Қазір Украина майданы аса шиеленісті күйде тұрғаны ешкімге жасырын емес. АҚШ-тың арағайындығымен, Уиткофф-Кушнер тандемі қос тарапқа аяқтай барып, бейбіт бітімді талқы еткенімен, одан аса бір нәтиже байқала қойған жоқ.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Түйіні шешілмей тұрған басты мәселе – жер дауы. Ресей Донбасс жерін толық алуды талап етсе, Украина жерден шегінуге ниетті емес екенін ашық айтты.
МАЙДАН ШЕБІ: ЛИМАНДА ЖАҒДАЙ КИЕВТІҢ ПАЙДАСЫНА ШЕШІЛУДЕ...
Қазір майдан шебіндегі ахуал да әрқилы. Киевтің соңғы айларда қарқыны күшейді. Ресейдің ішкері аумақтарындағы стратегиялық инфрақұрылымдарға дрон шабуылдарын жасаудан өзге, Донбасс майданында да ілгерілеу байқатты. Әсіресе, Лиман бағытында Украина Қарулы күштері жауды әжептәуір ығыстырып, сарбаздарын қоршауда қалдырды.
Украинаның бірнеше айға созылған қарсы шабуылдарынан кейін ресейліктер үшін Лиман бағыты ыдырай бастады. Украина бұрынғы қорғаныс шебін бұзып өтіп, тылға тереңдей шүйілді. Сөйтіп, Ресейдің әскери бөлімшелерінің бір бөлігінің қамтамасыз ету жолдарынан шорт кесті.
«OSINT» сарапшылары мен «ISW» бағалауынша, Ресей шамамен 240 км² аумақтан айырылып, солтүстіктен Славянск-Краматорск агломерациясына қысым жасауға арналған плацдармынан айырылды.
Ресейлік әскери шолушылардың айтуынша, Шандриголово ауданындағы Ресей бөлімшелері іс жүзінде қоршауда қалып отыр, бірқатар елді мекендерде әлі де Ресей сарбаздары бар, ал оларды қамтамасыз ету негізінен әуе арқылы жүзеге асырылуда. Тіпті «Z-арналардың» өзі Лиманда Ресей үшін жағдайдың күрт нашарлағанын мойындауда.
БАСҚЫНШЫ ӘСКЕРДІҢ АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАРЫ
Осы тұста біз Ресейдің басқыншы әскері мен әскери қолбасшылығының осы соғыс басталғалы бергі адамзатқа жасалған қылмыстары жайлы аз-кем сөз етпекпіз. Басқыншы Ресей әскері Украина соғыс ашқалы қаншама қалаларды тұтастай үйінді-қирандыға айналдырып, миллиондаған адамды құрбан еткені, жүздеген мың баланы тірі жетім етіп, бейбіт халықты бейберекет қырғаны айтпаса да белгілі. Оның бір ғана мысалы – Буча қырғыны. Бұл сойқанды адамзат баласы еш ұмытпақ емес. Ол әлемдік соғыс тарихында қанды сиямен жазылып қалады. Келер ұрпақ – Ресей әскерінің бұл зұлымдығын еш ұмытпайтын болады. Бұл – даусыз!
Енді тап осындай зұлымдықты Ресей әскері тағы қайталамақ. Анығын айтқанда – Ресей әскері 4 мыңға жуық бейбіт халықты аштан қырып салуды көздеп отыр.
ОЛЕШКОДА 4 МЫҢ АДАМ АС-СУСЫЗ АШ ОТЫР...
Біз сөз етіп отырған мәселе – оккупациядағы Олешко қаласындағы гуманитарлық апат жайлы болып отыр.
Бұл – қала. Украинаның оңтүстігінде орналасқан. Херсон облысына қарайды. Соғысқа дейін (2019 жылғы есеп бойынша) бұл қалада 25 мыңға жуық адам өмір сүрген. Қазір шамамен 4 мың адам бар.
Қазір Ресей басқыншылары Олешкодағы 4 мың адамды толықтай блокадада ұстап отыр. Бұл 4 мыңның ішінде балалар мен қаусаған қариялар, қозғалысы шектелген азаматтар бар.
Олешкодағы гуманитарлық апатты айтып Киев бір, БҰҰ екі кезек дабыл қаққан. «Гуманитарлық дәліз ашу» туралы ұыныс Мәскеуге айтылған. Алайда, Мәскеу сазарып-безеріп, бұған келіспей отыр.
БҰЛ — РЕСЕЙ БИЛІГІ ҚАЙТА ЖАСАП ЖАТҚАН ГОЛОДОМОРДЫҢ НАҚ ӨЗІ!
Олешко халқына ең соңғы рет азық-түлік пен дәрі-дәрмек, қолданысқа керекті заттар ең соңғы рет 2026 жылдың 26 мамырында жеткізілген. Онан соң, Ресей Олешкоға барар жолды тоқтаусыз дрондармен шабуылдауда.
Онда жұрт ас-сузсыз аш қалып отыр. Қалаға апарар жолдың барлығы миналанған. Ал гуманитарлық керуенді Ресей дрондары әуеден соққылауда.ал ондағы жұрт өз аяқтарымен қала түгілі көшеге шыға алмайтын күйде отыр.
Осыған дейін ондағы жұрт өздері аулаларына еккен көкөністерді талғалау етіп келген. Қазір ол да таусылуға шақ тұр. Азық-түлік тапшылығынан қазір қалада ұрлық-қарлық күшейген. Жаны сірі кей жұрт Ресей дрондары талқандап тастаған гуманитарлық керуендерден қалған-құтқанды теріп жеуде. Қалада ақша да, ақша айналымы да таусылған. Жұрт нан мен көкөністі айырбасқа алып күн көруде.
Украина билігі мен БҰҰ бірнеше кезек Ресейге ұсыныс айтып, гуманитарлық керуен ұйымдастыруды сұраған. Алайда, Мәскеу бұдан бас тартқан.
Олешконы Ресей басқыншылары осыған дейін 2023 жылы суға батырмақ болған. Дамбыны жарып жіберіп, қаланы су басқан. Сол кезде ондаған бейбіт тұрғын суға батып қаза тапқан.
БҰҰ мамандары: «Онда Ресей оккупациясының орасан зор зардабы орнаған. Бұл — сұмдық жағдай. Ұлы орыс мәдениеті дегеніміз осы — қираған үйлер, ашаршылық, блокада және террор. Ол жерден өздігінен шығу мүмкін емес — жан-жақтың бәрі миналанған. Кету де мүмкін емес. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек мамыр айынан бері жеткізілмеген. Гуманитарлық жүгі бар көліктерді соққылап, талқандап жатыр. Ондағы адамдар ас-суы таусылған. Енді ағаш қабығы мен шөп-шалаңды қалай жеп амалдамақ. Бұл — Ресей билігі қайта жасап жатқан Голодомордың нақ өзі», - деп дабыл қағуда...
Mezgil.kz