Украина дрондары Ресейдің экономикасына қаншалықты шығын әкелуде? Осы тақырыпты ресейлік тәуелсіз сарапшылар мен Батыстық зерттеушілер талқылады. Ресей президенті Владимир Путин украин дрондары ЖІӨ-нің 1 пайызына жуық шығын әкелгенін растаған-ды. Бұл шамамен 25-28 млрд доллар деген сөз.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Қазіргі таңда, Украина Ресейдің дата орталықтарын нысанаға алып, соққылай бастады. «Яндекс» компаниясының үш дата орталығына жасалған шабуылдан кейін, компания тікелей және жанама негізде бірнеше млрд доллар жоғалтуы мүмкін дейді мамандар. The Insider басылымы әр МӨЗ-ге жасалған сәтте шабуылдың құны Ресей үшін шамамен 23 млрд рубльге тең екенін айтуда. Ал қоймаларға жасалған шабуылдар әлдеқайда ауқымды шығынға әкелуі ықтимал. Wildberries пен Ozon компаниясының шығыны 4-5 млрд доллар деп бағалануда.
МӨЗ-дерге жасалған шабуылдан кейін құны қымбат құрылғыларды қалпына келтіру қажет. Санкция жағдайында күн кешкен Ресей үшін бұл арзанға соқпауда. 2011-2018 жылдары Ресей билігі МӨЗ-дерге 95 дана мұнайды екінші мәрте өңдеу құрылғыларын қойған. Әр құрылғының құны шамамен 15-17 млрд рубль болды дейді сарапшылар. 2019-2026 жылдары Ресей тағы 27 құрылғы орнатқан.
Ресейдегі Энергетика министрлігінің Мұнай-газ департаментінің директоры Антон Рубцов құрылғыларды ауыстыру уақыт өткен сайын қиынға соғатынын айтуда. 2023 жылы «Газпром нефть» компаниясы Омбы МӨЗ-інде 6 құрылғыны алмастырды. Алмастыру құны 66 млрд рубльді құраған. Украина дәл осы құрылғыларға да соққы жасады.
S&P Global Commodity Insights сарапшысы Мэтью Сейгерс 2024 жылы Ресейдің бір ғана МӨЗ-і шабуылдың салдарын жоюға ондаған млн доллар жұмсайтынын мәлімдеді. Сарапшылар Трамп ұсынған энергетика келісімі іске асса, Ресей МӨЗ-дерді қалпына келтіріп, қорғанысын күшейтуге мүмкіндік алатынын айтуда. Киев тарапынан соққы жасау тоқтатылса, Кремль дереу арада қымбат құрылғыларды кіргізу жолын іздестірмек.
20-қыркүйекке қараған түні Украина дрондары Мәскеу МӨЗ-ін соққылады. Шабуылдан «Еуро+» кешені істен шықты. Бұл ЭЛОУ-АВТ 6 жүйесіне кіреді. Құрылғы 2020 жылы орнатылды және оған жұмсалған қаржы 98 млрд рубльді құрады.
Қазір Ресей МӨЗ-дерге қажетті құрылғыларды Қытайдан жеткізуге тырысуда. Алайда Бейжің Ресейдің қиын жағдайын пайдаланып, құрылғыларды 4 есе қымбат бағамен сатуда дейді мамандар.
Маркетплэйстерге жасалған соққылар, дата орталықтарын атқылау операциялары Ресей экономикасы үшін МӨЗ-дерге жасалған шабуылдардан да әлдеқайда залалды болуы ықтимал. Сарапшылар бұл операциялар тізбекті реакция ретінде экономикаға кері әсер ететінін айтуда.
Mezgil.kz