Көмір шахталарынан шағын дүкендерге дейін жабылуда: Ресей экономикасында не болып жатыр?

Ресей экономикасындағы дағдарыс күшейе түсті. Азаматтық сала жоғары салық, қымбат несие, өндіріс шығындардың өсуі және жұмыс күшінің тапшылығы жағдайында күн көруге мәжбүр болуда. 2026 жылдың тоғыз айындағы статистика осы ахуалдың тереңдей түскенін аңғартуда.


Символы экономического спада в России.png(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

 

«Коммерсантъ» басылымы Федресурс деректеріне сүйене отырып, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Ресейде 5,4 мыңға жуық ірі компанияның банкрот болғанын жазды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға көп деген сөз. Ал банкроттық рәсімінің алғашқы сатысы саналатын бақылау процедурасы енгізілген істер саны 23,6 пайызға өсіп, 4,6 мыңға жеткен. Үшінші тоқсанда банкрот болған ұйымдар саны бір жылда 18,5 пайызға, ал бақылау рәсімдері 28,9 пайызға артқан.

 

«Интерфакс» жариялаған ФНС деректеріне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында Ресейде 99 мың коммерциялық ұйым жаңадан тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 129,2 мың болған еді. Яғни жаңа кәсіпорындардың саны 23,4 пайызға қысқарған. Ал ресми тарату туралы шешіммен жабылған компаниялар саны 19,7 мыңнан 28,5 мыңға дейін өсіп, 44,8 пайыздық өсім көрсеткен. Жалпы, тоғыз айда мемлекеттік реестрден 196 мың компания шығарылған.

 

Жеке кәсіпкерлердің жағдайы да күрделі. 2025 жылы Ресейде 755,8 мың жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Ал 2026 жылдың үшінші тоқсанында 167,7 мың кәсіпкерлік субъектісі жабылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп деген сөз.

 

Дағдарыстың ең айқын көріністерінің бірі көмір өнеркәсібінде байқалуда. 2025 жылы Ресейде көмір саласының шығыны 408 млрд рубльге жетті. 2026 жылдың алғашқы жеті айында тағы 178,2 млрд рубль шығынға ұшырады. Кредиторлық берешек 1,6-1,8 трлн рубльге бағаланып отыр. Ресей Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, сала кәсіпорындарының шамамен 70 пайызы жылды шығынмен аяқтауы мүмкін.

 

Кузбасс өңіріндегі жағдай тіпті күрделі. 2026 жылғы сәуірде облыс губернаторы Илья Середюк 33 көмір кәсіпорны дағдарыстық жағдайда тұрғанын, оның 17-сі жұмысын тоқтатқанын, ал сегізі өндірісті қайта бастамайтынын мәлімдеген. Бұл тек көмір компанияларының мәселесі емес. Өндірістің тоқтауы жұмыссыздыққа, жергілікті бюджет кірістерінің азаюына және сол кәсіпорындарға қызмет көрсететін шағын бизнестің әлсіреуіне алып келеді.

 

Аграрлық сектор да қысымнан тыс қалған жоқ. «Контур» сарапшыларының мәліметінше, 2023 жылғы сәуірден 2026 жылғы сәуірге дейін Ресейдің ауыл шаруашылығы саласында 63,5 мың кәсіпкерлік субъектісі жаңадан тіркелсе, 67,4 мыңы қызметін тоқтатқан. Яғни жабылғандардың саны жаңадан ашылғандардан 3,9 мыңға артық. Бұған қоса, 2024 жылы шаруа және фермерлік қожалықтардың ауыл шаруашылығы өнімін өндіру индексі 5,1 пайызға төмендеген. Бұл ауылдағы кәсіпкерлік пен өндірістің де оңай жағдайда емес екенін көрсетеді. Украинаның Қара және Азов теңізінің порттарын бұғаттап тастауы, аграрлық салаға тіпті үлкен соққы жасауда.

 

Кәсіпкерлерге түсіп отырған қысымның негізгі себептерінің бірі – ақша-несие және салық саясаты. Ресейде 2026 жылғы 1-қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайыздан 22 пайызға көтерілді. 

 

Сарапшылар Ресей билігінің соғысқа қаржыны аса көп жұмсауының салдары әлеуметтік сала мен кәсіпкерлікке соққы жасап жатқанын айтуда. Қазіргі таңда, Ресейдегі әр үшінші рубль тікелей соғысқа немесе соғысқа қатысы бар әскери өндіріс саласына бағытталуда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар