Иә, қалыс естімедіңіз. АҚШ бүгін (30 қыркүйекте) Ирақтағы қалған әскери контингентін толық шығаруды жоспарлап отыр.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Осылайша Таяу Шығыстағы тағдырлы ел – Ирақта жиырма жыл болған әскери миссия дәуірі аяқталмақ.
«ИРАҚ ЕРКІНДІГІ» ОПЕРАЦИЯСЫ: ХУСЕЙІННІҢ ҚҰЛАУЫ...
АҚШ әскері Ираққа 2003 жылдың көктемінде кірген. Ол кезде АҚШ-тың екі шылбыр, бір тізгігі кіші Буштың қолында еді. «Ирақ еркіндігі» деген операцияны бастап жіберді. АҚШ жалғыз кірген жоқ. Жанында Ұлыбритания, Польша мен Аустралия секілді одақтастары да болды. Нәтижесінде Саддам Хусейін билігі құлады.
Жалпы бұл әңгіменің басы сәл әріректен басталады. Ирақты қарусыздандыру жөніндегі БҰҰ комиссиясымен ынтымақтастықтан бас тартқан соң, 1998 жылы «Ирақты азат ету туралы» акт қабылданған. Бұл құжат – Ирақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Саддам Хусейінді тақтан тайтыруға бағытталған. АҚШ өзінің сыртқы саясатының ресми бағыты етіп бекіткен, бұл құжатты.
Ал 2002 жылы Конгресс Буштың баласы Бушқа ерекше құзырет берді. Ол бойынша кіші Буш Ирақ үкіметіне қарсы әскери күш қолдануға құқылы болды. Осыдан соң көп ұзамай, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің № 1441-ші резолюцияны бекітіп, Ирақтан қарусыздануды талап етті. Бұл соңғы мүмкіндік деп аталды.
Сөйтіп, Ирақтағы соғыс ресми түрде 2003 жылдың 20 наурызында басталды. АҚШ пен оның одақтастары әуелі әуеден соқты. Сосын жерүсті операциясын бастады. Ирақ әскері тез талқандалды. 2003 жылдың желтоқсанында «Қызыл таң» операциясы жасалып, Саддам Хусейін тұтқынға түсті. Арада үш жыл өткенде Хусейінді Ирақтың өз соты өлім жазасына кесті.
Саддам биліктен тайдырылғаннан кейінгі пайда болған вакуум мен Уақытша коалициялық әкімшіліктің салғырт басқаруы шииттер мен сунниттер арасындағы ауқымды азаматтық соғысқа, сондай-ақ коалициялық күштерге қарсы ұзаққа созылған көтеріліске ұласты. Сөйтіп, Ирақтан тыныштық қашты.
Ал АҚШ бұл бейберекетсіздікті басу үшін 2007 жылы өзінің әскери контингентін ұлғайтты. Санын 170 мыңға бірақ жеткізді. Осылайша, Ирақ үкіметі АҚШ әскерилеріне арқа сүйеп, жергілікті жердегі бақылауын күшейтті. Ал 2008 жылы Буш Ирақтағы барлық жауынгерлік бөлімшелерді гығаруға келісті. Әскерді Ирақтан шығару процессі 2011 жылы, Обаманың тұсында мәреленген. Десе де, АҚШ Ирақтан біржола кетпеген.
Ал 2014 жылы «Ислам мемлекеті» (ИГИЛ) дейтін террорлық ұйымы ел аумағының едәуір бөлігін басып алып, лаң салды. Шамасы келмеген Бағдат Уашиңтонға қайта қолқа салады. Сөйтіп, АҚШ Ирақ жеріне қайта оралған.
АҚШ НЕГЕ КЕТІП ЖАТЫР?
Айттық қой, АҚШ-ты арнайы алдыртқан Бағдаттың өзі еді, 2014 жылы. Арада он жыл өткенде, 2024 жылы Уашиңтон мен Бағдат «Ислам мемлекетіне» (ИГИЛ) қарсы «Мызғымас шешімгерлік» (Inherent Resolve) әскери операциясын тоқтату туралы келісімге келді. «ИМ-ді» жеңуі миссиясы толық орындалды деп жарияланған.
Ал қазір Ирақтағы америкалық әскер саны айтарлықтай қысқарып, қазіргі таңда Ирақтың Күрдістан аймағында шағын ғана контингент қалған.
Сарапшылардың пікірінше: Әскерді шығару туралы шешім Ирақтың бұған дейінгі үкіметімен келісілген. Өйткені, «ИМ-ді» жеңуі миссиясы толық орындалған.
