БҰҰ алаңына басты қарсыластар шықты: АҚШ пен Иран бітісе ме, кетісе ме?

БҰҰ Бас Ассамблеясының бас мінбері – қазір әлемдік саясаттың басты алаңы болып тұр. 81-ші сессияның ашылуынан соң әлем басшылары кезек-кезек сол бас мінберден әлем жұртына өз үндеулері мен ұсыныстарын жолдауда...

1790246235857627.jpg

(Суреттер: euronews.com сайтынан алынды)

Алғашқылардың бірі болып сол мінберден сөйлегендердің бірі – АҚШ президенті Дональд Трамп болды. Өз сөзінде Трамп: «Қарашада өтетін аралық сайлаудан кейін Иранмен бейбіт келісімге қол қойып қалуымыз әбден мүмкін», - деп айтты.

Трамп Ираннан бөлек, Украинадағы соғысқа, Кубаның тағдырына және Гренландия туралы жаңа келісімге жеке-жеке тоқталды. Ол туралы бөлек жаза жатармыз, қазір әлем жұртын әрі-сәрі еткен «Иранмен келісімнің» жай-жапсарына тоқталайық...

АҚШ ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

«Меніңше, біз сайлаудан кейін бірден Иранмен келісім жасаймыз, өйткені олардың бұл келісімді жасамауына еш себеп қалған жоқ. Олар қазір біздің аралық сайлаудағы жағдайымыздың қалай болатынын күтіп отыр», - деді Трамп.

Теһеран бұл сөздерде нақты жауап қата қойған жоқ. Бірақ, БҰҰ алаңында ұзақ үзілістен кейін АҚШ пен Иранның ресми делегациялары алғаш рет жүзбе-жүз келіссөздер өткізді. Бұл жүздесі 3 сағатқа созылды.

Кездесуге Уашиңтон атынан Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Жаред Кушнер, ал Теһеран тарапынан СІМ басшысы Аббас Арагчи қатысқан. Бұл кездесу де бұрынғыша делдалдар арқылы жүзеге асырылған.

Бұл келіссөздер жайлы: «БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында біз Иран делегациясымен ұзақ келіссөздер жүргіздік. Талқылаулардың бір кезеңі табысты аяқталды, бұл конструктивті әрі келешегі бар кездесу болады деп үміттенеміз. Делдалдар өз жұмысын жалғастыра беретін болады», - деп жазды Уиткофф.

ТРАМП: ИРАНДЫ ЖОЙЫП ЖІБЕРЕЙІН БЕ?

Айта кетсек, Дональд Трамп БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде маңызды шешім қабылдау міндеті тұрғанын ашық айтқан. Ол шешім – Иранмен келісімге келу туралы шешім еді...

«Енді маған маңызды шешім қабылдау қажет болады. Иранмен олардың елін қайта аяққа тұрғызуына және оны бұрын-соңды болмағандай ұлы етуіне мүмкіндік беретін келісім жасала ма, әлде Ислам Республикасының билігі өз адамдарын әрі қарай да өлтіруін және өз елін талқандауын тоқтату үшін оны тез арада жойып жіберуім керек пе? Оларға аман қалуға мүмкіндік қалдырмай, шынайы тозақ орнатайын ба? Бірақ, меніңше, біз сайлаудан кейін бірден келісімге келеміз», - деді Трамп.

Ал сөз соңында Трамп әлемдегі басқа елдерді Иранға жасалатын қысымды қолдауға шақырды, сондай-ақ, АҚШ Иранға қарсы соғысты бастау арқылы оның ядролық қаруға ие болуының алдын алғанын айтты.

ИРАН ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

БҰҰ-дағы басты мінберден Иран президенті Масуд Пезешкиан да сөз сөйледі. «Иран қысымға көнбейтінін, бірақ келіссөздерге дайын екенін» айтты.

БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Иран президенті АҚШ пен Израильді «бейбіт тұрғындарға заңсыз соққы жасады» деп айыптады. Трампқа арнап: «Иә, олар бізге соққы берді, бірақ біз тізе бүккен жоқпыз», - деді. Одан бөлек өз елінің «терроризм ұйымдастырушысы емес, керісінше оның құрбаны болғанын» мәлімдеді.

Пезешкиан БҰҰ-ның бас мінберінен соғыстың алғашқы күні Минаб қаласындағы «Шажарат ат-Тайба» мектебіне жасалған зымыран соққысынан қаза тапқан 156 оқушының суретін көрсетті. Ол сондай-ақ, осы соғыстың алғашқы соққылары кезінде қаза тапқан марқұм аятолла Әли Хаменейдің суретін көрсетіп, сол күні спорт залына жасалған американдық соққыны еске салды.

ПЕЗЕШКИАН: ТЕРРОРШЫ БІЗ БЕ, ОЛАР МА?

«АҚШ президенті бізді «терроршылар» деп атады. Біздің өзіміз терроризмнің құрбаны болдық», - деді Пезешкиан. «Біз тек тәуелсіз өмір сүруге ұмтыламыз. Тұрақсыздықтың бастауы біз бе? Террорлық актілер жасап, қылмыс істейтіндер — солар бейбітшілік пен тұрақтылықтың қорғаушылары ма?», - деді Пезешкиан.

Ол АҚШ пен Израильді «Иранның бейбіт тұрғындары мен инфрақұрылымына заңсыз соққы жасады» деп айыптап, Иранның әскери әлеуетін тек өзін-өзі қорғау мақсатында дамытып жатқанын және басқа мемлекеттерге шабуыл жасау ниеті жоқтығын атап өтті.

Пезешкиан Иранның «ядролық білім тек санаулы елдердің айрықша артықшылығы болуы тиіс» дегенмен келіспейтінін мәлімдеп, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дауды әскери жолмен шешу мүмкін еместігін баса айтты.

Израильге қарата айтқан сөзінде ол: «Атом бомбасы Израильде, ал инспекторлар Иранда» және «Израиль адамдарды өлтіруде, ал санкциялар Иранға қарсы енгізілуде», - деді.

Ормуз бұғазы туралы айта келе: «Ормуз – біздің суымыз және ондағы кеме қатынасы құқығын тартып алуға жол бермейміз», - деді.

Жалпы Таяу Шығыстағы жағдайға тоқтала отырып, ол: «Бұл аймақтағы бірде-бір ел жалғыз өзі қауіпсіздікте бола алмайды. Біз не бірге қауіпсіздік жүйесін құрамыз, не бірге тұрақсыздық жағдайында өмір сүреміз», -деп мәлімдеді.

Сөзінің соңында ол Трампқа тікелей үндеу жасап: «Трамп мырза! Бізді қорқытуға тырысатындар біздің диалогқа, дипломатияға және келіссөздерге дайын екенімізді, бірақ күш көрсету тілін қабылдамайтынымызды түсінуі керек!», - деді ол.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар