Украина Донбасста қарсы шабуылға шықты: Бітімнің ауылы алыста ма?

АҚШ президенті Дональд Трамп күні кеше ғана Украина мен Ресей билігіне қолқа салғанын, энергетикалық бітім жасасуды ұсынғанын айтқан. Трамптың сөзінше, бұл ұсынысты, яғни, бір-бірінің энергетикалық инфрақұрылымдарына соққы жасамау туралы бітімді қос тарап та қолдаған-мыс.

1789462899323270.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Расында, Трамптың ізін ала, Украина президенті Зеленский де арнайы мәлімдеме жасап, Трамптың ұсынысын қолдауға дайын екенін айтқан.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ТРАМПҚА ЖАУАБЫ: МӘСКЕУ КӨНСЕ, БІЗ ДАЙЫН!

«Мәскеу бұндай шабуылдарды тоқтатса, Украина да Ресейдің инфрақұрылымына соққы бермеуге дайын», - Зеленский.

Украина президенті елінің серіктестеріне маңызды инфрақұрылымдарға соққы жасауды тоқтату бойынша Ресеймен келісімді қамтамасыз етуді ұсынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, энергетика, азық-түлік, порттар, логистика, сондай-ақ азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоймалары қорғалуы тиіс.

«Егер серіктестер Ресейдің біздің энергетикамыз бен маңызды инфрақұрылымымызға соққы бермеу туралы шынайы ниетін қамтамасыз етуге дайын болса, біз де өз тарапымыздан жауапты соққылардың болмауын қамтамасыз етуге дайынбыз», - деп мәлімдеді Зеленский.

Ол мұндай келісімнің сенімді әрі ұзақ мерзімді болуы керектігін атап өтті. Президенттің сөзінше, маңызды инфрақұрылым айналасындағы шиеленісті бәсеңдету соғысты аяқтауға жасалған алғашқы қадам болуы мүмкін.

ТРАМПТЫҢ СӨЗІНЕН КЕЙІНГІ СОҚҚЫ АЛМАСУЛАР...

Дейтұра, Трамп айтқан бітімнің ауылы алыста көрінеді. Өйткені, өткен түнде қос тарап бір-бірінің энергетикалық нысандарын соққылады.

Ресейдің Самара облысындағы Сызрань қаласына жасалған шабуылдан кейін «Роснефть» МӨЗ-індегі (мұнай өңдеу зауыты) мұнай өнімдері құйылған резервуарлар өртенді.

Ал ресейлік дрондар түнде Киевке шабуыл жасады. Кем дегенде екі жанармай құю станциясына соққы тиген.

Бұл соққы алмасулар – президент Трамптың «Ресей мен Украина арасында энергетикалық бітімге қол жеткізілгені» туралы мәлімдемесінен кейін арада бірнеше сағат өткенде болды. Дегенмен Киев бұл уағдаластықты растаған жоқ. Президент Зеленский «Ресей бірінші тоқтаған жағдайға ғана бітімді сақтайтынын» айтқан. Мәскеу де мұндай мәмілеге келіскенін растамаған.

ПУТИН ЕШҚАНДАЙ БІТІМ ЖАСАУҒА НИЕТТІ ЕМЕС!

«Financial Times» басылымының жазуынша, «Путин Украинаны қажыту арқылы жол беруге мәжбүрлеуге үмітті. Сол үшін де Кремль  қыс түскенше энергетикалық бітімге келуді қаламайды».

Басылымның мәліметінше, «Трамптың бұл хабарламасы украиндық шенеуніктерді аң-таң қалдырған, өйткені Ресей тарапынан сенімді келісімдер немесе кепілдіктер болмаған».

Ал АҚШ-тың бұрынғы елшісі майкл Макфол: «Путин Украина өзі қалағанның бәрін бергенде сәтте гана келісімге келеді. Ресейлік тараптың басты талаптары бұрынғыша – Донбасты толық алу, НАТО-дан бас тарту, әскери көмекті шектеу және Украинаны мәңгілікке бейтарап ел деп жариялау», - дейді.

«ВИВАЛЬДИ» ОПЕРАЦИЯСЫ: УКРАИНА ДОНЕЦКІДЕ ҚАРСЫ ШАБУЫЛ БАСТАДЫ...

Сарапшылар мен әлемдік БАҚ «АҚШ-тың арағайындығы нәтиже бере ме?», «Украина мен Ресей бітім жасаса ма?» дегенді ызу-қызу талқылап жатқанда, Украина әскері қарымта шабуылдарға шыққанын мәлімдеуде. Әлгінде ғана, Украина Қарулы Күштері Лиман бағытында жауды ығыстырып, басқыншы әскерді қоршауға алғанын жазғанбыз.

Енді бүгін Украина Қарулы Күштерінің (УҚК) Үшінші армиялық корпусы 15 қыркүйек таңертең Донецк облысының солтүстігінде шабуыл операциясының басталғанын мәлімдеді.

Операция – «Вивальди» деген атауға ие болды. Корпустың мәліметінше, украин күштері ресейлік әскердің кірігу (инфильтрация) ошақтарын жойып, 75 км² аумақты тазартқан. тағы 10 км² жерді оккупациядан босатқан. Корпус өкілдері Ресейдің 20-шы және 25-ші армияларына соққы берілгенін мәлімдеді.

Осы кезеңдегі басқыншы әскердің шығыны – 1,5 мыңға жуық әскери қызметшіні, 12 мыңнан астам дронды, сондай-ақ жүздеген бронитехника, артиллерия және автокөлік техникасын құраған.

Украинаның дрон әскері сонымен қатар ресейлік логистикалық бағыттардың жолын кескен. Корпус өкілдері Ресей отын жеткізу жүйесін Украина аумағынан тыс жерге — Воронеж облысына ығыстырғанын, сөйте тұра ол жақта да Ресейдің құбырлары мен қоймаларына тыныштық бермей жатқанын мәлімдеді.

Қазір бұл операцияға Украина Қарулы Күштерінің  60-шы және 125-ші бригадаларының, 3-ші шабуылдаушы бригадасының, 3-ші жеке барлау батальонының және басқа да бөлімшелердің күштері, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Барлау бас басқармасының (ГШБ/ГУР) «Артан» арнайы бөлімшесі мен «ДОЗОР» 10-шы мобильді шекара отряды жұмылдырылған.

Үшінші корпустың командирі Андрей Билецкий шабуылдың түпкілікті мақсаты, соның ішінде Черный Жеребец өзеніне шығу екенін айтты. Оның айтуынша, «Вивальди» операциясы 4 негізгі «мезгілден» тұрады, ал қазіргі кезең — тек алғашқысы.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар