Иә, тақырыбымыздың аты айтып тұрғандай – Димаш неге орысша сөйлеуі керек?

(Сурет. ЖИ арқылы жасалды)
Дәл қазір жасырып жабатын жоқ, көп жағдайда солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміз тарабынан жаһандық деңгейдегі қазақ әншісінің әлемдік сахнадағы әрбір қадамын әлі де орыс тілінің өлшемімен бағалауға тырысатындар бар.
Дюссельдорфтағы концерттен кейінгі әлеужелідегі әңгүдік әңгімелер осы бір ескірген түсініктің әлі де қоғам санасынан толық арылмағанын көрсетіп бергеніне куә болдық.
Әлгінде біздің Димаш Германияның Дюссельдорф қаласында концерт өткізген. Мыңдаған көрермен жиналған халықаралық шоу аяқталған соң, әлеуметтік желіде орыстілді аудитория өкілдерінің бір бөлігі әншіге қабақтарынан қар жауа, Димаш тура әкелерін өлтіргендей ашына наразылық білдіріпті. Олардың көңіліне қаяу түсіргені – Димаштың орыс тілінде амандаспауы, концерт барысында негізінен қазақ және ағылшын тілдерін қолдануы, сондай-ақ орыс тіліндегі әндердің аздығы екен.
Ешкімді бөле-жармай, ақты – ақ, қараны – қара деп, пайымдай қарағанда, бұл көрерменнің музыкалық талғамына қатысты қарабайыр пікір сияқты көрінуі де мүмкін. Алайда мәселенің астарына тереңдей үңілер болсақ, бұдан әлдеқайда күрделі құбылысты байқаймыз.
«Неліктен қазақ әншісі шетелдегі концертінде орыс тілінде сөйлеуге міндетті болуы керек?», «Неліктен оның репертуары көрерменнің белгілі бір бөлігінің тілдік сұранысына бейімделуі тиіс?»
КІМНІҢ ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЮҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР?
Германияда тұратын орыстілді блогерсымақтың айтуынша, Димаш концерт барысында ағылшын және қазақ тілдерін ғана қолданған. Әрі орыс тілінде бір ғана «Любовь уставших лебедей» әнін орындаған. Аталған блогердің пікірінше, залдағы көрермендердің басым бөлігі орыстілді болғандықтан, әншінің мұндай таңдау жасауы оның өнерін құрметтеген аудиторияны сыйламағандыққа ұқсайды. Пішту...
Бірақ тап осы тұста бір маңызды сауал туындайды: Концертке билет сатып алған көрермен өнерпаздан қандай да бір тілде сөйлеуді талап ете ала ма?
Осы орайда қадап тұрып айтарымыз – әрине, концерке келген көрерменнің өз талғамы мен күткені бар. Біреу сүйікті әншісінен белгілі бір шығарманы тыңдағысы келеді, енді біреу онымен өзіне түсінікті тілде тілдесуді қалайды. Мұның бәрі – қалыпты жағдай. Алайда жеке музыкалық талғам мен өнерпазға міндет жүктеудің арасы жер мен көктей дүние!
Димаш – Ресейдің немесе орыс тілді аудиторияның ғана әншісі емес, оның тыңдармандары Қытайда, Еуропада, Америкада, Азияның түрлі елдерінде де бар. Ол – әлемдік әнші. Әрқайсысы өз тілінде сөйлейді, өз мәдениетінен шыққан музыканы бағалайды. Егер әнші әр концертте залдағы көрермендердің тілдік құрамына қарай өзінің ұлттық болмысын өзгертуге мәжбүр болса, онда оның халықаралық өнерпаз ретіндегі дербестігі қайда қалады?
ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТІҢ КӨРІНБЕЙТІН МӘДЕНИ ИЕРАРХИЯСЫ
Бұл оқиғаның ең маңызды қыры – орыс тілінің посткеңестік кеңістіктегі бұрынғы мәртебесі мен бүгінгі шынайылықтың арасындағы қайшылық екеніндігін тұздықтап сөз етпекпіз. Кеңес Одағы ыдырағанымен, оның мәдени-тілдік иерархиясы санада бір күнде жойылған жоқ. Ұзақ уақыт бойы орыс тілі бүкіл кеңестік кеңістіктегі ортақ коммуникация тілі ретінде қабылданды. Соның салдарынан кейбір адамдар тәуелсіз мемлекеттердің ұлттық тілдері мен мәдениеттерінің дербес даму құқығын әлі де толық мойындай алмай келеді.
