Қытай билігі демографияға алаңдап, дабыл қағуда. Миллиардтан асқан халқы, арзан әрі мол жұмыс күші, алып ішкі нарығы мен тоқтаусыз өсіп келе жатқан өндірісі бұл елді жаһандық экономиканың басты қозғалтқыштарының біріне айналдырды. Алайда Бейжің енді басқа мәселеге бас қатыруда. Бұрын халыққа жұмыс табу мұң болса, енді жұмысшы табу қиынға соғады дейді қытайлық демографтар. Өйткені Қытай халқы қартайып барады, ал бала туу көрсеткіші жыл өткен сайын құлдырауда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
2025 жылдың соңында Қытай халқы 1 миллиард 404,89 миллион адам болды. Бір жылдың ішінде ел халқы 3,39 миллион адамға азайды. Бұл халық санының қатарынан төртінші жыл төмендеуі деген сөз. 2025 жылы Қытайда небәрі 7,92 миллион бала дүниеге келген, ал қайтыс болғандар саны 11,31 миллионға жетті. Демек, бір жылдың өзінде табиғи кему 3,39 миллион адамды құрады. Туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,63-ке дейін түссе, өлім-жітім 8,04 болды. Осылайша демография Қытай билігі үшін үлкен мәселеге айналуда.
1979 жылы енгізілген «бір отбасы - бір бала» саясаты Қытайдың демографиялық құрылымын түбегейлі өзгертті. Кейін бұл саясат 2016 жылы екі балаға, ал 2021 жылы үш балаға дейін жұмсартылды. Алайда заңнаманы өзгерту бала тууға деген әлеуметтік көзқарасты бірден өзгерткен жоқ. Қытайдың қалаларында баспана бағасы, білім беру мен медициналық қызметтердің құны, бала тәрбиесіне кететін уақыт пен әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекесі отбасылардың көп балалы болуына кедергі келтіретін факторларға айналды.
БҰҰ-ның 2024 жылғы демографиялық болжамында Қытайдың жиынтық туу коэффициенті 2023 жылы шамамен 1 бала деңгейінде болған. Орташа сценарий бойынша бұл көрсеткіш 2030 жылы 1,06-ға, 2050 жылы 1,18-ге жуықтайды. Яғни демографиялық ұдайы өсуге қажетті 2,1 деңгейіне жақындаудың өзі әзірге мүмкін емес деген сөз. Мұндай көрсеткіш сақталған сәтте, халық саны тек азайып отырмақ.
Қытайдың Ұлттық статистика бюросының дерегі де осы тенденцияны растайды. 2025 жылы 60 жастан асқан адамдардың саны 323,38 миллионға жетіп, халықтың 23 пайызын құрады. Оның ішінде 65 жастан асқандар 223,65 миллион, яғни жалпы халықтың 15,9 пайызы болды. Ал 16–59 жастағы еңбекке қабілетті халықтың үлесі 60,6 пайызға дейін түсті.
Қытайдың демографиялық пирамидасы төменнен тарылып барады. Бүгін туылмаған бала — 20 жылдан кейінгі жұмысшы, инженер, дәрігер немесе кәсіпкердің жоқтығы деген сөз. Ал бүгінгі 40–50 жастағы миллиондаған азамат ертең зейнет жасына жетеді.
Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы зерттеуі Қытай үшін бұл мәселенің экономикалық құнын нақты бағалады. IMF модельдеуіне сәйкес, демографиялық қартаюдың өзі 2024–2050 жылдар аралығында жыл сайынғы экономикалық өсімді шамамен 2 пайызға азайтатынын айтты. Егер тиісті реформалар жасалмаса, 20–59 жастағы еңбекке қабілетті халық 2050 жылға қарай 26,2 пайызға қысқарады. Бұл сценарийде 2050 жылға қарай ЖІӨ деңгейі демографиялық өзгерістер болмаған жағдаймен салыстырғанда 18 пайызға төмен болуы мүмкін. Бұл Қытай экономикасына түбегейлі соққы деген сөз.
Бейжің зейнет жасын да өзгертті. 2025 жылдан бастап Қытайда зейнет жасын біртіндеп көтеру процесін бастады. Ерлер үшін бұрынғы 60 жас межесі біртіндеп 63 жасқа, әйелдердің санаттарына қарай 50 немесе 55 жастан 55 немесе 58 жасқа дейін ұлғаяды. Бірақ бұл шешім де уақытша дейді мамандар. Зейнеткерлер саны жыл санап артып, бюджетке түсетін салмақ арта бермек дейді сарапшылар.
Қытай енді демографиялық дағдарыс сәтінде, адам санына емес, сапасына мән беруде. Адам капиталын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, туындайтын жұмысшы тапшылығын роботтар және ЖИ арқылы реттеуге тырысуда.
БҰҰ Қытай халқы осы ғасырдың соңына дейін шамамен 786 миллион адамға азаюы мүмкін деп есептейді. Басқаша айтқанда, ғасыр соңында Қытайдың халқы бүгінгі деңгейдің жартысына жуығына дейін түсуі ықтимал. Қытайдың Renmin University зерттеушілерінің 2026 жылғы моделінде туу көрсеткішіне байланысты әртүрлі сценарийлер қарастырылып, халық саны 2050 жылы 1,18–1,28 миллиард аралығында болуы, ал 2100 жылға қарай 450–800 миллионға дейін түсуі мүмкін деген қорытынды жасалынған еді.
Mezgil.kz