Нарва қаласын басып алу, Готландқа әскер жіберу: Путин соғысты таңдай ма?

Батыстық сарапшылар Ресейдің Украина соғысын ушықтырып, НАТО-ның шығыс шекарасына қауіп төндіретін операциялар дайындап жатқанын айтуда. Мәскеу осылайша НАТО-ның реакциясын тексеріп көрмек дейді мамандар. Әскери сарапшылардың сөзінше, Ресей мен НАТО арасындағы қақтығыс классикалық сипаттағы соғыстан басталмайды. Қақтығыс арандату сипатындағы түрлі операциялардан бұрқ ете қалуы мүмкін.


ChatGPT Image 31 авг. 2026 г., 16_18_00.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

НАТО Ресей тарапынан шығыс шекарасына қауіп төнуі мүмкін дейді. Мәскеу әуе кеңістігін бұзу, кибершабуылдар мен диверсияларды ұйымдастыруы ықтимал. 2025 жылдың қаңтарында альянс Балтық теңізіндегі суасты инфрақұрылымына қатысты бірнеше оқиғаны тіркеді. Балтық теңізінде бірнеше байланыс желісі беймәлім жағдайда істен шықты. Кей сарапшылар бұл шабуылдарды Ресей ұйымдастырды деген пікірін айтты. Осы оқиғалардан кейін НАТО «Baltic Sentry» атты күшейтілген бақылау қызметін іске қосты. Оның құрамына фрегаттар, теңіз патрульдік авиациясы, суасты жүйелері мен дрондар енгізілді.

 

НАТО елдерінің  дерегіне сәйкес, әлемдегі интернет-трафиктің 95 пайыздан астамы суасты кабельдері арқылы өтеді. Шамамен 1,3 миллион шақырым кабель күн сайын триллиондаған доллар көлеміндегі қаржылық операцияларды қамтамасыз етеді. Демек, теңіз түбіндегі инфрақұрылым — жай ғана техникалық коммуникация емес, қазіргі экономиканың күретамыры. Су астындағы кабельдерді үзу арқылы, НАТО-ның қаржылық жүйесіне де соққы жасауға болады.

 

Міне, сол себепті суасты инфрақұрылымына жасалған шабуыл классикалық соғыстың басталуынан да күрделірек болуы мүмкін. Әскери кемеге шабуыл жасалса, агрессорды анықтау салыстырмалы түрде оңай. Ал теңіз түбіндегі кабельдің зақымдануы кездейсоқ апат, якорьдің әсері немесе техникалық ақау ретінде түсіндірілуі мүмкін. Сол үшін де Ресей тарапынан мұндай диверсия іске асса да, кінәліні нақты анықтау қиынға соғар еді.

 

2025 жылы басталған Baltic Sentry аясында альянс теңіздегі бақылауды күшейтіп қана қоймай, автономды жүйелерді сынай бастады. 2025 жылдың наурызынан бастап Task Force X-Baltic жобасы аясында 70-тен астам әуе және теңіз дроны сынақтан өтті. 2026 жылғы ақпанда Дания, Эстония, Финляндия, Германия, Латвия, Литва, Польша және Швеция теңіз операцияларына арналған жаңа технологияларды жылдам енгізу жөнінде келісім жасасты. Осылайша НАТО теңіз астындағы маңызды нысандарды қорғауды күшейтті.

 

Ресей басқа операцияларды да іске асыруы мүмкін дейді сарапшылар. Мысалы Нарва қаласына қатысты арнайы операцияны жоспарлауы мүмкін. Эстонияның Ресеймен шекаралас бұл қаласында орыс тілді халықтың үлесі басым. 2025 жылғы Еуропалық сыртқы қатынастар кеңесінің талдауында Ресейдің Эстонияға қарсы гибридті шабуыл жасау ықтималдылығы бар екені айтылды. Мұндай операцияның мақсаты міндетті түрде Нарваны басып алу болмауы мүмкін. Негізгі мақсат - НАТО-ның реакциясын тексеріп көру болмақ. «Ресей айырым белгісі жоқ сарбаздарды кіргізіп, Нарвада ішкі тәртіпсіздікке ұқсас операция жасап, НАТО-ны әбігерге салуы да мүмкін» дейді сарапшылар. Дей-тұра Эстония НАТО-ның мүшесі болғандықтан,

 

Балтық теңізіндегі география да Мәскеу мен НАТО арасындағы бәсекенің маңызды бөлігі болып қала береді. Бұл жерде Готланд аралының маңызы ерекше. Швеция НАТО-ға қосылғаннан кейін Балтық теңізінің әскери картасы айтарлықтай өзгерді. Готланд теңіз жолдарының, әуе кеңістігінің және Балтық жағалауындағы операциялардың орталығына жақын орналасқан. Ресей бұл аралда да күтпеген операция ұйымдастыруы мүмікін дейді сарапшылар.

 

Арктикадағы жағдай да алаңдатарлық. Бұл аймақта Шпицберген маңында геосаяси тартыстар өрбуде. Архипелагта Ресейдің Баренцбург елді-мекені бар. Осылайша Ресей мен НАТО-ның бұл аймақтағы бәсекелестігі де күшеюде. Сарапшылар архипелагтың Ресейдің Кола түбегіндегі Солтүстік флотына жақындығын және Солтүстік Атлантикаға шығатын бағыттар тұрғысынан географиялық маңызын атауда.

 

Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы Солтүстік Еуропаның қауіпсіздік картасын түбегейлі өзгертті. Бұрын бейтарап болған екі мемлекет енді альянстың құрамында. 2026 жылы НАТО Финляндияда өзінің тоғызыншы Forward Land Forces тобын құрып, солтүстік-шығыс шептегі әскери мүмкіндігін күшейтті. Осылайша Ресейдің Балтық аймағы мен Солтүстік бағыттағы әрекеттері қиындай түсті.

 

Сувалк дәлізін де естен шығармаған жөн. Бұл НАТО-ның ең осал географиялық аймағының бірі саналады. Польша мен Литва арасындағы шамамен 65 шақырымдық тар құрлық белдеуі Калининград облысын Беларусь аумағынан бөліп тұр.  Ресей бұл дәлізді бұғаттау операциясын іске асырса, НАТО-ның Латвия, Литва және Эстонияға құрлық арқылы қосымша күш жеткізу логистикасына қысым түсер еді. Дегенмен, сарапшылар Мәскеудің дәл осындай тәуекелге барарына күмәнмен қарайды. Бұл НАТО-ға автоматты түрде соғыс жариялау деген сөз. Ал алақандай Украинаның 5 жылда бағындыра алмаған Ресей, НАТО-ға қарсы қауқар көрсетуі екіталай дейді әскери сарапшылар.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар