Еске түскен ескі жол: Ресей астығын Арктика арқылы тасып жатыр!

Ресей астық экспорттау үшін Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Арктика бағытына қайта оралды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей Қара теңіз арқылы өтетін сауда жолдарының соғыс салдарынан тұралауына байланысты астық экспорттаудың балама бағытын іске қосып отыр. Мәскеу Балтық теңізіндегі қауіп-қатерді де ескеруге мәжбүр болуда.


Арктический порт_ зерно на экспорт.png(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

 

Әлемдегі бидай экспорттаушы ірі елдердің көшін бастап тұрған Ресей астықты шетелге жеткізу үшін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайдаланылған Арктика теңіз жолын алғаш рет іске қосты. Украинадағы соғыс Қара теңіздегі сауда жолдарын бұғаттап тастаған еді.

 

Мурманск коммерциялық теңіз порты мен Ресейдегі ірі астық саудагерлерінің бірі «Деметра Холдинг» компаниясы ауыл шаруашылығы аймақтарынан жеткізілген 3400 тонна астықтың кемеге тиеліп жатқанын мәлімдеді.

 

Мәскеуден солтүстікке қарай шамамен 2 мың шақырым жерде, Норвегия шекарасына жақын орналасқан Мурманск портына бейтарап су айлақтары арқылы жетуге болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастардың кемелері осы портты Кеңес Одағына әскери жүк жеткізу үшін пайдаланған болатын.

 

«Дәстүрлі экспорт бағыттары түрлі шектеулерге тап болған шақта Мурманск коммерциялық теңіз порты ресейлік шаруаларға шетелдік нарықтарға шығудың балама жолын ашып отыр», — делінген порттың ресми сайтындағы хабарламада.

 

Reuters келтірген кеме қатынасы деректері мен нарықтағы дереккөздің мәліметінше, Мурманскіден Марокконың Касабланка портына жөнелтілетін кемеге шамамен 28 мың тонна бидай тиеу жоспарланған.

 

Ресей астық экспортының басым бөлігін Балтық теңізі порттарына бағыттаған. Қыркүйек айында бұл порттар арқылы 1,2 миллион тонна астық жөнелтілген. Бұл теңіз арқылы экспортталған астықтың 60 пайызынан астамын құрайды. Астық тасымалдауға бейімделу үшін Ресейдегі кейбір кәсіпорындар тыңайтқыш пен көмір тиеуге арналған терминалдарын қайта жабдықтап жатыр.

 

Ресей мен Еуропа арасындағы қарым-қатынас соңғы айларда шиеленісе түсті. Осы сәтте Балтық теңізіндегі ресейлік порттарға да қауіп төнуі мүмкін дейді сарапшылар. Украина дрондары Петербор аймағына бірнеше мәрте шабуыл жасаған болатын. Алдағы уақытта Киев Ресейдің Балтық теңізі арқылы астық тасымалдау мүмкіндігін азайту үшін аталмыш аймақтағы порттарға шабуыл жасауға тырысуы мүмкін. Қауіпті ескерген Мәскеу астық тасымалдауды Арктика арқылы да іске асыру тәжірибесін бастады.

 

Қара теңіздегі астық саудасын қалпына келтіру үшін Түркия мен БҰҰ бұған дейін келіссөздер жүргізген еді. 2022 жылы шілдеде Украина астығын Қара теңіз арқылы қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік берген келісім жасалған болатын. Алайда Ресей 2023 жылы өзінің азық-түлік және тыңайтқыш экспортына кедергілер барын алға тартып, келісімнен шықты. Қазір Мәскеу Қара теңіздегі бұрынғы келісімді жаңартуға мүдделі емес екенін білдіріп отыр.

 

Мурманск портының басты артықшылығы — оның географиялық орналасуы және мұхитқа шығу мүмкіндігі. Дегенмен, портты астық тасымалына бейімдеу бір күнде шешілетін мәселе емес. Тағы бір маңызды мәселе — арақашықтық. Мурманск Ресейдің оңтүстігіндегі негізгі астық өндіретін өңірлерден алыс орналасқан. Сондықтан өнімді солтүстікке теміржолмен жеткізу қосымша уақыт пен шығынды талап етеді. Соған қарамастан Мәскеу Арктика бағытын дамытуға мүдделі екенін айтуда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар