Йемендегі хуситтер Үкімет жасақтарына шабуылды үдетті. Араға бірнеше жыл уақыт салып, Йемендегі азамат соғысы жаңа қарқынмен қайта жанданды. Хуситтер Үкімет күштерін ғана атқылап қоймай, Сауд Арабиясына да зымыран және дрондармен соққы жасауда. Бұл өз кезегінде аймақтағы жағдайды ушықтыра түсті.
(Сурет: ЖИ көмегімен жасалды)
19-қыркүйекке қараған түні хуситтер Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласын алғаш рет зымыранмен соққылауға тырысты. Бұл туралы Сауд Арабиясы басшылық ететін «Йемендегі заңдылықты қалпына келтіру» коалициясы мәлімдеді. Коалицияның өкілі, генерал Турки әл-Малики хуситтер атқан баллистикалық зымырандарды қағып түсіргенін айтты.
Хуситтер Сауд Арабиясының экономикалық тетіктерін нысанаға алуда. Мысалы 19-қыркүйекте Aramco мұнай компаниясына тиесілі резервуарлардың бірі отқа оранды. Қоймаға хуситтердің зымыраны тиген. Хуситтер соңғы аптада Сауд Арабиясының Янбу портты қалашығын атқылауға тырысуда. Янбу порты Саудияның мұнайын тасымалдайтын маңызды стратегиялық аймақ саналады.
Financial Times басылымы соңғы уақытта Сауд Арабиясының билігі үлкен қоғамдық қысымға ұшырап жатқанын да жазды. Бұл Иранмен болған қақтығыс, хуситтер туындатқан қолайсыздыққа байланысты болуда дейді мамандар. Апта бұрын Сауд Арабиясының ең маңызды мұнай құбырларының бірі East-West құбырына соққы жасалды. Құбырдың мұнай жөнелту станциясы мен терминалы отқа оранды. Ақпарат көздері шабуылды хуситтер емес, Ирактағы шииттік топтардың іске асырғанын айтты. 18-қыркүйек күні Saudi Aramco компаниясы ресми мәлімдеме жасап, еуропалық МӨЗ-дерге қазан айында мұнай жеткізуді азайтатынын мәлімдеді. Ал мұнай құбырын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда оның толық қуатта жұмыс істеуіне әлі екі айдай уақыт қажет болмақ.
Қыркүйек айында хуситтер Йеменде жаппай ауқымды шабуылға шықты. Reuters пен AFP басылымының жазуынша, хуситтер Баб әл-Мандеб бұғазы маңындағы аралдарды басып алып, Йеменнің батыс жағалауларын өз бақылауына алған. Бұл бұғаз арқылы әлемдік сауданың 12 пайызы өтуде. Хуситтер сол жүк тасымалын қыспаққа алуға ниетті екенін танытуда.
Хуситтер Йемендегі Моха портын да бақылауға алған. Бұл порт Йемендегі үлкен порттың бірі саналады. Сарапшылар аталмыш портты тек хуситтер ғана емес, Иранның Сақшылар корпусы да басқаруға алатынын айтуда.
Сауд Арабиясы 16-қыркүйекте мәлімдеме жасады. Саудия билігі мұсылман әлемін дүр сілкіндірер ақпаратты жариялады. Эр-Риядтың ақпаратынша, хуситтер Мекке қаласын дронмен атқылауға тырысқан. Дрон Меккеге жақын маңда атып түсірілген. Алайда хуситтер бұл мәлімдемені жоққа шығарып, «Сауд Арабиясы арандатып отыр» деді. Артынша әлем елдері мәлімдеме жасап, хуситтердің шабуылын айыптады. Мысалы Өзбекстанның СІМ өкілдері Сауд Арабиясына қолдау білдіріп, хуситтерді шабуылды тоқтатуға шақырды. «Үлкен жетілік» мүшелері де хуситтерді айыптап, Сауд Арабиясына қолдау білдірді.
Сарапшылар хуситтердің ауқымды шабуылға дайындалып жатқанын жазуда. Иран қолдайтын хуситтік жасақтар Йемен үкіметіне қарсы құрлық операциясын іске асыруға дайындалуда. Кей әскери сарапшылардың пікірінше, хуситтік жасақтар Саудия жеріне де кіруі мүмкін. Бұл қауіпті ескерген Сауд Арабиясы шекара күзетін күшейтуде. Әуеден барлау қызметі де 24/7 режиміне көшті. Шекара маңына Эр-Рияд қосымша күш топтастыруда. Мамандардың сөзінше, Сауд Арабиясы мен хуситтердің арасындағы қақтығыс ушыққан сайын, Ислам әлеміндегі шииттік және сүнниттік бірлестіктер арасындағы қайшылық та арта бермек. Бұл діни алауыздықты да арттыруы мүмкін дейді сарапшылар.
Mezgil.kz