Йемендегі соғыс қайтадан толыққанды аймақтық қақтығысқа ұласты. Сауд Арабиясы қолдайтын Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметі хуситтерге қарсы ауқымды әскери операция бастады. 4-қазанда президенттік басқару кеңесінің төрағасы Рашад әл-Алими хуситтер бақылауындағы аймақтарды қайтаруға бағытталған операцияның басталғанын хабарлады.
(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Ақпарат көздері Йемен үкіметі Сауд Арабиясының қолдауымен 100 мыңға жуық әскерді бастап, шабуылға шығатынын жазуда. Алайда нақты жүз мың адамның шабуылға шығу-шықпауы белгісіз. Бұл Йемен үкіметінің мобилизациялауға ниетті сарбаздар саны болуы да мүмкін. Дей-тұра шабуыл жоспарын Сауд Арабиясы мен Йемен үкіметі бірлесе жасап жатқаны расталды.
Reuters мәліметінше, Сауд Арабиясы екі негізгі сценарийді қарастырған. Біріншісі — Баб әл-Мандаб маңындағы шектеулі операция. Екіншісі — бірнеше бағытта іске асатын кең ауқымды шабуыл. Мұндай жағдайда Әл-Байда, Мариб, Таиз және Әл-Жауф провинцияларындағы майдандар қыза түсуі мүмкін. Құрлықтық операцияларды Йемен үкіметі іске асырса, Сауд Арабиясы хуситтерге әуеден соққы жасап, үкімет жасақтарын қажетті барлау ақпаратымен қамтамасыз етпек.
Қазір қиян-кескі шайқастар Таиз қаласы маңында болып жатыр. Бұл қала Йеменнің оңтүстік-батысында орналасқан және елдің саяси, экономикалық әрі географиялық тұрғыдан аса маңызды өңірлерінің біріне айналды. Таиз провинциясында шамамен 4,5 миллион адам тұрады. Оның батыс бөлігі Қызыл теңіз суымен шайылып жатыр, ал провинцияның жағалауында Моха порты мен Баб әл-Мандабқа жақын стратегиялық аумақтар орналасқан.
Соңғы күндері хуситтер Таиз маңындағы стратегиялық биіктіктер мен жолдарға шабуылды арттырды. Reuters-тің хабарлауынша, хуситтер Таиз бен оңтүстіктегі Аденді жалғайтын соңғы маңызды жолға жақындаған. Егер жолды хуситтер толық бақылауға алса, онда қала қоршауда қалуы мүмкін. Бұл сценарийді іске асырмау үшін үкімет әскері шабуыл операцияларын арттырды. Ал Сауд Арабиясы Таиз маңындағы хуситтер жасақтарына дүркіндете соққы жасауда.
Баб әл-Мандаб бұғазы маңында да шайқастар қыза түсті. Бұғаз Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын әлемдік сауда үшін аса маңызды теңіз өткелі саналады. Еуропа мен Азия арасындағы сауда қатынасының маңызды торабы осы жолмен өтеді. Reuters 4-қазанда хуситтер қыркүйекте Баб әл-Мандаб бұғазын және Қызыл теңіз жағалауының шамамен 150 шақырымын басып алғанын хабарлады.
Сауд Арабиясы хуситтерге шабуылды үдеткен сәтте, хуситтер Саудияның мұнайлы аймақтарын атқылап, қарымта соққыны арттырды. Тіпті Мекке қаласын да нысанаға алып, ел астанасы Эр-Риядты да төмпештеуге тырысты. Бұл 7-тамызда жасалған «Мекке келісімінің» маңызы қаншалықты деген сұрақты туындатты. Өйткені келісім бойынша Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия сыртқы шабуылдан бір-бірін қорғауға уағдаласқан болатын.
31-тамызда Ыстамбұлда осы келісім аясындағы Стратегиялық саяси және қорғаныс комитетінің алғашқы отырысы өтті. Үш ел қорғаныс қабілетін арттыру, әскери ынтымақтастықты институционалдандыру және бірлескен қорғаныс өнеркәсібі жобаларын дамыту туралы келісті. 5-қазанда комитеттің келесі отырысы Эр-Риядта өтпек. Отырыста хуситтерге қарсы операция туралы да сөз болмақ дейді сарапшылар.
Соғыстың қайта жандануы Йемендегі гуманитарлық жағдайды күрт ушықтырып жіберді. БҰҰ жүйесінің 2 қазандағы мәліметінде соңғы апталарда 152 мыңнан астам адамның қоныс аударғаны айтылды. Таиз бен Аден маңына келген кейбір отбасылар бірнеше күн бойы жаяу жүрген, су мен азық-түліксіз қалған. Босқындардың бір бөлігі Йемендегі соғыс қайта басталғалы бірнеше мәрте қоныс аударуға мәжбүр болған. Ал ЮНИСЕФ қазанның басында батыс Йеменде бір айға жетпейтін уақытта шамамен 79 мың баланың қоныс аударғанын хабарлады. Халықаралық ұйымдар қос тараптың арасындағы қақтығыс ушыға берсе, миллиондаған адам ішкі босқын атанып, үлкен апат болуы мүмкін екенін ескертуде.
Mezgil.kz