25-тамыз күні Мәскеуге АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының(ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф келді. Бұл әлемдегі ең көп талқыланған оқиғаның бірі болды. Сырт көзге қарағанда, бұл – арнайы қызмет басшылары арасындағы кезекті байланыс сияқты көрінуі мүмкін. Кремль де дәл осындай түсініктеме берді. АҚШ президенті Дональд Трамп сапарды ерекше құпия операция емес, белгілі бір дәрежеде қалыпты байланыс ретінде сипаттады. Алайда сарапшылар бұл сапардың маңызы әлдеқайда жоғары деп бағалауда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Соғыс жүріп жатқан сәтте, Мәскеуге АҚШ-тың арнайы басқармасының басшысының келуі тегін емес екені анық. АҚШ пен Ресей арасындағы ресми дипломатиялық қатынас соңғы жылдары күрделі кезеңге жетті. Украинадағы соғыс, санкциялар, қауіпсіздік мәселесі және НАТО төңірегіндегі шиеленіс екі ел арасындағы сенім деңгейін барынша төмендетті. Осындай жағдайда арнайы қызметтердің байланысы ерекше мәнге ие болды. Соғыс жүріп жатқан сәтте, қос елдің арнайы қызметтері байланысты үзбеуге тырысуда. Арнайы қызмет түрлері БАҚ беттерінде айтыла бермейтін жабық кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізуде.
Дипломаттар көбіне мемлекеттердің ресми позициясын жеткізеді. Ал барлау қызметтері кейде бұдан да терең мәселелерді талқылай алады. Рэтклиффтің Мәскеуге баруы да осы тұрғыдан қызық.
The New York Times дерегіне сенсек, ОББ (ЦРУ) директоры Ресейдің Украинадағы соғыстағы жағдайына қатысты АҚШ барлауының ақпаратын жеткізген. Хабардың мәні қарапайым болды дейді басылым. АҚШ тарапы «егер Мәскеу соғысты жалғастыра берсе, әскери және экономикалық қысым одан әрі күшеюі мүмкін» деген месседжді жеткізген. Сонымен бірге, майдан даласындағы Ресейдің шығынына қатысты да ақпараттарды Мәскеуге жеткізген. ОББ директоры Путинге Кремль тарапынан соғыс және экономикаға қатысты шынайы ақпарат берілетініне күмән келтірді.
Соғыс түбегейлі өзгерді дейді АҚШ тарапы. Қазір бұл соғыс тек танк пен артиллерияның қақтығысы емес. Барлау технологиялары және арзан дрондардың жаппай қолданылуы соғыс сипатын түбегейлі өзгертті және Ресейдің о бастағы майдан даласындағы айқын басымдығы байқалмайды.
Бұрын бірнеше миллион доллар тұратын әскери техника қарсылас үшін үлкен қауіп төндірсе, қазір салыстырмалы түрде арзан дронның өзі қымбат техникаға соққы бере алады. Бұл жағдай шабуыл жасаушы тарап үшін де, қорғанушы тарап үшін де жаңа мәселе туғызды.
Рэтклифф бұған дейін Ресей жаулап алған аймақтар үшін тым жоғары құн төлеп жатқанын айтқан еді. Кішкентай ауыл немесе биіктікті алу үшін Мәскеу мыңдаған сарбаз, ондаған техника және жүздеген млн доллар шығындаған сәттер кездеседі.
Экономика – майданның екінші шебі. Соғыс тек окопта жүрмейтіні түсінікті. Кез келген ұзаққа созылған әскери қақтыстың артында экономикалық қиындықтардың қылтиып тұратыны да анық. Әскерге қару керек. Қару жасау үшін зауыт керек. Зауытқа жұмыс күші, қаржы, технология және логистика қажет.
Ұзақ соғыс мемлекетке бірнеше бағыттан қысым түсіреді. Бюджетке салмақ түседі, жұмыс күші әскери салаға ауысады, азаматтық сектордағы теңгерім өзгереді, технологиялық шектеулердің әсері уақыт өте келе күшеюі мүмкін. Сондықтан да Рэтклифф Ресейді жылдам арада келіссөз үстеліне отыруға шақырды және уақыт өткен сайын Мәскеу үшін жағдайдың қиындай беретінін ескертті.
Бірқатар БАҚ Уашиңтон Мәскеуге НАТО-ның шығыс шекарасындағы кез келген әскери авантюраның ауыр салдары болуы мүмкін екенін жеткізгенін жазуда. Эстония, Латвия және Литва – НАТО-ның мүшелері. Оларға жасалған шабуыл теориялық тұрғыдан альянстың ұжымдық қорғаныс қағидасын іске қосады. Сондықтан Украинадағы соғыстан кейінгі ең үлкен геосаяси қауіптердің бірі – қақтығыстың НАТО аумағына таралу ықтималдығы. ОББ директоры Мәскеуді жағдайды ушықтырмауға шақырған және Кремльдің кез келген әрекетіне батыл жауап болатынын меңзеген.
Mezgil.kz