Ресейдің Starlink-ке баламасы: Мәскеу тағы бір спутнигінен айырылды!

Ресейдің Starlink-ке балама ретінде жасап жатқан «Рассвет» спутниктік жүйесінің тағы бір спутнигі ғарыш кеңістігінде ұзақ тұрақтай алмады. 19-шілдеде ұшырылған «Рассвет-3» тобының №17 спутнигі арада үш айдан астам уақыт өткенде орбитадан шығып, атмосфераның тығыз қабатына енді. Бұл туралы ғарышты зерттейтін америкалық CelesTrak жазды.


Падение спутника над Россией.png(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

 

Аталған аппарат Ресейдің «Бюро 1440» компаниясы құрастырып жатқан «Рассвет» спутниктер тобына тиесілі. Осылайша, 2026 жылы орбитаға шығарылған 32 спутниктің екеуі істен шыққан. Алғашқы аппарат маусым айында жоғалып кеткен еді. CelesTrak мәліметінше, NORAD 100083 нөмірімен тіркелген спутник 29-қазанда орбитадағы сапарын тоқтатып, өз бағытынан күрт ауытқи бастады. The Aerospace Corporation ұйымы спутниктің атмосфераның тығыз қабатына 30-қазан күні енетінін болжаған-ды.

 

Спутник 19-шілдеде Плесецк ғарыш айлағынан «Союз-2.1б» зымыран тасығышымен бірге ұшырылған 16 аппараттың қатарында болған. Бұл «Рассвет» жобасы аясындағы екінші топтама. «Бюро 1440» компаниясы екінші аппараттың жоғалғаны жөнінде әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

 

«Рассвет-3» тобының алғашқы жоғалған аппараты – NORAD 68363 нөмірлі №4 спутник. Ол 23-наурызда ғарышқа жіберілген алғашқы 16 аппараттың құрамында болды. Алайда ұшырылғанына небәрі 75 күн өткен соң, 6-маусымда орбитадан ауытқып кеткен еді. Сол кезде «Бюро 1440» компаниясы бір спутниктен айырылғанын растаған болатын. Компания қалған 15 аппараттың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, негізгі жүйелері сынақтан өтіп, орбиталық маневрлерді сәтті атқарғанын мәлімдеді.

 

Екінші топтағы 16 спутник 19-шілдеде ұшырылды. Компания сол кезде аппараттардың зымыран тасығыштан сәтті бөлініп, басқару орталығының бақылауына өткенін хабарлады. Борттағы жүйелер тексерілгеннен кейін спутниктер белгіленген орбитаға біртіндеп көтерілуі тиіс еді.

 

Екі аппараттан айырылғанына қарамастан, «Рассвет» ғарышта спутниктер тобырын құру жұмыстары жалғасып келеді. Ашық орбиталық деректер негізінде спутниктердің қозғалысын бақылап отырған тәуелсіз мониторинг жобасының мәліметінше, 31-қазанда орбитада 30 сериялық аппарат қалған. Олардың 26-сы шамамен 508 шақырым биіктіктегі аралық орбитаға жеткен.

 

Тағы бір №11 спутник 480 шақырым биіктікте болып, жоғары қарай көтерілуін жалғастырған. Ал №14 және №26 аппараттар тиісінше 342 және 359 шақырым шамасындағы орбитада қалған. Бұған дейін орбитадан шығып кетуі мүмкін деген қауіп болған №23 спутник те бағытын өзгерте алған. Мониторинг жобасының деректеріне қарағанда, 20-қазанға қарай оның орбиталық биіктігі шамамен 221 шақырымға дейін төмендеген. Алайда кейін аппарат қайта көтеріле бастаған. 31-қазандағы жағдай бойынша биіктігі 301 шақырымға жеткен.

 

«Рассвет» спутниктері үшін жоспарланған мақсатты орбита биіктігі шамамен 800 шақырым. «Бюро 1440» компаниясы «Рассвет» жобасы арқылы кең жолақты спутниктік интернет жүйесін қалыптастыруды көздейді. Компанияның жоспары бойынша 2030 жылға дейін орбитаға барлығы 292 спутник шығарылады.

 

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин елде Starlink тәрізді міндеттерді атқара алатын, оның ішінде дрондарды басқаруға мүмкіндік беретін отандық спутниктік байланыс жүйесі бар екенін айтқан еді. Алайда ресейлік әскерилер бұл ақпаратты жоққа шығарды. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар