін айтылған сөздер екені анық. Сонымен қатар қоғам санасын улау құралы. Бұл — агрессор халықты өз қылмыстарына моральдық тұрғыдан «ортақтастыру» әдісінің айқын белгісі десек те болады.

МАРГИНАЛДЫ ФАШИЗМ: ДУГИН КІМ?

Ұзақ жылдар бойы маргиналды геосаясаткер және неофашист ретінде танылып келген Александр Дугин идеялары соңғы жылдары Ресей билігінің ресми идеологиялық платформасына айналғаны жасырын емес. Ол тіпті, бүгінгі Кремльдің бас идеологтарының бірі болып шыға келді. Оның «орыс әлемі» дейтін идеологиясы бүкіл Кремль режимінің қасиетті кітабындай болған.

Дугиндікі – қарапайым ғана империялық реваншизм. Дугиндікі сияқты тұжырымдар («Еуразиялық империя», «үшінші Рим») Ресейдің кеңестік және патшалық дәуірдегі империялық амбицияларын қайта оятты. Алайда бұл концепция XXI ғасырдың шындығына — ұлттық мемлекеттердің суверенитеті мен халықаралық құқыққа мүлдем қайшы келеді.

Ресейлік «философтардың» Украина мемлекеттілігін жоққа шығаруы және оны «жасанды құрылым» деп атауы — Мәскеудің өз көршілерінің ерікті таңдауын қабылдай алмайтын дәрменсіздігін көрсетеді.

«ОРЫС ӘЛЕМІ» КОНЦЕПЦИЯСЫНЫҢ ТҮПКІЛІКТІ КҮЙРЕУІ

Владимир Путин режимінің негізгі геосаяси тірегі болған «Орыс әлемі» концепциясы соғыстың салдарынан толықтай күйреді. Оған дәлел – егер 2014 жылға дейін Украинада Ресейге қатысты белгілі бір мәдени немесе саяси симпатиялар болса, 2022 жылғы толықмасштабты агрессия пен жаппай қырғындар бұл байланыстарды түпкілікті жойды. «Орыс әлемі» ұғымы Украина және өзге де посткеңестік кеңістік үшін «өлім, қирату және отаршылдық агрессия» синониміне айналды.

Ресей билігі «орыс тілділерді қорғаймыз» деген сылтаумен соғыс бастап, керісінше, әлемдегі орыс тілі мен мәдениетінің беделін жермен-жексен етті десе де болады. Посткеңестік кеңістіктегі басқа елдер (Қазақстан, Орталық Азия, Қапқаз) де Кремльдің империялық сөз райынан қауіптеніп, өз ұлттық бірегейлігін күшейтуге басы бүтін көшті.

Батыспен барлық байланыстарын үзіп, «орыс әлемін» қорғауға тырысқан Кремль іс жүзінде Ресейді Бейжіңнің шикізаттық жемтігіне айналдырды. Идеологиялық тұрғыдан Батысқа қарсы шыққан режим, экономикалық және геосаяси жағынан Қытайдың қабағына жаутаңдай қарайтын кіші серіктесі болуға мәжбүр болды.

Дугин мен басқа да кремльдік идеологтардың сөз әлпеті — бұл жеңіліске ұшыраған, идеялық тығырыққа тірелген империяның жантәсілім етер алдындағы агониясы іспетті. «Орыс әлемі» концепциясы басқа халықтарды бағындырудың емес, керісінше, Ресейдің өз ішінен рухани және саяси тұрғыдан ыдырауының қатализаторы болды. Бұл идеологиялық күйреу соғыс аяқталғаннан кейін де Ресей қоғамының санасында онжылдықтар бойы қалатын ауыр жарақатқа айналмақ.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар