Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауы құбылмалы әлемдегі Қазақстанның стратегиялық міндеттерін анықтап берді. Жолдауда көтерілген мәселенің бірі ауыл шаруашылығын дамыту жайлы болды. Осы сұрақ аясында саясаттанушы Асхат Қасенғалидің пікірін сұрастырдық.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
Сарапшының сөзінше Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударуда. Бұл мәселе жолдауда да қамтылып өтті дейді.
«Қазір әлем құбылып, қақтығыстар артып, турбуленттілік күшейді. Бұл «қауіпсіздік» деген түсінікті жан-жақты қарастыруға итермелеп отыр. Соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де бар. Бұл өте өзекті мәселе. Украина мен Ресей арасындағы соғыс, Таяу Шығыстағы атыс-шабыс, тасымал жолдарының бұғатталуы ауыл шаруашылық өнімдерін бір елден екінші елге жеткізуді қиындатуда. Әсіресе астық өнімдерін жеткізу қиындап кетті. Бұл тұтас әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін алға шығарды», - дейді сарапшы.
Саясаттанушы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін тікелей ауыл шаруашылығымен байланыстыруда. «Біз экономиканы әртараптандыру жайлы жиі айтамыз. Соның бір жолы ретінде ауыл шаруашылығын дамыту арқылы іске асады дейміз. Расымен де, бұл саланың әлеуеті жоғары. Қазір экономикамыздағы үлесі 5 пайызға жуықтады. Алайда оны әлі де ұлғайтуға болады. Қазақстанның географиялық орналасуы ауыл шаруашылық өнімдерін дамытуға тиімді. Шығысымызда үлкен нарық Қытай жатыр. Оңтүстік арқылы Таяу Шығыс елдеріне, Әзербайжан мен Грузия порттары арқылы Еуропаға, солтүстікте Ресейге шығуға болады. Бастысы сұранысқа сай өнімді ұсына білу. Жолдауда осы мәселе айтылды. Яғни, ауыл шаруашылығын дамыту және сол арқылы жергілікті халыққа жұмыс ұсыну, ал сыртқы нарыққа өнім ұсыну жағы сөз болды.
«Бәйтерек» холдингі жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын тамақ өнеркәсібі жобаларының тізімін әзірлеуде. Ендігі міндет – сапалы жобаларды қолжетімді қаржыландыру арқылы іске қосу болуы тиіс. Сонымен қатар отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін көбейтіп, шаруашылықтарды заманауи техникамен қамтамасыз ету де маңызды. Технология жаңармайынша, өнімділік те қалаған деңгейге көтеріле қоймасы анық. Ескі техникамен алқаптарды игеру қиын. Тіпті кей жағдайда ол мүмкін емес. Міне, осы мәселені шешу жағы жолдауда айтылды. Арғы міндет үкіметке жүктеледі. Шаруаларды қаржыландырудың тиімді механизмдерін үкімет жасауы тиіс», - дейді ол.
Саясаттанушы өз сөзін жалғай отырып, былай дейді: «Еліміздің бір үлкен мүмкіндігі – суармалы егіншілік. Ірі су көздеріне жақын жерлерді тиімді игеру дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есеге арттыруға ықпал етуі мүмкін. Бірақ мұнда су үнемдеу технологиялары мен агрохимиялық тәсілдерді кеңінен қолдану қажет. Міне, осы жағы жолдауда сөз болды. Себебі әзірге дәстүрлі суару жүйесі кеңінен қолданылуда. Ал бұл дегеніміз, арықтар арқылы суару. Судың шамамен 40 пайызы алқапқа жетпей топыраққа сіңіп кетеді. Орталық Азия онсызда су тапшылығы бар аймақ қой. Оның үстіне біздегі үлкен өзендердің көбі трансшекаралық өзендер. Сондықтан да бұндай суару жүйесінен біртіндеп бас тартып, ақырындап су үнемдейтін технологияларға көшу керек. Ондай технологиялар суды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті де арттырады. Енді шаруаларға осы технологияларды жеткізу жағын ойластыру керек. Бұл сәтте бәлки Израильдің тәжірибесіне де сүйенгеніміз жөн болар», - дейді Асхат Қасенғали.
Mezgil.kz