Путин мен Медведев Арменияны соғыспен қорқытуда: Грузияны қайталаймыз!

Мәскеу мен Ереванның арасы бұзыла бастағаны кеше-бүгін емес. Әсіресе, Ереванның еуроинтеграция бағытына бет бұруы Қарабақ соғысындағы жеңілістен кейін күшейе түскен. Әлбетте, Оңтүстік Қапқазды ашса алақанда, жұмса жұдырығында ұстап келген Мәскеу үшін бұл «сатқындықпен» тең қадам.

1786357140510258.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ал Ереван алған беттен айнымайтынын осыған дейін бірнеше мәрте ашық аңғартты. Тіпті, биыл Еуропа лидерлерін Ераванға жиып, онда Мәскеудің бас дұшпаны – Украина президенті Зеленскийге мінбер ұсынған.

Осыдан соң, Мәскеудің Ереванға шүйлігуі жиіледі. Осы жолы мәскеу жақтан Ереванға қарсы тағы да қорқытып-үркіту сөздері айтылыпты. Оны айтқан – Ресейдің бұрынғы президенті, Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев. Бүй дейді:

МЕДВЕДЕВТІҢ ҚОРҚЫТУЫ: ГРУЗИЯНЫҢ ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАЙДЫ!

«Ресеймен экономикалық қарым-қатынасты үзген жағдайда Арменияны елеулі құлдырау немесе одан да зорғы ауыр салдар күтіп тұр», - дейді РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев.

Ол «РИА Новости» агенттігіне сұхбат беріп, 2008 жылғы Оңтүстік Осетиядағы соғыстың салдары мен Тбилисидің Батыс елдерімен жақындасуы жайлы біраз көсіліп сөйлепті. Сөз арасында Арменияға шүйлігіп, «егер Ереван Еуропаға біржола бет бұратын болса, Гүржістанның тағдырын қайталайды» дейді.

Медведевтің айтуынша, Батыс Грузияны Ресейге қарсы геосаяси күрестің доғал құралы ретінде пайдаланып, кейін тағдырдың тәлкегіне тастап кеткен-мыс. Ол Батыспен жақындаса бастаған Ереванды да осыған ұқсас тағдыр күтіп тұрғанын мәлімдеді.

«Еуропалық Одақ пен АҚШ-қа бұл ел азаматтарының әл-ауқаты мүлде маңызды емес. Армения Ресейге қарсы соққы беруші құрал ретінде оларға қызық болмай қалған бойда, батыстық құбылмалы саясаткерлер барлық уәделерінен лезде бас тартады, тіпті ондай уәделер мүлде болмағандай кейіп танытады. Сонымен бірге, Ресеймен экономикалық қарым-қатынасты үзу Арменияда терең ішкі дағдарыс тудырады. Тіпті одан да жаман болуы мүмкін...», - деді Дмитрий Медведев.

ПУТИННІҢ ҚОРҚЫТУЫ: УКРАИНА ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАЙДЫ!

Бұған дейін президент Путин Ереваннан ЕАЭО-дан шығу және Еуропалық Одаққа кіру туралы референдум өткізуді талап етіп, мұны «мәдениетті және өзара тиімді кетісудің» шарты деп атаған еді. Ол сондай-ақ «Украинадағы қақтығыс та Киевтің ЕО-ға кіру әрекетінен кейін басталған» деп сес көрсеткен.

Соңғы айларда Ереванның Еуропамен және АҚШ-пен жақындасу жиілегенін жоғарыда айттық. Осыған байланысты Ресей мен Армения арасындағы қарым-қатынас та күрт шиеленісе түсті.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар