Ресейдегі Внешэкономбанктің бас экономисі болған Андрей Клепач қызметінен босатылды. Ол Ресейдің Украинаға қарсы соғыста қалжырап, ішкі дағдарысы арта беретінін болжаған-ды. Оның қызметтен алынуына мамыр айында айтқан сөздері себепкер болды. Клепачтың баяндамасы әлеуметтік желіде тамыз айында қайта жарияланып, ақыры қызметінен кетті.

(Сурет aif.ru сайтынан алынды)
Андрей Клепач 12 жылдан астам уақыт бойы Внешэкономбанктің бас экономисі болды. Оған дейін ол 10 жыл бойы Экономикалық даму министрлігінде қызмет атқарды. 2008-2014 жылдар аралығында Клепач министр орынбасары қызметінде отырды.
Бұл жағдай туралы Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері, экономист Александр Прокопенко былай дейді: «Клепач Ресейдегі макроэкономика саласындағы ең мықты азаматтың бірі. Оның қызметтен алынуы Ресейді дағдарыстан құтқармайды. Ресейге инвестиция салу азаюда, қорғанысқа қаржы рекордтық деңгейде құйылуда, ал экономиканың өсімі нөлге жақын. Экономика дамып жатыр дегенді тек пропагандистер айтуда, ал экономистер шынайы жағдайды көріп отыр», - дейді ол.
Клепач 21-мамыр күні «Ресейдің экономикасы және геосаяси тәуекелдер» атты баяндамасын оқыды. Баяндама Мәскеу биржасы алаңындағы Никитский клубында көпшілікке таныстырылды. Мәскеу биржасы өз алаңында 25 жылдан астам уақыт бойы талқылау өткізуде.
Өз баяндамасында Клепач Ресей экономикасы санкцияға төтеп беруге тырысса да, экономикалық шығын артып келе жатқанын анық айтты. «2023-2024 жылдары Ресей экономикасы қарқынды өсті де, 2025 жылдан бастап күрт құлай бастады. Ал 2026 жылы біздің экономика АҚШ және Украина экономикасының өсу қарқынынан артта қалды. Ал біз бұл елдермен әскери және саяси қақтығысқа түсіп жатырмыз», - дейді.
Оның болжамынша, Ресейдің экономикасы алдағы жылдары 1-1,5% ғана өсуі ықтимал. Осылайша Ресей әлем экономикасының өсу қарқынына ілесе алмайтын болады дейді сарапшы. «Арнайы әскери операция жалғаса берсе, санкциялар сақталып, қаржы институттары қысым жағдайында күн кешсе, біздің экономикамыз 2-2,5% өсімге жете алмайды», - дейді.
Клепач былай дейді: «Біздің экономикамыз өлмейді. Бірақ біз артта қаламыз. Мәселе осында ғой. Біз әлемде технологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да жеңіліске ұшырап, бәсекеден қалудамыз. Біз бұл тұрғыдан тек қана АҚШ пен Қытайға ғана жеңіліп жатқан жоқпыз. Біз айту қиын болса да, бұл тұрғыдан Украинаға да ұтылып жатырмыз. Украинаның экономикасы қирап, демографиясы апатты жағдайда тұрғаны түсінікті. Бірақ соған қарамастан Украина экономикасы тірі және тіпті кей салада өсім көрсетуде», - дейді сарапшы.
Сарапшы өз сөзін жалғап, былай деді: «Қай елдің экономикасы бірінші құлайды деген жарыста біз жеңіске жетпейміз. Біз иллюзияда жүрміз. Ол жақта бәрі әне-міне құлдырайды деп сенудеміз. Бірақ олар құлаған жоқ және құламайды да. Ал бізде мәселелер артуда. Халық денсаулық сақтау саласының нашарлап кеткенін айтуда. Ғылыми-технологиялық тұрғыдан да мәселелер жинақталып қалды. Кей салада ілгерілеу бар шығар, бірақ жалпы тұтас алғанда біз бәсекелестікте ұтылып жатырмыз. Қоғамдағы теңсіздік те күшейді. Экономика шыдайтын шығар, бірақ әлеуметтік дағдарыс күшейеді. Ақпан төңкерісін ешкім күтпеп еді...Ресей құламайды, бірақ біз ауқымды әлеуметтік дағдарысқа тап боламыз. Оған сенімдімін», - дейді Клепач.
Оның бұл сөздері Ресей экономистері арасында қызу талқыланды. Сарапшылар бұл сөздерді ресейлік қаржы қауымдастығының бір бөлігі қолдайтынын айтуда. Алайда оны ашық айта алмайды. Ал ашық пікір білдіргендер, Клепачтың кебін киіп, қызметтен кетуі мүмкін.
Mezgil.kz