Жапонияның демографиялық тоқырауы: Халық - қартайған. Туу - тоқтаған. Ауылдар - қаңырап қалған...

Шығыс Азияның технологиялық алыбы — Жапония бүгінде бұрын-соңды болмаған демографиялық дағдарыстың куәсі болып отыр. Токио тірелген тығырықтан Қазақстан қандай сабақ алуы керек? Бүгін осы жайлы аз-кем сөз шығармақпыз...

1792142629867698.jpg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалған)

ТОКИО ТІРЕЛГЕН ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?

Шынын айтсақ, тоқырау мен халық санының кемуі – бұл жүрдім-бардым өте шығар статистика ғана емес, бұл – дабыл қағарлық апатты жағдай. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесі мен болашақ ұлттық болмысына төнген үлкен қатер!

Бүгінде Жапония дәл осындай қатермен бетпе-бет келіп отыр. Жапонияның мемлекеттік статистикалық бюросының былтырғы жылғы қорытынды деректеріне көз жүгіртсек, елдің демографиялық жағдайы көз қуантарлықтай емес. Ел демографиялық құлдырауды бастан кешіруде...

Жапониядағы жан саны қазір 123,7 миллион адамды құрайды. Ал Жапонияда тұрып жатқан халық саны 119,7 миллион адам деп есептеледі. Статистка: «Жапонияда ақырғы 42 жылдың ішінде алғаш рет жан саны 120 миллионнан төмен сырғып отыр», - дейді. Соңғы бес жылда ел халқы 3,1 миллион адамға(2,5%-ға) азайған. Бұл — тұтас бір мегаполис халқының картадан жоғалуымен тең үрейлі көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде қарасақ – 2015–2020 жылдары халықтың кемуі 949 мың адам болса, соңғы 5 жылда бұл қарқын 3 еседен астам өсіп кеткен. Бұл азаюды тәулікке шақсақ, Жапония күніне орта есеппен 1,7 мың тұрғынынан айырылып жатыр деген сөз. Елдегі 47 префектураның 46-сында халық саны төмендеген. Тек ел астанасы Токио (+1,3%) ғана өсім көрсетіп отыр.

Муниципалитеттер деңгейіндегі ахуал тіпті сорақы. 1719 әкімшілік бірліктің 1568-інде (91,2%) халық азайса, әрбір үшінші елдімекенде төмендеу көрсеткіші 10%-дан асып кеткен.

ҚАРТАЙҒАН ҰЛТ ЖӘНЕ ЕҢБЕК КҮШІНІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ

Жапонияда халық санының азаюы ғана емес, сонымен қатар қарттардың көбейіп, жастардың азайып бара жатқандығы да дабыл қағарлық мәселе болып тұр. Қараңыз:

Жапонияда 65 жастан асқан азаматтардың саны 36,14 миллионға жетіп, жалпы халықтың 30%-ын құраған. Салыстырмалы түрде, G7 елдері, Қытай және Оңтүстік Кореямен қатар қойғанда, бұл — әлемдегі ең жоғары қартаю көрсеткіші. Ал 15 жасқа дейінгі балалар саны небәрі 13,35 млн (10%) адамды ғана құраған. Бұған қоса – еңбекке қабілетті халық (15–64 жас) үлесі 59,8%-ға дейін төмендеген. Бұл азайып бара жатқан жұмысшы табына зейнетақы, медициналық және әлеуметтік жүйелерді қаржыландырудың орасан зор салмағы түсіп жатқанын білдіреді.

АЙМАҚТАРДЫҢ ҚАҢЫРАП БОС ҚАЛУЫ ЖӘНЕ ТОКИО ФЕНОМЕНІ

Елдегі тағы бір өзекті мәселе — халықтың шоғырлану дихотомиясы. Провинциялар босап, аймақтардағы инфрақұрылым күйреп жатқанда, ел халқының үштен бірі (36,98 миллион адам) Токио мен оған шектес үш префектурада (Канагава, Сайтама, Тиба) шоғырланған. Ауылдық жерлер мен кіші қалалар «елес қалаларға» айналып бара жатса, астаналық агломерация мигранттар есебінен одан ары ұлғаюда.

Ұлттық демографияның құлдырауымен қоса, шетелдіктердің үлесі керісінше жедел өсіп келеді. Ресми статистика бойынша, елде 3,84 млн шетелдік азамат тіркелген (3,1%). Соңғы бес жылда олардың саны 40%-ға жуық өскен.

Негізгі миграциялық ағын – Қытай, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Филиппин және Непал сияқты Азия елдерінен келуде. Осы дағдарысты еңсеру үшін мигранттарға мұқтаж болып отырғанына қарамастан, Жапония үкіметі 2026 жылдың күзінде тұрақтап тұруға рұқсат беру заңнамасын қатаңдатқан.

Жаңа ереже бойынша, енді Жапонияда өмір сүргісі келетіндер ең әуелі жапон тілін кемі В1 деңгейінде білуі керек. Яғни, еркін меңгерген болуы керек. Онан соң, қоғамдық нормаларға бейімделе алатыны, қаржысының бар-жоғы, зейнетақы аударымдарының бар-жоғы, отбасын өздігінен қамтамасыз ете алатыны егжей-тегжейлі тексеріледі.

Бұл парадокс жапон билігінің демографиялық шығындарды шетелдік миграция есебінен өтеуге мәжбүр екенін, бірақ сонымен бірге өздерінің ұлттық мәдениеті мен әлеуметтік тәртібін сақтап қалу үшін интеграциялық сүзгіні мейлінше қатаң ұстағысы келетінін көрсетеді.

Түйіндеп айтсақ: Жапониядағы жағдай — тек бір елдің ішкі мәселесі емес, постиндустриалды қоғамдардың бәрінің алдынан шығатын ғаламдық трендтің «авангарды». Туу деңгейінің төмендеуі мен халықтың қартаюы – зейнетақы жүйесі және еңбек нарығы қайта қаралуы тиіс екенін аңғартады.

Жапонияның тәжірибесі біз секілді дамып келе жатқан мемлекеттерге мынадай сабақ береді: Экономикалық өсімді сақтау үшін тек технология жеткіліксіз, ең басты капитал — адам ресурсын сақтау, аймақтардың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету және миграциялық саясатты дер кезінде, әрі сауатты жоспарлау.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар