Қазақта: «Қайта жауған қар жаман, қайта шапқан жау жаман», - деген сөз бар. Биыл ақпаннан басталған АҚШ-Иран соғысы, сәуір мен маусымда екі кезек уақытша бітіммен уақытша тоқтаған. Онан кейін қос тарап бітім жоспарларын талқыласқан. 60 күндік бітім аяқталғанымен, Уашингтон да, Теһеран да оны қайта созуға құлық білдірмеді.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Ал күні кеше (2026 жылдың 2-тамызына қараған түнде) АҚШ Иранға қайта соққы жасады. Теһеран да қарап қалмады, Уашингтонның соққыларына іле-шала жауап қатып, Парсы шығанағы елдерінде орналасқан әскери базаларға соққы берді...
АҚШ-ТЫҢ ЖАҢА ШАБУЫЛДАРЫ
«Жауымыздың жонынан таспа тіліп, қоясын ақтарамыз» деп екіленген Уашингтон Иранға ауқымды, сериялық соққылар жасады. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның, Сақшылар корпусының әскери және энергетикалық нысандарына дәл соққылар жасағанын ресми мәлімдеді. Соның ішінде: Иранның ӘШҚҚ (ПВО) кешендеріне, радарларына, теңіздегі әскери нысандарына, байланыс желілері мен миналаушы техникаларына соққылар жасалған. ең кемі 100 нысанға соққы жасалған.
Негізгі соққылар Иранның оңтүстік жағалауы мен Ормуз бұғазының төңірегіне жасалған. атап айтқанда: Кешім аралы мен Ормуз акваториясына, Бендер-Аббас дейтін порт-қалаға, Хормозған провинциясындағы Сирик және Жасқ қалаларына, Оман бұғазы маңындағы Қонарақ және Шабахар қалаларына, Хузестан провинциясындағы Ахбаз қаласына, Керман провинциясындағы Жиропт қаласы мен әуежайына соққылар жасалған.
ТРАМПТЫҢ ҚАТАЛ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ: КЕЛІССӨЗ БОЛМАЙДЫ!
АҚШ президенті Дональд Трамп болған оқиғаға байланысты кешелі-бері бірсыпыра мәлімдеме жасады. Әуелі: «Америка Құрама Штаттары Ормуз бұғазының маңындағы Иран объектілеріне соққы берді. Бұл әрекет – теңіз миналарын орнатқаны және Иорданиядағы базамызға қарата 8 зымыран атқаны үшін қайтарылған жауабымыз. Егер дағдарыс құрсауында отырған Иран мемлекеті бұған жауап қайтаратын болса, ол жаңа, бірақ бұл жолы әлдеқайда жойқын әрі ауқымды соққыларға тап болады. Біздің ол соққыларымыздан соң Иран Ислам Республикасынан түк те қалмайды», - деп мәлімдеді.
Онан кейін: «Иранмен жасалған келісімнің құны - сол қой қойған қағаздың құнынан да төмен!», - деді.
Кейін тағы: «Біз Иранды келіссөз үстеліне отырғызуға мүлде тырыспаймыз. АҚШ қазір Ормуз бұғазын толықтай өз бақылауына алды. Сонымен бірге, біз Иранның экономикасы қалай күйреп жатқанын сырттай тамашалап отырмыз. Енді Иранның халқы қашан оянады екен деп отырмыз», - деді.
Осылайша Трамп жақын арада Уашингтон мен Теһеран арасында келіссөздердің болмайтынын анық аңғартты.
ИРАН АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ ЖАУАП ҚАЙТАРДЫ?
Уашионтонның бұндай қатал әрекеттеріне Теһеран қалт қимылдап, қатпар жауап қайтарды. Иранның жауап соққыларын көп күттірмеді. Иран Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ-қа тиесілі немесе АҚШ-пен қандай да бір байланысы бар әскери базаларға соққылар жасады.
Атап айтқанда: Ербілдегі, Иордания мен Бахрейндегі, Кувейттегі базалар нысанаға алынды. Соның ішінде соққының ең көбін Иордания көрді. Аақаба бұғазының жағалауындағы АҚШ-тың теңіз-жаяу әскерінің базасына соққы жасалды. Сонымен қатар, Иорданиядағы «Муафаққа ас-Султани» және «әл-Әзрақ» базалары да соққы көрді.
Ирақтағы Ербіл маңындағы (Күрдістан автономды аймағы) АҚШ-тың әскери базасы да соққы көріп, қойма зақымдалды.
Осылармен қатар, Бахрейндегі «Шейх Иса» абазсында жарылыс болса, БАӘ-нің әуе кеңістігіне де Иран зымырандары мен дрондары өткені ресми хабарланды.
Иранның Сақшылар корпусы: «АҚШ бұл жасалған соққылар үшін оңбай өкінетін болады. Біз АҚШ-тың аймақтағы базаларын талқандаймыз», - деп мәлімдеді.
Иран тарабынан Жоғарғы көсемнің кеңесшісі Мохсен Резаи, Парламент спикері Мұхаммед Ғалибаф, Сақшылар корпусының спикері Хусейн Мобехилер кезек-кезек мәлімдемелер жасап, АҚШ-ты айыптады.
ОРМУЗДАҒЫ АЛАСАПЫРАН: СУҒА КЕТКЕН ТАНКЕРЛЕР...
АҚШ әскерилері Теһеранның Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне жасаған шабуылдарына жауап ретінде Иран танкерлеріне соққы берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды бұғаздағы кеме қатынасына кедергі келтіруден қайтару үшін «танкерге — танкер» деген жаңа тәсілді мақұлдаған.
Осыған дейін АҚШ әскерилері тек Иранның теңіз блокадасын бұзып өтуге тырысқан кемелерге ғана соққы беріп келген еді. Ал кешелі-бүгін Иранның екі танкері дрон шабуылына ұшырады.» Axios» мәліметінше, шабуылға ұшыраған кемелер Иран жағалауында, теңіз блокадасы сызығының солтүстігінде зәкірде тұрған.
Түйін: Осы жылғы маусымның аяғы, шілденің басында ортасында АҚШ пен Иран өзара түсіністік меморандумына қол қойған еді. Құжатта, 60 күнге атысты тоқтату және Ормуз бұғазын ашу көзделген еді. Осы келісім жасалғанымен, қос тарап шілденің соңына дейін бір-біріне соққы жасауды тоқтатпады. Ал тамыздың басында Трамп келіссөздер өтетінін хабарлады, осыдан бірнеше күннен кейін АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент тараптар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қайта жандандыру туралы келісімге жақындағанын мәлімдеді. Дегенмен 20 тамызда Трамп Иранға қарсы ауқымды экономикалық операция басталғанын жариялап, кейіннен Бессент оны «Иранды әлемдік экономикадан оқшаулаудың «бұрын-соңды болмаған» науқаны деп атады. Тегеран АҚШ-тың бұл әрекеттерін «экономикалық терроризм» деп бағалады. Күні кеше Иран президенті Масуд Пезешкиан келіссөздерді қайта жандандыру керектігін айтса, АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздерді қайта бастаудың еш мәні жоқ деді. Осылайша, қазір АҚШ пен Иран арасы шиеленісті күйде қалып отыр.
Mezgil.kz