Құпия жоспар белгілі болды: Путин Украинадан соң Молдоваға ауыз салмақ!

Қазір Кремльдің имперлік араны Киевпен шектеліп тұрған жоқ. Ресей билігі Молдованың бүкіл банк жүйесін банкротқа ұшырата жаздаған қашқын банкирді пайдаланып, Кишиневті іштен бүлдіру үшін ұзақ мерзімге жоспарланған операция жүргізіп жатыр. Бұл туралы «The New York Times» басылымы тәптіштеп жазыпты...

1787045284296874.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

МӘСКЕУДІҢ ҚҰПИЯ ОПЕРАЦИЯСЫ – МОЛДОВАНЫ ІШТЕН БҮЛДІРУ...

Мәскеудің құпия операциясы бірнеше бағытта жүргізілуде. Атап айтқанда – Сербияда, Боснияда және Мәскеу маңындағы арнайы лагерьлерде арандатушылар мен диверсанттарды даярлау, Молдованы батысшыл бағытынан тайдыруға бағытталған (оның ішінде «Сколково» инноградынан басқарылған) әрекеттер ұйымдастыру, сайлаушылар мен Орыс православ шіркеуінің жергілікті діни қызметкерлерін жаппай сатып алу, сондай-ақ маңызды инфрақұрылымға қарсы шабуылдар ұйымдастыру бойынша астыртын әрекеттер жоспарланған.

«The New York Times» басылымы Мәскеудің нұсқауымен әрекет еткен белсенділердің әрекеттерін сараптап, Молдова, Еуропа және АҚШ арнайы қызметтерінің жоғары лауазымды өкілдерімен сөйлесіп, Ресейдің Молдовадағы сайлауды манипуляциялау әрекеттеріне қатысты мыңдаған құжатты талдап, зерттеу жасапты. Нәтижесінде: «Кремльдің басымдықтар тізімінде бірінші орында Украинаны жаулап алу, ал екінші орында Молдованы бақылауға алу тұр», - деген түйінге тоқтаған.

«NYT» дереккөздерінің айтуынша, Владимир Путин Ресейді Молдовамен байланыстыратын құрлық дәлізін жасау үшін Украинаның оңтүстігін басып алуға үміттенеді. Дегенмен, Путиннің бұл жоспары әзір орындала қоюы екіталай.

ШОРДЫҢ ШАТАҒЫ: МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕНІ АҚШАҒА САТУ...

Сондықтан қазір батыссыш Молдова билігіне қарсы операцияны басқару ісі – РФ Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Сергей Кириенкоға тапсырылған. Ал оның көмекшілерінің бірі – 2014 жылы жергілікті банктерден 1 миллиард доллар ұрлауға мүмкіндік берген алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны үшін Молдовада 15 жылға бас бостандығынан айырылған Илан Шор.

Шордың Мәскеудегі компаниясының құжаттарына сәйкес, ол 2025 жылдың күзінде өткен парламент сайлауы қарсаңында 150 мыңнан астам молдовалықты жұмысқа тартып, оларға наразылық акциялары үшін ақы төлеген. Бұл – сайлаушылар тізіміндегілердің шамамен 4,5 пайызы деген сөз.

Шор Ресейдің нұсқауымен бұл әрекетін 2024 жылы-ақ бастап кеткен. Ол кезде Молдовада Еуропалық одаққа қосылуды Конституцияға енгізу жөнінде референдум өткен. Сол кезде Шор жақтастарына ақша таратып, олар әлеуметтік желілерде ресейшіл және үкіметке қарсы материалдарды жариялаған, ұйымдастырылған митингілерге қатысқан, президент Мая Санду мен оның партиясына және ЕО-ға қосылуға қарсы дауыс берген.

Ал бұл жұмыстар туралы ақпараттар мен есептік жазбаларды Илан Шорға жұмыс істеген IT маман (бағдарламашы) бұлтты қоймадағы (облако) көпшілікке қолжетімді папкада сақтаған. «NYT» деректер қорын тексеріп, ондағы аты аталған адамдармен байланысып, әлеуметтік желілердегі посттарды талдап, Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығының жанындағы әзірлеуші компанияның мекенжайына дейінгі «GPS» координаттарын зерттеген.

Мысалы, 2024 жылғы референдум алдында Шор 4 айдың ішінде 38 мың «белсендіге» шамамен 20 миллион доллар төлеген.

ШЕТЕЛДЕГІ БҮЛІКШІЛЕР ОТРЯДЫ: МОЛДОВАНЫ КІМДЕР ТӨҢКЕРМЕК БОЛҒАН?

Ресейлік арнайы қызметтер нағыз бүлікші белсенділерді де дайындаған. Сербияның шалғай ауданында лагерь ашылып, онда Ресейдің әскери барлау қызметімен – Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Бас басқармасымен (ГРУ) байланысы бар адамдар нұсқаушы болып жұмыс істеген.

Мәселен, 2025 жылдың жазында лагерьге келген молдовандар 3-4 күндік курстардан өткен. Бұл үшін шамамен 400 доллар алған. Олар полиция қоршауын бұзып өту және ғимараттарды өртеу дағдыларын меңгерген. Молдова прокуратурасы мен арнайы қызметтері қатысушылардың телефондарынан тапқан бейнежазбаларда камуфляж киімі мен бронежилет киіп, автоматтармен жаттығып жатқан адамдар бейнеленген.

Осындай лагерьлер Боснияда және Мәскеу маңында да жұмыс істеген. Молдова прокуратурасының материалдарында – Мәскеудегі лагерде 100-ден астам жас молдовалық қолдан жасалған жарылғыш заттарды жасау және қолдану, сондай-ақ жарылғыш заттар немесе өртеуге арналған арнайы қондырғылары бар дронды басқару бойынша дайындық курсынан өткен. Бұл курсты РФ ҚК Бас штабы өткізген.

ДІНДІ ҚАРУҒА АЙНАЛДЫРУ: ОРЫС ШІРКЕУІНІҢ ҚҰПИЯ МИССИЯСЫ

Молдова билігі мен оның саяси бағытына қарсы үгіт-насихат жүргізу үшін Молдовадағы «Орыс православ шіркеуінің» (ОПШ) діни қызметкерлері де барын салған. 2024 жылдың жазынан бастап оларды жүздеп Ресейге киелі орындарды зиярат етуге және шіркеу басшылығымен кездесуге шақырып, нұсқау берген. Қайтар алдында әрқайсысы құпия келісімшартқа қол қойған.

Бұл шіркеу қызметкерлері Молдова аумағында ресейшіл саясатты насихаттайтын Кремльмен байланысты «Евразия» ұйымының қызметкерлері ретінде тіркелген. Ал жоғарыда аты аталған сатқын Шор осы ұйымның басқарушы кеңесіне мүше болған.

Келісімшарт жасалғаннан кейін шіркеу қызметкерлері Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қызмет көрсететін және криптотөлемдер арқылы батыстық санкцияларды айналып өту үшін құрылған «Промсвязьбанктың» картасын алған. ал бұл банк өз кезегінде Шордың «А7» компаниясының 49 пайызына иелік етеді. Сөйтіп, шіркеу қызметкерлеріне 1000 доллардан төленген. Ал олар өз кезегінде шіркеуге келушілерге Батыс саясатын жамандап, ресейшіл бағытты насихаттаған.

Сол жылы өзі дайындаған «бүлікшілердің» күшімен ірі диверсиялар ұйымдастыра алмаған соң, Ресей агрессивті соққылар жасай бастаған. Наурыз айында ол Молдова шекарасына жақын жерде орналасқан украин ГЭС-ін атқылады, бұл екі елде де сумен жабдықтау жүйелерінің ластануына әкеп соқтырды. Одан кейін ресейлік дрондар Украинаның батысындағы жоғары вольтты желіге соққы жасаған. Бұл желі арқылы Молдова электр энергиясының 70 пайызын алып отырған.

Рас, ЕО-ға және Санду партиясына қолдау көрсетушілер 2024 және 2025 жылдары ең алдымен шетелдік диаспораның дауыстары есебінен аз ғана басымдықпен жеңіске жете алды. Бірақ Мәскеу ұзақ мерзімді ойын ойнап отырғаны анық. Сондықтан, сарапшылар Путин мен Кремль импершілері Украина жығылса, кезек Молдовада екенін ескертеді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар