Баку Анкараға қатаң ескерту жасады: Ішкі ісімізге араласпа!

Түркия мен Әзербайжан арасындағы соңғы саяси дау екі елдің ондаған жыл бойы қалыптасқан одақтастығына көлеңке түсіруде. Анкара мен Баку бір-бірінің шешімдерін сынай алатын дербес мемлекеттер екенін ашық айта бастады. Қыркүйектің соңында Әзербайжандағы мектеп формасынан басталған дау қазан айында билеуші партиялардың бір-біріне қатаң мәлімдеме жасауына дейін жетті. Бұған Израильге қатысты екі елдің ұстаным айырмашылығы да қосылды.


Напряжение между берегами.png(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

 

21-қыркүйекте Әзербайжанның Министрлер кабинеті мемлекеттік мектептердегі киім талаптарына өзгеріс енгізді. Жаңа ережеде мектеп формасына қайшы келетін немесе зайырлы білім беру қағидатына сәйкес келмейтін киім элементтеріне шектеу қарастырылды. Құжатта хиджабқа тікелей тыйым салынбағанымен, бірқатар мектеп оны осы талаптардың негізінде шектей бастады. Әлеуметтік желілерде хиджаб киген қыздардың сабаққа кіре алмай қалғанын көрсететін бейнежазбалар тарады. Ата-аналар наразылық білдіріп, мәселе Әзербайжанның ішкі саяси тақырып аясынан шығып, Түркиядағы қоғамдық пікірдің де назарына ілікті.

 

6-қазанда мұғалімдердің киіміне қатысты қосымша талаптар енгізілгені туралы ақпарат тарады. 9-12 қазан аралығында шектеулерге қарсы наразылықтар өтті. Әзербайжанның Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті бұзды деген негізде 37 адамның ұсталғанын хабарлады.

 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 22-қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде кейбір елдердегі мектептерде орамал тағуға тыйым салуды әйелдердің құқықтарын шектеу ретінде қабылдайтынын айтып, бұл құбылысты сынға алды. Ол өз сөзінде Әзербайжанды тікелей атамады. Алайда бұл сөз Әзербайжандағы жаңа ережемен тұспа-тұс келіп, кейінгі саяси пікірталастың негізіне айналды.

 

Түркия президентінің бас кеңесшісі Октай Сарал әлеуметтік желідегі жазбасында Әзербайжан билігін қабылданған шешімін тоқтатуға шақырды. Түркияның билеуші Әділет және даму партиясының (ӘДП) парламенттік тобы жетекшісінің орынбасары Лейла Шахин Уста мен депутат Мұхаммет Мүфит Айдын да шектеулерге қарсы пікір білдірді. Түркиялық саясаткерлердің пайымынша, баланың білім алу құқығы мен діни сенім бостандығы мектеп формасына қатысты талаптардан жоғары тұруы керек.

 

Даудың саяси деңгейге көтерілгенін 13-қазанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев басқаратын «Жаңа Әзербайжан» партиясының (YAP) мәлімдемесі көрсетті. Партия Октай Сарал мен ӘДП депутаттарының сөздеріне жауап беріп, олардың пікірлерін «популистік және жауапсыз» деп сипаттады. Мәлімдемеде Түркияның кейбір медиасы мен әлеуметтік желідегі аккаунттары Әзербайжан туралы жалған әрі біржақты ақпарат таратып отыр деген айып та айтылды. Әзербайжандағы билеуші партия Түркиядағы әріптестерін «ішкі ісімізге араласпаңдар» деп қатаң ескертті.

 

2-қазанда Ильхам Әлиев «Жаңа Әзербайжан» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде ешкімнің Әзербайжан халқына қалай өмір сүру керектігін үйретуге құқығы жоқ екенін мәлімдеді.

 

Түркия мен Әзербайжанның арасындағы келіспеушілік орамал мәселесімен шектелмейді. Израильге қатысты ұстаным айырмашылығы да екі елдің сыртқы саяси басымдықтары әрдайым сәйкес келе бермейтінін көрсетуде. Анкара Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттерін қатаң сынап келеді. Ал Баку Израильмен энергетика және қорғаныс салаларындағы байланысын сақтап отыр. 

 

Қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сөз сөйледі. Сол кезде Әзербайжан өкілінің залда қалуы Түркияда сынға ұшырады. 15-қазанда Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитінде Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Израиль президенті Ицхак Герцог сөз сөйлей бастағанда залдан шығып кетті.

 

15-қазанда Фидан Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Түрік министрі екі ел арасындағы қатынастардың берік екенін айтып, келіспеушіліктерді өркениетті түрде, келіссөз үстелінде шешу қажеттігін атап өтті.

 

Дегенмен Түркияда әлеуметтік желі қолданушылары Әзербайжанды сынға алуды тоқтатар емес. Олар тіпті президент Әлиевті тақтан тайдыру керектігін де айтуда. Баку Анкарадан бұл арандатушылық әрекеттерге тұсау салуын сұрауда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар