АҚШ араға түсіп, қос тарапты қыспаққа алуға тырысқанымен, майдан шебіндегі ұрыс қимылдары бәр сәтке де тоқтаған жоқ.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
СОҒЫС ХРОНИКАЛАРЫ: УКРАИНАНЫҢ ТАРИХИ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ
Украина 2022 жылдан күні бүгінге дейін өзінен оншақты есе үлкен мемлекетпен, оншақты есе үлкен армиямен табандан тұрып күресуде. Өзімен тең немесе ортаңқол күшпен емес, білдей ядролық державамен, әлемдік гегемондыққа ұмтылып отырған елмен, бұрынғы империямен күресуде. Күрестің басты мақсаты – қарсыластың жаңа имперлік амбициясына тойтарыс беру, жерді басқыншылардан азат ету.
Украина бұл соғыста әбден шыңдалды. Армиясы тап қазір Еуропадағы ең мықты армиялардың біріне айналды. Қаруын жаңартты, ұрыс тәсілін өзгертті. Әлемдік соғыс жылнамасына «дрон әскері» һәм «дрондар шайқасы» деген түсінікті қанды сиямен жазды.
Украина бұл соғыста әуелде қорғанушы ел еді. Бүгінде ол шабуылдаушы елге айналды. Киев тек қорғанып жатпады. Әлем тарихына – «Тор», «Киевті қорғау», «Харьковтегі контршабуыл», «Херсонды азат ету» секілді сәтті әскери операцияларды жазып қалдырды.
БИЛЕЦКИЙДІҢ БАСЫНА ТІГІЛГЕН БӘЙГЕ
Ресей армиясы үшін Украинаның әскербасылары (қолбасшылары) түнгі түстерінен шошытып оятатындай сеске айналды. Әрқайсысының ерлік істері жеке-жеке дәріптеуге тұрарлық тұлғалар. Бәрін жіпке тізбесек те, бірлы-жарымын сөзмысал ретінде айтайық:
Есік түбіне тақап келген жауға астананы бермей күрескен Валерий Залужныйдың ерлігі неге тұрарлық? Немесе Харьковтегі контршабуылды сәтті жүзеге асырған, Бахмут үшін табандап күрескен Александр Сырскийдің ерлігі ше? Ал сонау 2014 жылдан бері соғыста жүрген, ұрыс көлігімен жаудың баррикадасын аттап өтіп, Мариупольдегі сепаратистердің сазайын берген, онан соң да майданның алдыңғы шебінен кетпеген Михаил Драпатыйдың ерлігі ше?
Сол санаттағы қолбасшылар – Горбатенко, Ковальчук, Мадиярлардың әрқайсының ерліктегі бір-бір кітап. Десе де, біз бүгін Андрей Билецкийді ерекшелеп жазбақпыз.
Билецкий – 47-де. Украина ҚК 3-ші корпусының қолбасшысы. Әйгілі «Азов» полкінің негізін қалаған және алғашқы командирі болған адам. Биыл қыркүйектен бастап 3-ші корпуспен бірге «Орталық» топты да басқарады. Ресей Қорғаныс министрлігі мен ресми билігі Билецкийді «басты дұшпандардың бірі» һәм «басты нысаналардың бірі» деп атаса, жекелеген әскери топтар оның басына бәйге де тіккен.
«ВИВАЛЬДИ» ОПЕРАЦИЯСЫ: ЛИМАН УКРАИНА БАҚЫЛАУЫНА ӨТТІ!
Әлгінде ғана, Украина Қарулы Күштері Лиман бағытында жауды ығыстырып, басқыншы әскерді қоршауға алғанын жазғанбыз. Ал бүгін Ресей Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Лиман түбіндегі қоршаудан шығып үлгермей, тұтқынға түскені белгілі болды.
Үшінші армиялық корпус Новое, Редкодуб және Катериновка елді мекендерін жаудан азат етіп, Карповка мен Новомихайловкаға қайта бақылау орнатты.
Басқыншылардың адами шығыны шамамен 2 мыңнан асады. Тағы 250-ден астамы тұтқынға алынған.
Билецкийдің сөзінше, Ресейліктер негізгі соққы Шандриголово – Зеленая Долина бағытында болады деп күткен, ал Украина айлаға салып, жауды қапы қалдырып, басты соққыны Новое елді мекеніне берген. Сөйтіп, Украина Қарулы Күштері Лиман қаласын, сондай-ақ оның оңтүстік-шығысындағы барлық қала маңайын толықтай өз бақылауына қайтарған. Ресей армиясы Жеребец өзенінің арғы бетіне ысырылған. Сонымен қатар, Украина Қарулы Күштері Диброва мен Озерное елді мекендерін босатып, Ямпольде плацдарм орнатқан. Қазір Заречное және Торское елді мекендері үшін ұрыс басталған.
15 қыркүйекте Украина Қарулы Күштері Донецк облысының солтүстігінде «Вивальди» операциясын бастап, қарсы шабуылға шыққан. Лиманды азат ету – осы операцияның үшінші кезеңі болған.
Билецкийдің айтуынша, қарсыластың қорғанысын бұзып өту үшін Үшінші армиялық корпус өзінің инженерлік жаңалығын қолданған. Ол – Украина кеңестік БТР-60 бронетранспортерлерін роботтандырылған камикадзе-кешендерге айналдырып, қарсы қолданған. Соның көмегімен жаудың ең берік деген бекіністері жарылған.
«Вивальди» операциясының үшінші кезеңінде жоғары жауынгерлік рух пен кәсібилік танытқан Үшінші шабуылдаушы бригаданың жауынгерлері шешуші рөл атқарды. Нәтижесінде офицерлерімен және артиллеристерімен бірге тұтас бөлімшелер тұтқынға берілді», - деді Билецкий.
Mezgil.kz