НАТО шығыс шепті қорғауға қатысты жоспарын таныстырды. Жоспар «Жеңіс теориясы» деп аталады. Концепция үш кезеңнен тұрады. Жоспарды Еуропадағы НАТО күштерінің бас қолбасшысы Алексус Гринкевич Варшавада өткен Қауіпсіздік форумында таныстыр5fy.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Сонымен жоспар келесідей үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – Block (Бұғаттау). Бұл кезеңде НАТО күштері шабуыл жасаушыны тоқтатып, жау әскерін НАТО аймағына тереңдеп кірмеуі үшін тежеуі тиіс. Осылайша негізгі күш келгенге дейін шайқасады.
Екінші кезең – Blunt (Соққыны әлсірету). Бұл кезеңде шабуылдаушының негізгі әскери әлеуетін әлсірету соққылары жасалады. Мысалы ол Ресей болса, онда Калининград аймағына, Петерборға және Беларусьтегі әскеріне зымыран соққылары жасалады. Балтық теңізін жабады. НАТО қарсыластың әуе қорғаныс жүйелерін атқылайды.
Үшінші кезең – Break (Талқандау). НАТО әскері шабуылдаушы әскерді ғана емес, тылдағы әскерді де жаппай соққы астына алады. Ондаған мың дрон, зымыран қолданылады. Роботты жүйелер іске қосылады. Мыңдаған ұшақ операцияға жұмылдырылады. Логистикаға соққы жасалады.
«Жеңіс теориясы» жоспарының әзірленіп жатқанына бірнеше жыл болды. Оны Гринкевич те растады. Ол жиында жоспар жайлы үстірт айтып өтті. Алайда сөз арасында жоспардың бірнеше мың беттен тұратынын, әр әскери бөлімге берілген арнайы міндет барын растады.
Statista зерттеу платформасының 2026 жылғы 5-наурызда жаңартылған дерегіне сәйкес, НАТО елдерінің әскери қызметшілерінің жалпы саны шамамен 3,65 миллион адамға жетеді. Қазір НАТО-да 20 мыңнан астам ұшақ, тікұшақ және үлкен барлау дрондары бар. Танктердің саны 12 мыңнан асады. Бұл соңғы үлгідегі жаңа танктер саналады.
Statista дерегінде НАТО мемлекеттерінің кеме паркі 2800-ден астам, Ресейдің көрсеткіші 750-ге жуық деп бағаланады. Ал әскери бюджет бойынша НАТО-ның жылдық бюджеті шамамен 1,5 трлн долларды құрайды. Сарапшылар осы бір деректерді келтіре отырып, Ресейдің барлық параметр бойынша артта екенін айтуда. Ресей әскері Украинамен соғыста бронды техника, авиация және артиллерия қорының айтулы бөлігінен айырылған. Танктер паркі, артиллерия қоры бос қалудың алдында тұр.
Заманауи соғыста дрондар мен жасанды интеллектінің рөлі артып келеді. Ұшқышсыз аппараттар барлау жүргізуге, жағдайды бақылауға және әскердің әрекетін үйлестіруге көмектеседі. Ал ақпаратты жылдам өңдеу жүйелері қолбасшылар үшін шешімді қысқа уақытта қабылдауға мүмкіндік береді. НАТО елдерінің барлау жүргізу мүмкіндігі әлдеқайда көп. Спутник саны бойынша Ресейді шаң қаптырады дейді мамандар.
Қазіргі таңда НАТО мемлекеттері қорғаныс саласына бөлетін қаржыны арттыруда. Әр мемлекет ЖІӨ-нің 5 пайызын қорғанысқа бөлуге міндеттеме алды. 2035 жылы НАТО-дағы барлық мемлекет осы межеге жетуі тиіс. Жоспар кезең-кезеңімен іске асуда. Бұл жоспарды Ресей билігі бірден айыптап, «НАТО бізбен соғысуға қызу дайындалып жатыр» деді.
Mezgil.kz