Ресейде жаңа мобилизация жариялануы мүмкін. Апта бұрын Грузия мен Ресей шекарасындағы өткізу бекетінде мыңдаған адамның топтасқаны жайлы ақпарат тарады. Кей арналар ресейліктердің ықтимал мобилизациядан қашып жатқанын айтты.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
18-тамызда Ресейдің Федералдық кеден қызметі «Жоғарғы Ларс» арқылы тәулігіне 20 мыңнан астам адамның өткенін және жеңіл автокөлік ағыны рекордтық деңгейге жеткенін хабарлады. Алайда келесі күні Грузияның Ішкі істер министрлігі «20 мың ресейлік Грузияға кірді» деген ақпаратты жоққа шығарды. Грузия тарапының мәліметінше, 24 сағат ішінде Ларс арқылы елге 7880 азамат кіріп, 8406 адам Грузиядан шыққан. Кіргендердің барлығы дерлік ресейліктер емес. Бұл жалпы сол күні Грузияға кіргендер болатын.
Грузияның мәліметінен кейін, Ресейдің кеден қызметі де көрсеткіштерді нақтылап, 19-тамыз таңғы сағат алтыға дейін екі бағытта 16 мыңнан астам адамның шекарадан өткенін, шамамен 8,5 мың адамның Ресейге кіріп, 7,5 мыңнан астамының Ресейден шыққанын мәлімдеді.
Дегенмен бұған қарамастан, бұл жолғы дүрбелеңнің саяси астары бар. Себебі Ресейде жаңа мобилизация болуы мүмкін деген әңгіме қайта күшейді. Гу-гу етіп әр тұстан айтылуда. Бұл туралы саяси сарапшылар да айтуда. Болжам жасап жатқандар да жеткілікті.
23-тамызда Украина президенті Владимир Зеленский Ресей билігі қыркүйектегі парламент сайлауынан кейін тағы 300-500 мың адамды әскерге тартуды жоспарлап отыр деп мәлімдеді. Ал 26 тамызда The Wall Street Journal Батыс барлау деректеріне сүйене отырып, Ресей өңірлерінде ықтимал жаңа мобилизацияға дайындық жүргізіліп жатқанын жазды. Кремль мұндай іс-шараларды жоспарлы және күнделікті дайындық деп сипаттауда.
2022 жылғы мобилизация көрсеткендей, ресейліктер үшін Грузия мен Қазақстан ең қолжетімді бағыттардың бірі саналады. Қазақстанның Ресеймен ұзын құрлық шекарасы, визасыз режим және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы еңбек нарығының салыстырмалы ашықтығы бар. Сәйкесінше ресейліктер ықтимал мобилизацияда ең алдымен осы бағыттарға жаппай ағылуы мүмкін.
2022 жылдың 21-қыркүйегінде Ресей мобилизация жариялағаннан кейін екі аптада Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік кірген. Сол кезеңде шамамен 147 мың адам Қазақстаннан қайта шыққан. Кейінгі ресми деректер Қазақстанның көп жағдайда транзиттік дәліз болғанын көрсетті. Қазақстан арқылы ресейліктердің бір бөлігі Өзбекстанға, Қырғызстанға, Түркияға және басқа мемлекеттерге кетті.
Бірақ қысқа мерзімде келген жүздеген мың адамның өзі Қазақстанның ірі қалаларындағы тұрғын үй нарығына айтарлықтай қысым түсірді. Бұл сол кезеңдегі жалпы инфляциялық қысымды күшейткен факторлардың бірі болды. Егер Ресейде жаңа мобилизация жарияланса, Қазақстан тағы да осындай құбылыспен бетпе-бет келуі мүмкін.
Алайда ықтимал мобилизацияның Орталық Азия үшін ең үлкен экономикалық салдары Ресейден келетін ресейліктердің санымен ғана өлшенбейді. Аймақтың бірнеше мемлекеті Ресейдің еңбек нарығына және ақша аударымдарына әлі тәуелді. Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы деректері бойынша шетелден келетін жеке ақша аударымдары Тәжікстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 48 пайызына, Қырғызстанның 26 пайызына, Өзбекстанның 14 пайыздан астамына тең екенін көрсетті. Бұл қаражаттың елеулі бөлігі Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарынан келеді. Яғни жаңа мобилизация Ресей экономикасын әлсіретсе, оның салдары Душанбе, Бішкек пен Ташкенттегі отбасылардың табысына да әсер етуі мүмкін.
Ресейде мобилизацияға байланысты жұмысшы күші азайып кетуі мүмкін. Ресейлік ерлердің бір бөлігі әскерге алынса, енді бір бөлігі өзге елге кетуі ықтимал. Бұл Ресейдің құрылыс, өндіріс, логистика, коммуналдық шаруашылық және қызмет көрсету салаларында Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарына сұранысты арттырады. Жұмыс күшіне бәсеке артса, еңбек мигранттарының жалақысы да өсуі ықтимал. Мұндай жағдайда Орталық Азияға жіберілетін ақша көлемі алғашқы кезеңде тіпті арта түспек.
Дей-тұра, мобилизация бюджет шығынын ұлғайтып, инфляцияны күшейтіп, рубльдің әлсіреуіне және азаматтық сектордағы өндірістің баяулауына әкелсе, Ресейде жүрген мигранттардың нақты табысы төмендейді. Рубльмен тапқан ақша доллар немесе ұлттық валютаға аударылған кезде құнсызданады. Дүниежүзілік банк 2023 жылы Еуропа мен Орталық Азияға аударылған ақшаның долларлық көлемінің төмендеу себептерінің бірі ретінде рубльдің әлсіреуін атаған еді.
Ресейдегі қазіргі мәселе жұмыс күшінің жетіспеуі болып отыр. Жаңа мобилизация дәл осы әлсіз тұсқа ауыр соққы береді. Экономикадан жүздеген мың адамды алып кету өндірістің физикалық мүмкіндігін азайтады. Әскери кәсіпорындар жоғары жалақымен кадрларды өзіне тартып жатқанда, машина жасау, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салалары қызметкерлерсіз қалуда. 2022 жылғы мобилизацияның өзінде Ресей Орталық банкінің сауалнамасы кәсіпорындардың жартысына жуығы кадр жетіспеушілігін сезінгенін көрсеткен.
Мобилизация бюджетке де салмақ түсіреді. Әскерге алынған адамдарға еңбекақы, әлеуметтік төлем, жабдықтау, оқыту, медициналық қамтамасыз ету және олардың отбасыларына жеңілдіктер қажет. Ал Ресейдің бюджеті онсыз да қысымда. Reuters мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартысында федералдық бюджет тапшылығы 5,73 триллион рубльге, яғни ЖІӨ-нің шамамен 2,5 пайызына жетті. Үкімет жылдық тапшылық бастапқы жоспардан жоғары болуы мүмкін екенін мойындады.
Қазір ықтимал мобилизацияға қатысты түрлі әңгіме айтылуда. Ресейдің ішкі аудиториясы да бұл ақпаратты егжей-тегжейлі талқылап жатыр. Көрші елдегі мобилизация Украина-Ресей соғысын жаңа деңгейге ушықтырумен қатар, ТМД аймағындағы түрлі мәселені де шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Бұл әсіресе Кавказ және Орталық Азия аймағында көрініс таппақ.
Mezgil.kz