Дәл осы жерде Димашқа қатысты наразылықтың астарынан бұрынғы мәдени орталыққа деген психологиялық тәуелділіктің белгілерін байқауға болады. Әлемдік сахнаға шыққан қазақ өнерпазын да әлі күнге дейін посткеңестік кеңістіктің қалыптасқан өлшемдерімен бағалау – отарлық кезеңнен қалған түсініктердің бір көрінісі болып саналады.
ДИМАШТЫҢ БАСТЫ КАПИТАЛЫ – ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ!
Димаштың әлемге танылуына не себеп болды? Оның өнерін халықаралық деңгейге көтерген басты ерекшеліктердің бірі – вокалдық мүмкіндігімен қатар, ұлттық музыкалық болмысы десек әсте артық айтпаймыз.
Қазақ тіліндегі әндер, ұлттық әуендер, дәстүрлі музыкалық элементтер мен заманауи орындаушылық мәнердің үйлесімі оның шығармашылық бейнесін әлемдік деңгейде қалыптастырды. Демек, Димаштың қазақ мәдениетін халықаралық аудиторияға таныстыруы – кездейсоқ таңдау емес, оның өнерінің маңызды бөлігі екенін муызыкадан еш хабары жоқ жандардың өзі де мойындап отыр.
Бір қызығы, әлемнің әртүрлі елдеріндегі тыңдармандар оның қазақша әндерін түсінбесе де, қабылдай алады. Музыка тілдік шекарадан асып, эмоция арқылы байланыс орнатады. Бұл – өнердің әмбебап қасиеті.
Сондықтан Димаштың халықаралық концертте қазақ тілін қолдануы оның аудиториясын шектемейді. Керісінше, өнеріне табынған тыңдарманды өзі тал бесігінде тербеліп шыққан мәдениетпен таныстырады.
Осы ретте бір нәрсені шатастырмаған жөн: Халықаралық әртіс болу – ұлттық ерекшеліктен бас тарту деген сөз емес. Керісінше, жаһандық мәдени кеңістікте өзіндік ерекшелігін сақтай алған өнерпаз ғана өзгелерден дараланадыратын феномендік ерекшілік те болып табылады.
СОҒЫСҚА ҚАРСЫ МАНИФЕСТ: КОНЦЕРТТІҢ МУЗЫКАДАН БИІК МАЗМҰНЫ
Дюссельдорфтағы концерт туралы ақпаратта ерекше назар аударуға тұратын тағы бір эпизод бар. Ол – Димаштың соғысқа қарсы композициясы.
Алып экраннан қираған қалалар мен өртенген ғимараттардың көріністері көрсетіліп, адамзатты қантөгісті тоқтатуға шақырған манифест ұсынылғаны айтылады. Бұл қойылымның көрерменге эмоциялық әсер еткені де хабарланған.
Егер осы көріністі концерттің жалпы мазмұнымен байланыстыра қарасақ, Димаштың шығармашылық кеңістігі тек вокалдық шеберлікпен шектелмейтінін аңғарамыз. Өнерпаздың әлемдік сахнадағы миссиясы музыка арқылы адамзатқа ортақ мәселелерді көтеруге де бағытталуы мүмкін.
Мұнда тілдік таңдау мәселесі тағы да басқа қырынан көрінеді. Қазақша айтылған ән де, ағылшынша жеткізілген ой да, сөзсіз берілген сахналық көрініс те адамзатқа ортақ құндылықтарды жеткізе алады. Өнердің шекара танымайтын күші осында.
ҚАЗАҚ ӨНЕРПАЗЫНАН КІМ НЕ КҮТЕДІ?
Дюссельдорфтағы оқиғадан шығатын негізгі қорытынды – қазақ өнерпазының әлемдік сахнадағы дербес болмысын қоғамның әртүрлі топтары құрметтей білуі керек.
Димаштың орыс тілінде сөйлемеуіне ренжіген көрерменнің өз пікірін білдіруге құқығы бар. Бірақ сол пікірді әншіге міндет артуға немесе оның шығармашылық таңдауын құрметсіздік деп бағалауға негіз етуге болмайды. Әлемдік сахнаға шыққан қазақ әртісі ең алдымен өз елінің мәдениетін таныстыруға құқылы. Оның қандай тілде сөйлейтінін, қандай ән орындайтынын, қандай идеяны көтеретінін өзі және шығармашылық командасы шешеді.
Ал қазақ өнерпазынан әлі күнге дейін өзге мәдени ортаның талабына сай болуды күтетіндерге бір сауал бар: Егер әлемдік сахнада қазақтың үні естілмесе, онда біз жаһандық мәдениетке нені ұсынамыз? Ирина Кайратованың т.б. орысша шүлдірін бе?
Mezgil.kz