Украина билігі мен қорғаныс саласы баллистикалық зымыран, қарапайым қанатты зымыран, реактивті дрон және зымыран-дрон жасауға талпынуда. Бұл Ресейдің ішкі аймақтарына соққы жасауды арттырып, дрон жоя алмайтын нысаналарды жоюға мүмкіндік беретін еді.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
2026 жылы Украина алыс қашықтыққа соққы жасайтын кешендердің санын арттырды. Соның ішінде «Нептун» зымыраны, «Фламинго», «Паляниця», «Пекло», «Барс» сынды қару түрлері бар. Ресейдің Қорғаныс министрлігі жаздың үш айында кемі 90-нан астам «Фламинго» зымырандарын әуе қорғаныс жүйесі қағып түсіргенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда, зымыран мен дрон жасаушы компаниялар қарудың түрі мен типін атауда жаңашылдыққа баруда. Мысалы толыққанды зымыранды компаниялар кейде құжатқа дрон ретінде тіркейді. Бұл сырттан қандай да бір қысым жасалмау үшін және қаржыландыру тұрақты негізде іске асырылу мақсатында жасалады. АҚШ пен Ұлыбритания, Германия және Францияның жекелеген компаниялары да Украина үшін арзан зымырандар әзірлеуде. Алайда ол зымырандардың қашан сынақтан өтіп, Киевке жеткізілетіні белгісіз.
14-сәуірде Владимир Зеленский украин зымырандары мен дрондарының жанында тұрып, арнайы видео түсірді. Роликте украин тарапы жасап шыққан 56 түрлі зымыран мен дрон көрсетілді. Оның ішінде ұрыс жағдайында қолданылып жүрген «Фламинго», «Рута», «Пекло», «Нептун», «Паляниця» қарулары да бар еді.
Украина соғыс барысында «Нептун» зымырандарын қолдануда. Зымыранды «Луч» компаниясы жасап шықты. Ал әскери қолданысқа 2020 жылы берілді. Зымыранның Р-360 типі суүсті нысаналарын жоюға арнап шығарылды. Украина аталған зымыранмен Ресейдің теңіз флотын атқылауды ойлаған. Алайда соғыс жағдайында зымыранды құрлықтағы нысаналарды жоюға да қолдануда. Киев 2022 жылдың сәуірінде Ресейдің әйгілі «Мәскеу» крейсеріне «Нептун» зымыранымен соққы жасап, суға батырды.
2025 жылы Украина зымыранды модернизациялап, «Ұзын Нептун» деген түрін ойлап тапты. Ендігі таңда зымыран 300 шақырымнан 1000 шақырымға дейінгі аралыққа ұшып, жарылғыш салмағы 260 келі болатын оқтұмсықпен соққы жасайтын болды. 2026 жылдың маусымында «Луч» компаниясы мен еуропалық MBDA компаниясы келісім жасасып, «Нептун-2» зымыранын жасауға уағдаласты. Осылайша «Нептун» зымыраны теңіз зымыраны типінен алыс қашықтыққа соққы жасайтын құрлықтық зымыранға айналуда. Жалпы 2022 жылдан бері Ресей тарапы 200 дана «Нептун» зымыранын қағып түсірдік дейді. Алайда бұл ақпаратты тексеру мүмкін емес.
Украинаның тағы бір компаниясы саналатын Fire Point 3 мың шақырымға ұшып, 1150 келі жарылғыш оқтұмсықпен соққы жасайтын зымыран шығарды. Ол «Фламинго» деп аталады. Украина зымырандарды Ресейдің әскери кешендерін жоюға қолдануда. Ең алдымен өндіріс ошақтарын атқылауда. Мысалы Удмуртиядағы зымыран бөлшектерін шығаратын ВНИИР «Прогресс» зауыты, Волгоградтағы «Титан-Баррикада» зауыты дәл осы зымыранның соққысына ұшырады. «Авитек» зауыты, Самарадағы «Прогресс» кешені мен Волгоградтағы «Волгоградпромпроект» зауыты да «Фламингоның» соққысын сезінді.
2024 жылы Украина «Паляниця» зымыран-дронын қолдана бастады. Бұл қаруды «Луч» компаниясы жасап шықты. Зымыран-дронның салмағы 350 келі. Оның жарылғыш бөлігі 100 келі. 650 шақырымға дейін ұшып, соққы жасауға қабілетті.
Украина «Барс» дрондарын да қолдануда. Дрон 700 шақырымға дейін ұшып, соққы жасайды. Оның 22, 60 және 105 келілік түрлері бар. Аталмыш дрон көбіне ресейлік МӨЗ-дерді, электр станцияларын атқылауда қолданылады. Украина бұл дронды Азов және Қара теңіздегі ресейлік кемелерді соққылауда да қолданып келеді.
Украина зымырандар мен реактивті дрондарды, зымыран-дрондарды жаппай шығарып, соққы жасауға болатынын айтуда. Алайда Киевтің қолын қаржының жетіспеуі байлап тұр. Қазір Киев пен ЕО билігі осы қару түрлерін жаппай шығаруды қаржыландыру мәселесін шешуде. ЕО алғашқы траншты аударғанын айтты.
Mezgil.kz