Қазір әлемді дүрліктіріп жатқан «Русский дом» дегеніміз — Ресейдің ТМД мен өзге де шетелдегі гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі ұйым. Бұл сондай-ақ, Ресейдің федералды агенттігі – «Россотрудничество» басқаратын мәдени-ғылыми өкілдіктердің бейресми атауы. Әлемнің 90-нана астам елінде жұмыс істеп жатқан орталық.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
«РУССКИЙ ДОМ» ДЕГЕНІМІЗ ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?
Жымысқыланған ресми түрдегі міндеті — орыс тілі мен мәдениетін насихаттау, білім беру байланыстарын нығайту, шетелдегі отандастарды қолдау болып табылады. Дегенмен соңғы жылдары, әсіресе, Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы басталғалы-бері көптеген елде «Русский дом» орталықтарына қатысты сын күшейді. Және ол негізсіз емес те еді...
Халықаралық сарапшылар мен кейбір озық ойлы үкіметтер бұл орталықтарды – тек мәдени мекеме емес, «орыс әлемі» идеологиясын тарату, ықпал ету операцияларын жүргізу және Ресейдің арнайы қызметтеріне көмек көрсету құралы деп ашық айта бастады.
Ресей тарапы, бұған керісінше, шәт-шәлекейі шыға, «ойбай бұл таза мәдени-гуманитарлық қызмет» деп сипаттайды.
Осы мақаламызда «Русский дом» институтының үш елдегі — Германия, Әзербайжан және Қазақстандағы — тағдырын салыстырмақпыз.
ГЕРМАНИЯНЫҢ ҚАҺАРЫ ТҮСТІ: «РУССКИЙ ДОМ» ЖАБЫЛАДЫ!
Берлиндегі «Русский дом» (ресми атауы — Ресейдің ғылым және мәдениет үйі) «Россотрудничествоның» шетелдегі 96 өкілдігінің ішіндегі ең ірісі болып табылады. Алайда 2026 жылдың 1 қыркүйегінде Германия сыртқы істер министрлігі «Русский дом» қызметі туралы келісімді бұзатынын жариялады, сонымен бірге Ресейдің Боннадағы Бас консулдығы да 18 қыркүйекке дейін жабылады деп шешілді.
Бұл шешімнің басты себебі — Лейпциг әуежайында жарылғыш заты бар дрон табылған еді. Германия билігі оны Ресеймен байланыстырады.
«Spiegel» басылымы бұл турасында: «Германия үкіметі бұл шабуылды ұйымдастырушы ретінде Ресейдің арнайы қызметін атады», - деп жазды.
Герман канцлері Фридрих Мерц: «Бұл шабуылды ұйымдастырғаны үшін Мәскеу жауап береді», - деп шорт кескен.
Германияда Русский домға қатысты сын мен қарсылық бұдан да көп айтылатын. Ал «Россотрудничество» 2022 жылдың 21 шілдесінен бері Еуропа Одағының санкциялар тізімінде.
ӘЗЕРБАЙЖАН: БАКУДІҢ БАТЫЛДЫҒЫ МЕН ҚАТАЛДЫҒЫ
Бакудегі «Русский дом» 1997 жылдың 3 шілдесінен бері жұмыс істеп келген. 2025 жылдың 3 ақпанында Әзербайжан СІМ-і Мәскеуге «Русский дом» қызметін тоқтату туралы нота жібергенін де жақсы білеміз.
Бұған басты себеп — «Русский дом» заңды тұлға ретінде тіркелмей жұмыс істеп келген.сол арқылы Әзербайжан заңнамасын өрескел бұзған. Баку бірнеше мәрте ескерту жасағаныменр, оны мүлде елемеген.
Әзербайжанның ресми мәліметінше, бұл шешім елдің «ұлттық мүдделерін қорғау бағытының» жалғасы және «сыртқы араласуға төзбейтінін» көрсетеді. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мекеменің «айқын барлау сипаты бар құрылым» екенін алға тартты.
«Россотрудничество» басшысы Евгений Примаков бұл мәселені саясиландырмауға тырысып бәрін жуып шаймақшы болды. Дегенмен 2026 жылдың басына дейінгі мәліметтер бойынша «Русский дом» Бакуде толық форматта жұмысын қалпына келтіре алмады.
ҚАЗАҚСТАН ГЕРМАНИЯ МЕН ӘЗЕРБАЙЖАННАН САБАҚ АЛА МА?
Германия мен Әзербайжаннан айырмашылығы, Қазақстанда «Русский дом» (Астанада және Алматыдағы өкілдіктері арқылы) қазіргі уақытта жұмысын жалғастыруда. Астанадағы өкілдікте 2013 жылдан бері Ресей Президенттік кітапханасының электрондық қорына қашықтан қол жеткізу орталығы жұмыс істейді, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған семинарлар, мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ халықаралық сарапшылар (мысалы, Орталық Азиялық зерттеу орталықтарының авторлары) «Россотрудничествоны» Ресейдің Орталық Азиядағы «қаңбақ күш» стратегиясының негізгі институттарының бірі ретінде сипаттайды. Оның қызметі тек мәдениетпен шектелмей, ақпараттық-идеологиялық ықпал ету құралы ретінде де қаралатынын атап көрсетуде.
Бұдан өзге Қазақстан өз тарапынан соңғы жылдары тіл саясатын (қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту), медиа-контентті жергіліктендіру және өз «қаңбақ күш» ресурстарын (мысалы, Q-pop, қазақстандық кино) дамыту арқылы гуманитарлық кеңістіктегі теңгерімді өзгертуге ұмтылуда.
Дегенмен қазіргі кезде Қазақстан билігі «Русский домды» Германия немесе Әзербайжан үлгісінде ресми түрде жабу немесе оның қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жоқ.
Түйін: Үш елдің тәжірибесі «Русский домның» тағдыры әр елдің геосаяси жағдайына, Ресеймен қатынас сипатына және ішкі саяси контекске тікелей байланысты екенін көрсетеді. Германияда институттың жабылуы ашық қауіпсіздік дағдарысы мен ЕО санкциялық режимінің салдары болса, Әзербайжанда бұл — құқықтық негіздегі, бірақ саяси астары бар шешім. Қазақстанда болса «Русский дом» әзірге дәстүрлі мәдени-білім беру институты ретінде жұмысын жалғастыруда, дегенмен еліміз өз гуманитарлық-ақпараттық егемендігін нығайту бағытында біртіндеп батыл қадамдар жасауда. Және бұл ұйымның Қазақстан аумағында жұмысын тоқтататын уақыт әбден жеткен деп есептейміз. Өйткені, мемлекетаралық мәдени-гуманитарлық байланысты атқаратын Ресейдің еліміздегі басты өкілдігі – Ресей Елшілігі болуы халықаралық құқықтық қарым-қатынас принциптеріне сай келеді. Ал түп-төркіні бөтен қосалқы ұйымның бізге де керегі жоқ екені айдан анық...
Mezgil.kz