The Washington Post басылымы орыс князі Дмитрий Донской жайлы жазды. Жақында ғана майдан даласына Ресей билігі княздің қолының бір бөлігін жіберген еді. Бұл әрекет жауынгерлердің рухын көтеру үшін жасалды. Алайда ұрыс даласында Дмитрий Донскойдың қолы жоғалып кетті деген ақпарат тарауда.
(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
2026 жылы Архангел соборында реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Сол сәтте Мәскеу князі Дмитрий Донскойдың жерленген орны ғылыми зерттеу жұмыстары үшін ашылды. Зерттеушілер саркофагтың қақпағы жарылып, ішіндегі сүйекке қауіп төнгенін айтты. Осыған байланысты саркофаг ашылып, жерлеу орны мен мүрде антропологиялық тұрғыдан зерттелді.
Ғалымдар сүйектің 35–45 жастағы ер адамға тиесілі екенін, ал бойы 175–177 сантиметрге жеткенін анықтады. Дмитрий Донской Ресей тарихында 1380 жылғы Куликов шайқасында Мәскеу әскерін бастап, Мамайдың әскерімен соғысқан тұлға ретінде белгілі. 1988 жылы православие шіркеуі оны әулие ретінде канонизациялаған болатын. Сол себепті княздің сүйегі Ресейде діни тұрғыдан қасиетті нысан ретінде де қабылданады.
Ресей билігі Дмитрий Донскойдың оң қолының бір бөлігін ұрыс даласына жіберіп, сарбаздарға көрсетіп, рухтандыру әрекетін іске асыру шешімін қабылдады. Бұл шешімді шіркеу қызметкерлері де қолдады. Кремльшіл пропагандистер: «Княз Донской майдан даласында оң қолымен қылыш ұстап, жауды жеңді. Сол себепті де оң қолының бір бөлігін майдан даласына жіберу керек», - дегенді айтты. Сөйтіп майдан даласына Донскойдың оң қолының бір бөлігі салынған арнайы қобдиша жіберілді.
Мәскеу Патриархатының Әскери бөлімі 8 қыркүйекте: «Дәл қазір қасиетті ұлы княз Дмитрий Донскойдың жәдігерлерінің бір бөлшегі салынған қобдиша майдан шебіне қарай жол тартты. Қасиетті қолбасшының рухы бүгінде Отанымыздың тағдыры шешіліп жатқан ұрыс даласына аттанып, қорғаушыларымызбен бірге сапқа тұрады», — деп мәлімдеді.
Кейін «Ресей әскері Дмитрий Донскойдың қолының бір бөлшегін жоғалтып алған болуы мүмкін» деген ақпарат тарады. Ақпаратты The Moscow Times сайты 1-қазанда Ресейдің соғысты қолдайтын екі Telegram-арнасына сүйеніп жазды. Бұл туралы ресейлік парақшалар да жаза бастады. Бұл ақпаратты Ресей шіркеуі жоққа шығарды.
Дегенмен ресейлік тарап княз Донскойдың қолы салынған қобдишаның суретін, видеосын жариялаған жоқ. Ақпарат бойынша, Донскойдың қолы салынған қобдиша соңғы мәрте Лиман бағытына жеткізілген. Ал бұл бағытта Украина «Вивальди» операциясын жүзеге асыруда. Операция барысында Украина кемі 400-ге жуық ресейлік сарбазды тұтқынға алып, оннан астам елді-мекенді азат еткен болатын. Аталмыш бағытта Ресей әскері кей позицияны жедел тастап, шегінген еді. Сарапшылар ұрыс барысында тарихи жәдігердің жоғалуы немесе жәдігерді тасымалдаған топтың дрондар соққысына ұшырауы бек мүмкін дейді.
Mezgil.kz