Еуропаны төңкеріс елесі кезіп жүр: Қақтығыс пен наразылықтың артында кімдер тұр?

Қымбатшылық, баспана дағдарысы, білім беру жүйесіндегі теңсіздік пен билікке деген сенімнің әлсіреуі Еуропа көшелерін қайтадан саяси күрес алаңына айналдырды. Францияда наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, Италия мен Бельгияда полициямен қақтығыстар болуда. Алайда бейбіт наразылықты жаппай бұзақылыққа айналдырғандар кім? Еуропаның тұрақсыздығына кімдер мүдделі? 


Европа в огне_ протестный горизонт.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

1848 жылы Карл Маркс пен Фридрих Энгельс Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүргенін жазған еді. Арада бір жарым ғасырдан астам уақыт өткенде, Кәрі құрлық тағы да мазасыз кезеңге аяқ басты дейді сарапшылар.

 

2026 жылғы 17-18 қазанда Франция, Италия, Бельгия және Португалияда жүздеген мың адам қатысқан наразылықтар өтті. Олардың ауқымы мен сипаты әртүрлі болғанымен, өмір сүру құнының өсуі мен әлеуметтік әділетсіздікке қатысты талаптар ортақ сипат алды. Францияда бейбіт шерулердің бір бөлігі жаппай қақтығысқа, тонауға және өрт қоюға ұласты. Италияның Милан қаласында да полиция мен наразылық білдірушілер арасында қақтығыс тіркелді. Ал Португалияда баспана бағасы мен төмен жалақыға қарсы шерулер өтті.

 

Еуропадағы қазіргі толқулардың ең ауыр көрінісі Францияда байқалуда. Қазан айының басында мектеп оқушылары мен білім беру саласының өкілдері оқу орындарының жағдайына, мұғалімдердің жетіспеуіне және сыныптардың шамадан тыс толуына қарсы наразылық білдіре бастаған. Кейін бұл қозғалыс әлеуметтік теңсіздікке, мемлекеттік қызметтердің сапасына және күнделікті шығындардың өсуіне қатысты кеңірек наразылықпен ұштасып кетті.

 

17-қазанда Францияның ондаған қаласында өткен шерулерге ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, жарты миллионнан астам адам қатысты. Олардың басым бөлігі бейбіт шеруге шыққанымен, бірқатар жерде жағдай бақылаудан шықты. Париж, Марсель, Лион, Бордо, Лимож және басқа қалаларда дүкендер тоналып, ғимараттар бүлінді, полициямен қақтығыстар болды.

 

Президент Эмманюэль Макрон бейбіт наразылық білдірушілердің талаптары мен тәртіпсіздікке қатысқандардың әрекеттерін бір-бірінен ажырату қажет екенін мәлімдеді. Үкімет күш қолдану мен тонауға қатысқандардың жауапқа тартылатынын ескертті.

 

Наразылықтар барысында Carrefour сауда желісі үлкен шығынға ұшыраған. Компанияның 50 дүкеніне шабуыл жасалып, олардың 20-сы тоналды. Лимож қаласының мэриясына от қойылды. Өрт салдарынан 140 жылдан астам тарихы бар ғимараттың басым бөлігі қирады. Марсель мен Лилль қалаларындағы мэрия ғимараттарына да басып кіру және бүлдіру әрекеттері жасалды. Reuters бірнеше жүз дүкеннің зақымданғанын хабарлады. Бордо қаласының мэрі 100-ге жуық сауда орны тоналғанын айтты. Бұған қоса, Лион қаласындағы туристік ақпарат орталығы өртеніп, Париж бен Марсельде көптеген дүкеннің терезелері сынған. Carrefour басшылығы келтірілген шығынның ондаған миллион еуроға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

 

18-қазанда Францияның ішкі істер министрі ел бойынша 2400 адамның ұсталғанын және мыңға жуық полиция қызметкерінің жарақат алғанын хабарлады.

 

17-қазанда Италияның Милан қаласында мыңдаған адам наразылыққа шықты. Наразылық әп-сәтте бұзақылыққа ұласты. Билік тәртіпсіздікке қатысқандарды айыптады.

 

Бельгияда қазанның басынан бері студенттер мен кәсіподақтар үкіметтің бюджет қысқартуларына, білім беру шығындарына және әлеуметтік жағдайға қатысты шешімдеріне қарсы шығып келеді. 9-қазанда Брюссельде өткен шеруге шамамен 30 мың адам қатысты. Шерудің негізгі бөлігі бейбіт өткенімен, кейбір топтар полицияға түрлі заттар лақтырып, өрт шығарған. Полиция суатқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды.

 

Португалиядағы наразылықтың негізгі өзегі - тұрғын үй мәселесі. Лиссабонда ондаған мың адам төмен жалақыға, баспана тапшылығына және өмір сүру құнының өсуіне қарсы көшеге шықты. Елде тұрғын үй бағасының қымбаттауы жастардың жеке өмірін жоспарлауына, отбасын құруына және еңбек еткен қаласында тұрақтап қалуына кедергі келтіріп отыр.

 

Еуропадағы наразылықтардың қозғаушы күші студенттер мен кәсіподақ мүшелері. Ал наразылықты бұзақылыққа айналдырушылар босқындар, радикалды топтар, заңсыз мигранттар мен сырттан қаржыландырылатын күштер дейді сарапшылар. Ішкі бұлқынысты жаппай тәртіпсіздікке айналдыру бірқатар ойыншыларға тиімді. Сарапшылар мыңдаған адамның арасында ресейлік арнайы күштердің тыңшылары, лаңкестік ұйымның өкілдері де бар екеніне күмән келтірмейді. Алайда әр оқиғаны нақты зерттеу үшін ұзақ уақыт пен ресурсты қажет болмақ дейді. 


Mezgil.kz





Сәйкес тақырыптар