2026 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, Еуропаның бес елінде ыстық ауа райы салдарынан кемі 10 мың адам көз жұмды. Өлім-жітімнің көп болуына тағы бір жайт себепкер болды. Ол Еуропаға тән емес инфекциялардың таралуы еді. Францияда денге қызбасын жұқтырғандар анықталды. Берлиннің үш тұрғынынан теңіз және тұздылау суда тіршілік ететін бактериялар қоздыратын инфекциялар табылды. Бұл Еуропа дәрігерлерін әбігерге салған жайттың бірі болды. Өйткені инфекциялық аурулардың географиялық аймағы өзгеріске ұшырағаны белгілі бола бастады.
(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Ұзақ жылдар бойы Еуропа мемлекеттерінің денсаулық сақтау жүйесі инфекциялық аурулардың нақты географиялық таралуына сүйенді. Адамдар Африка мен Азияға тән ауруларды негізінен саяхат кезінде жұқтыратын. Эпидемиологиялық қадағалау, дәрігерлерді даярлау, диагностика және профилактика жүйелері де осы түсінікке негізделді.
Енді мұндай географиялық шекаралар сенімсіз бола бастады. Халықаралық сауда мен көлік тасымалы инвазиялық түрлердің жаңа аумақтарға таралуына ықпал етсе, климаттың жылынуы олардың сол жерлерде орнығуын жылдамдатып, белсенділік маусымын ұзартады. «Денге», «Зика» вирустарын тасымалдайтын азиялық жолбарыс маса енді Еуропада да тіршілік ете бастады. 2025 жылғы маусымға қарай оның тұрақты популяциялары ЕО-нің 369 әкімшілік өңірінде тіркелді. 2013 жылы мұндай өңірлердің саны 114 болған еді. Яғни, он жылдың ішінде аталмыш масаның Еуропа аумағында тіршілік ететін географиялық аудандары екі есеге артқан деген сөз.
Сонымен қатар басқа да инфекциялардың таралу географиясы кеңейіп келеді. 2024 жылы Еуропада Батыс Ніл вирусын жұқтырудың жергілікті 1436 жағдайы тіркелді. Оның Еуропадағы негізгі тасымалдаушылары «Culex» отрядындағы жергілікті масалар саналады. Климаттың жылынуы және масалардың белсенділік маусымының ұзаруы вирустың анағұрлым қарқынды таралуына және қауіп аймақтарының кеңеюіне жағдай жасауда.
Бұл бір жағынан климаттың жылдам өзгеруімен де байланысты. Климат инфекциялардың географиясын ғана емес, қауіптің пайда болу мерзімдерін де өзгертуде. Бұған холераға жатпайтын вибриондар айқын мысал бола алады. Олар су температурасы 20°C-тан жоғары және тұздылығы 0,5–2,5% болған кезде ерекше белсенді көбейеді. Қазір олардың Балтық аймағында белсенділігі артып келеді. 2026 жылы Берлиннің Денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ведомствосы (LaGeSo) вибриоздардың әдеттен тыс ерте пайда болуын жағалау суларының ерте жылынуымен байланыстырған болатын.
Масалар арқылы таралатын инфекцияларда да осындай өзгерістер байқалады. Ерте жылыну тасымалдаушылардың белсенділігін ертерек бастайды, жылы күз инфекцияның берілу маусымын ұзартады, ал жұмсақ қыс кейбір масалар мен олардың жұмыртқаларының тірі қалуына жағдай жасайды. ECDC мәліметінше, Еуропада масалар арқылы таралатын инфекциялардың берілу маусымы барған сайын ұзарып, қарқындылығы артып келеді.
БҰҰ-ның Қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) бағалауынша, 2035 жылға қарай дамушы елдерге климаттың өзгеру салдарынан қорғануға жыл сайын 310-365 млрд доллар қажет болады. Ал 2025 жылы мұндай шараларға бағытталған халықаралық мемлекеттік қаржыландыру 26 млрд долларды құраған. Бұл қажетті қаржыдан 12–14 есе аз. Демек, климаттың өзгеруі салдарынан туындайтын ауру түрлерінен қорғану да қаржы тапшылығына байланысты қиындай бермек.
Сарапшылар Еуропа аймағында байқалған инфекциялар Азияда да байқалатынын айтуда. Ал бұл ауру түрлерінің көбі негізінен Африка аумағына тән еді. Енді олардың географиялық аумағы өзгеріске ұшырауда.
Mezgil.kz