Тағы бір топ сарапшылардың пікірінше: Ирақ үкіметтеріі ел ішіндегі саяси қысымға тап болған. Көпшілік АҚШ әскерінің елде болуын «Ирақтың егемендігіне қол сұғу» деп қабылдаған.
Үшінші топ сарапшылар: Қазіргі әскер шығару процессі Иранмен арадағы қақтығыс аясында жүріп жатыр. Бұл жағдай Ирақтағы америкалық әскери нысандарды Теһеранның оңай нысанасына айналдырады дегенге саяды. Ирақтың солтүстігіндегі америкалық нысандарға жасалған соңғы шабуылдар – Уашиңтон Ирақта қалған аз ғана әскери контингентті Иран үшін осал нысана ретінде қарастыра бастағанын көрсетеді.
Бірақ, үш топ та ортақ бір пікірді айтады. Ол – «АҚШ-тың әскері кеткенімен, Уашиңтонның Ирақтағы ықпалы бірден жоғалып кетпейді».
ИРАҚТАҒЫ ЖИЫРМА ЖЫЛ: НЕ ӨЗГЕРДІ, НЕ ӨЗГЕРМЕДІ?
АҚШ-тың Ирақтағы 20 жылдық миссиясы артында қандай із қалдырды? Қазір әлемдік сарапшылар осы сұраққа жауап іздеуге көшті. Пікірлер қарама-қайшы.
«АҚШ-тың Ираққа кіргенімен, көздеген мақсаттарына жете алмады. Биліктің ауысуы ирақтықтардың тұрақты әрі өркендеген мемлекет туралы үмітін ақтамады. Бұл оқиғалар керісінше, бүкіл аймақтағы тұрақсыздықты күшейтіп, Иранның өз ықпалын кеңейтуіне мүмкіндік берді», - дейді бір топ сарапшылар.
Ал екіншілері: «Өтпелі кезеңнің өте күрделі болғаны рас. Алайда көптеген ирақтықтар Саддам Хусейіннің биліктен кетуінен кейінгі саяси өзгерістерді оң қабылдады. Ирақта өкілді демократияның қажеттілігі туралы түсінік қалыптасты. Бірақ бұрын мұндай тәжірибесі болмаған қоғамда демократиялық дәстүрлердің орнығуына уақыт қажет», - дейді.
Десе де, барлық сарапшылардың пікірі мынаған тоғысады: Елде жемқорлық кең таралған. Мемлекеттік институттармен қатар қарулы құрылымдар да ықпалын сақтап отыр. Олардың қатарында «Халықтық жұмылдыру күштері» құрамындағы радикалды топтар бар. Бұл — негізінен шиит жасақтарынан тұратын құрылым. Бағдад оларды толықтай мемлекеттік бақылауға алуға тырысып келеді.
ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ әскерін шығарғаннан кейін де Уашиңтонның Ирақтағы ықпалы сақталады. АҚШ әлі де маңызды ықпал ету тетіктеріне ие. Өйткені Ирақ мұнай сатуға тәуелді, ал мұнай АҚШ долларымен сатылады. Сонымен қатар Ирақ АҚШ-тан қару-жарақ сатып алуды жалғастырып келеді және көрші мемлекеттермен қарым-қатынастағы мәселелерді реттеу үшін америкалық дипломатиялық қолдауға мұқтаж. Бағдадта әлемдегі ең ірі АҚШ елшілігі, ал Ербілде ең ірі консулдық орналасқан. АҚШ ең кемі осы нысандарды қорғауға мүдделі.
Америкалықтар Ирақ армиясын, антитеррорлық қызметті және Ирақ Күрдістанының қарулы күштері — «Пешмерганы» оқытуға, операцияларды жоспарлауға көмектесуі мүмкін.
ИРАНШЫЛ ТОПТАР БАҒДАТҚА БАҒЫНА МА?
Бұл басы ашық қалып отырған мәселе. Себебі, Ирақ премьері Әли әз-Зейди бастапқыда бұл жасақтарды 30 қыркүйекке дейін толықтай мемлекеттік бақылауға алуды жоспарлаған. Алайда, қарулы топтар бұл мерзімді 2027 жылдың соңына дейін ұзартуды талап етіп отыр. Сарапшылардың дені, бұл жай ғанауақыт созу. Ираншыл топтар Бағдатқа бағынуға ниетті емес дейді. Ал бұл құрылымдар Ирақтың саяси және қаржылық жүйесіне терең орныққан, парламентте өкілдері бар және Теһеранмен тығыз байланыста.
Сарапшылардың пікірінше: АҚШ әскерінің шығарылуы Ирақтағы АҚШ пен Иран арасындағы күштер тепе-теңдігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарады. Иран өз ықпалын күшейтуге мүмкіндік іздейді.
Mezgil.kz