Дәл қазіргі уақытта ұзақ жылғы қақтығыстар мен соғыстардан тоз-тозы шыққан Газа секторында ұрыс қимылдары әлсін-әлсін жалғасуда. Израиль әскері ХАМАС-қа қарсы әскери операциясын тоқтатқан жоқ. Соғыстың алғашқы фазасымен салыстырғанда, ашық ұрыс қимылдары біршама бәсеңдегенімен, қос тарап толық бітімге келген жоқ.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
АҚШ пен аталған географиялық аймақтағы өзге елдердің арағайындығымен уақытша бітім жасалғанымен, бұл бітім ұзақ уақытқа созылмады. Газа секторындағы қазіргі ахуал гуманитарлық апатқа ұласуда. Сектор тұтастай үйінді-қирандыға айналуда. Өңірде ас пен су, азық-түлік дағдарысы күн өткен сайын нашарлап, әлем назарын аударарлық апатқа айналуда. БҰҰ мандарының бағалауынша, Газа секторында қазір миллиондаған адам ішерге ас, киерге киім жоқ, уақытылы медициналық көмексіз арып-ашып, босқын күйіне түскен.
ГАЗА СЕКТОРЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Қазақстанның Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға қатысуы соңғы күндері халықаралық деңгейде ерекше назарға ілікті. АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолтц Қазақстанның Газа секторындағы бейбітшілікті қамтамасыз ету жұмыстарына мыңдаған әскери қызметшісін ұсынған елдердің қатарында екенін мәлімдеді.
Майк Уолтц өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгерлік тәжірибесін еске салды. Бүгінде қазақстандық әскери қызметшілер Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясына тұрақты негізде қатысып келеді.
«Уганда, Марокко және Қазақстан бастаған елдер Газа секторына бітімгерлік күш ретінде өздеріні сарбаздарын жіберуге дайын екенін айтты. Қазақстанның бітімгерлік күштерінің аталған аймақтағы тәжірбиесі мол. Олар Голан жоталарында бітімгерлік жасауда», - дейді Уолтц.
Айта кететін жайт – Қазақстан 2024 жылдан бері БҰҰ аясында Голан жоталарына екі кезек дербес миссия аттандырған. Қазір Голан жоталарына үшінші мәрте бітімгерлік контингентін жіберуге дайындалып жатыр.
Қазақстанның Газадағы ұстанымы тек әскери қатысумен шектелмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік кеңесінің» аға кеңесшісі Лайтстоунмен кездесіп, Қазақстанның Газа секторындағы тұрақтылыққа үлес қосуға бағытталған бастамаларын талқылады. Оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру мен денсаулық сақтау жобаларына қатысу және азық-түлік қауіпсіздігін қолдау мәселелері бар.
ҚАЗАҚСТАН: ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ КҮШЕЙТУ КЕРЕК!
Астана гуманитарлық бағытты да күшейтуді ұсынып отыр. Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында штаб-пәтері Астанада орналасқан Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының әлеуетін Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге пайдалануды ұсынды. Ұйым бұған дейін де палестиналықтарға азық-түлік көмегін жеткізуге қатысқан.
Осылайша, Қазақстанның Таяу Шығыстағы ұстанымы бірнеше бағытты қамтып отыр: Бітімгерлік миссияларға қатысу, гуманитарлық көмек көрсету, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге атсалысу және халықаралық ұйымдар аясында бейбіт бастамаларды қолдау.
ҚАЗАҚСТАН НЕ ДЕЙДІ?
Биыл наурызда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан әскерін Газаға бітімгер ретінде жіберу мәселесіне қатысты арнайы түсіндірме берген. Онда Қазақстанның «Бейбітшілік кеңесіне» қосылуы аясында әскери контингент жіберу мәселесі көтерілгенін, бірақ, Қазақстан Газа секторына толыққанды әскери контингент жібермейтіні айтылған. СІМ ақпаратынша: Қазақстан Газаға далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелер мен бақылаушыларды ғана жіберу мүмкіндігі қарастырған. СІМ бұл жерде әңгіме тек операцияның гуманитарлық құрамдас бөлігі туралы болып отырғанын айтқан. Бұдан бөлек, Қазақстан гуманитарлық азық-түлік көмегін көрсетуге және палестиналық студенттерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін бес жылдық 500 грант бөлуге дайын екені хабарланған.
Mezgil.kz