Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметіне сәйкес, Газа секторындағы 18,5 мыңнан астам ауыр жараланған және созылмалы ауруға шалдыққан адам эвакуациялауды күтіп отыр. Шекаралық бекеттер алдын ала бекітілген тізім бойынша санаулы адамды ғана өткізеді. Назарларыңызға The Insider басылымының Газа тұрғынымен жасаған сұхбатын қысқаша ұсынамыз.

Сол тізімді бірнеше жылдан бері күтіп жүргендердің бірі - Нидал Абу Ауда. Ол үш рет эвакуациялық тізімге тіркеліп, үш рет шекарадан өте алмаған. 2025 жылғы 29 қыркүйекте болған соңғы эвакуация кезінде де ол Газадан шыға алмады. Кейін тағы эвакуациялық әрекеттер ұйымдастырылады деген үміт болған. Бірақ ол жүзеге аспады. Содан бері Нидал эвакуацияны күтіп отыр.
Нидал Газа секторында өмірге келген. Бірақ оның өмірінің көп бөлігі Украинамен байланысты. 1990-жылдардың басында ол Харьковке оқуға түседі. Сол жерде украин қызымен танысып, шаңырақ көтереді. Қыздары да Украинада дүниеге келеді. 1998 жылы Нидал отбасын алып, Газа секторына қайта көшіп келеді. Соғысқа дейін Нидал электрмен жабдықтау компаниясында әкімшілік қызмет атқарады. Айына шамамен 400-500 доллар жалақы алатын. Өз үйі, тұрақты жұмысы, қалыпты тіршілігі болды.
Газа секторында бұған дейін де соғыстар болған. Нидал 2008, 2012, 2014 және 2018 жылдардағы әскери қақтығыстарды бастан өткерді. Бірақ 2023 жылы басталған соғыстың мұншалық ұзаққа созылатынын, үлкен қырғынға ұласатынын, Газаны тұтас жалмайтынын ешкім күтпеді дейді ол.
Алғашқы соққылар басталған кезде Нидал отбасымен бірге үйінде болғанын айтты. Ол әйелін, қыздары мен жиендерін, туыстарын Газа аймағынан шығаруға барын салады. Отбасын Газадан шығарған соң, өзі Мысыр бағытындағы шекара бекеті арқылы өтпек болады. Алайда оның сәті түспеді. Нидал 2023 жылдан кейін отбасын көрмегенін айтуда.
Газа секторының солтүстігінде орналасқан үйіне бомба түсіп, қирағанын айтты. Нидал соғыс басталғалы бері тұратын жерін шамамен 15 рет ауыстырған. Газа - шағын аумақ. Мұнда шамамен екі миллион адам тұрады. Ал қауіпсіздеу жер іздеген адамдар кейде шатыр тігуге бос орын таба алмайды. Кейде Нидал достарына телефон шалып, шатыр тігетін бір жапырақ жер іздейді. «Біреудің жанына уақытша паналайсың. Артынша сол жерге тағы бірнеше адам келеді. Кеше ғана бос тұрған аумақ келесі күні лагерьге айналып кетеді», - дейді ол.
Бүгінде соғыстан қираған аймаққа БҰҰ, World Central Kitchen және басқа да халықаралық ұйымдар азық-түлік жеткізуге тырысуда. «Газа аймағында тамақ көбіне күніне бір рет, шамамен сағат 11-12 аралығында таратылады. Адамдар ыдыстарын алып, кезекке тұрады. Күріш, бұршақ секілді тағамдар беріледі. Тамақ таусылғанша таратылады. Кешіккен адам аш қалады», - дейді Нидал.
Нидалдың айтуынша, шамамен бір жарым ай бойы азық-түлік дәл осындай тәртіппен беріліп келеді. Аштықтың салдарынан Нидал 25 келі салмақ жоғалтқан. Қазір ол айына шамамен 100-120 доллар көлемінде көмек алады. Бірақ бұл ақша азық-түлік алуға жетпейді. Халықтың бір бөлігі гуманитарлық көмекті сатып, күн көруге тырысады дейді ол.
Газа аймағында жұмыс жоқ. Банктер жұмыс істемейді. Ақша айналымы бұзылған. Ал соғыс жағдайы қара нарық пен алыпсатарлыққа жол ашқан. Нидалдың айтуынша, кейбір адамдар тауарды жасырып, кейін өздері белгілеген бағамен сатады. Басқалары қолдан тапшылық жасап, соның есебінен пайда табады. Балалар аш қалмау үшін ұрлыққа барады.
Аймақтағы басты мәселенің бірі су болып тұр. Су жергілікті сорғылардан тартылған шланг арқылы келеді. Судың сапасы көп жағдайда ішуге жарамайды. Тым тұзды. Бірақ халық амалдың жоқтығынан сол суды ішуге мәжбүр.
Электр жарығы да қалыпты өмірдің бір бөлігі болудан қалған. Күн батареялары болмаса, көптеген адам жарықсыз қалар еді. Телефонды қуаттау үшін кейде мүмкіндігі бар адамға барып, екі-үш шекель төлеуге тура келеді. Интернетке қосылу үшін он немесе жиырма сағаттық карталар сатып алынады. Оның құны шамамен бір доллар. Бірақ интернет те тұрақты емес. Бірде бар, бірде жоқ. Израиль ұшақтары соққы жасаған сәтте, әдетте интернет өшіріледі.
Ауруханалардың көбі жұмысын тоқтатқан. Кейбір шағын медициналық пункттер ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ дәрі-дәрмек тапшы. Мектептердің көбі жоқ. Соғыстан қирап, үйіндіге айналған. Кейбір еріктілер балаларға сабақ береді. Кейде халықаралық немесе жергілікті ұйымдар бір-екі шатыр тігіп, бірнеше мұғалімді жинайды. Балалар сол жерде уақытша білім алады. Алайда бұл дәстүрлі мектепті мүлде алмастыра алмайды.
Нидалдың отбасы қазір қазір Мысырда. Газа секторынан қашып шыққаннан кейін Одессаға барған. Нидал Украина билігіне отбасын эвакуациялап, құтқарғаны үшін алғыс білдіруде. Алайда Ресей Одессаға үздіксіз соққы жасаған сәтте, оның отбасы мүшелері Мысырға кетуге мәжбүр болған.
Нидал Газа аймағындағы халықты бір ғана сұрақ қызықтыратынын айтты. Ол соғыстың қашан бітетіні жайлы сауал. Халық күнделікті атыс-шабыстан, өлім мен аштықтан шаршады дейді. Газа тұрғындары бұл соғыстан еш нәтиже шықпағанын, тек қайғы мен қасіретке тап болғанын айтуда.
Mezgil.kz