Украинаның FP-7 зымыраны: Киев бұл қаруды қашан және қалай қолданбақ?

Украина алғаш рет тактикалық баллистикалық зымыранды ұрыс жағдайында қолданды. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеген болатын. Әңгіме украиналық Fire Point компаниясы әзірлеген FP-7 тактикалық баллистикалық зымыраны туралы болып отыр.


Ракетный удар на карте Украины.png

 (Сурет: ЖИ арқылы жасалды)


1-қазан күні Владимир Зеленский әлеуметтік желілерде зымыранның ұшырылған сәті бейнеленген қысқа видео жариялап, Украинаның FP-7 тактикалық баллистикалық зымыраны ұрыс жағдайында сынақтан сәтті өткенін және енді жаппай өндіріс басталатынын жазды.

 

FP-7 баллистикалық зымыранын украиналық Fire Point қорғаныс компаниясы әзірлеп жатыр. Компанияның сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, зымыран 250 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұша алады және жарылғыш бөлігінің салмағы 200 келіге дейін жетеді.

 

Fire Point компаниясы FP-7-ні америкалық ATACMS зымырандарына арзанырақ балама ретінде, сондай-ақ Freyja әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағдарламасы аясындағы зымыран ретінде қарастыратынын айтты.

 

FP-7 зымыраны тіркемеге орналастырылған рельсті бағыттағыштар арқылы ұшырылады. Fire Point FP-7 жобасымен жұмыс істеп жатқанын алғаш рет 2025 жылғы қыркүйекте Польшада өткен MSPO халықаралық қорғаныс өнеркәсібі көрмесінде айтты. Алғашқы сынақтар өткен жылдың ақпан айының соңында өткізілді. Тамыз айында компанияның бас директоры Ирина Терех шамамен 15 сынақтық ұшыру жасалғанын хабарлады.

 

Defense Express интернет-порталының мәліметінше, FP-7 кеңестік 48Н6 зениттік зымыранының негізінде жасалған. Бұл зымыранды Ресей С-400 әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінде қолданады. Алайда Fire Point конструкторлары жеңілдетілген материалдарды, жаңа бағыттау жүйелерін және отын түрін пайдаланған. FP-7-нің алғашқы сынақтары оқтұмсықсыз өткізілді. Сондықтан оның ұрыста алғаш рет қолданылуы жаңа қару түрін әзірлеу барысындағы маңызды кезең болып саналады.

 

«Кез келген қару үш шарт орындалғанда ғана шын мәнінде қаруға айналады. Біріншіден, ол жаппай өндірілуі керек. Екіншіден, қарулы күштердің бөлімшелерінің штаттық жарақтануына енгізілуі қажет. Үшіншіден, әскери қызметшілер оны тиімді қолдана алуы керек», — дейді Defense Express консалтингтік компаниясының директоры Сергей Згурец. Әзірге бұл шарттар орындалған жоқ. Тек бастамасы ғана іске асуда.

 

«Әзірге соққылар эпизодтық сипатта болады. Өйткені бұл тез жүзеге асатын процесс емес. Оның үстіне Украина бұған дейін жедел-тактикалық баллистикалық зымырандар өндірмеген. Дегенмен Украинада өзінің баллистикалық зымыранының пайда болуының өзі маңызды белес», — дейді «Ақпараттық қарсылық» тобының әскери-саяси шолушысы Александр Коваленко.

 

Оның айтуынша, FP-7 зымыраны Украинадағы баллистикалық зымырандардың басқа бағдарламаларын жүзеге асыруға жасалған алғашқы қадам саналады.

 

Fire Point компаниясы FP-7-нің айына жүздеген зымыран шығаратын сериялық өндірісін іске қосуды жоспарлаған еді. Компанияның бас конструкторы әрі тең иесі Денис Штилерман 2025 жылдың соңында бұл өндірісті мемлекет тарапынан тапсырыс пен қаржыландыру болған жағдайда бастауға болатынын айтты. Әзірге мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Болжам бойынша Украина зымыранды 2027 жылдың наурызына қарай жаппай қолдана бастауы ықтимал. 

 

FP-7 зымырандары жаппай өндірілсе, Украина Брянск, Белгород және Курск облыстарын тұрақты түрде соққы астына алып, Ресейдің аталған аймақтағы әскери және экономикалық нысандарын жоя алады. Ресей аталған аймақтағы С-400 және Бук-М3 әуе қорғаныс жүйелерін Мәскеу облысына шоғырландырды. Сол себепті де, бұл үш облыс шартты түрде баллистикалық зымырандардан қорғалмаған.


Mezgil.kz

 



Сәйкес тақырыптар