Соғысқа сарбаз жетпей жатыр: Ресей қандай шешім қабылдайды?

Ресейде «мобилизацияның екінші толқыны» болады деген әңгіме биыл да күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ кей сарапшылар Кремль әзірге жаппай мобилизацияға бармай, басқа жолмен соғысқа адам тартуды күшейтетінін айтуда. Оның ішінде сотталушыларды соғысқа жіберу, келісімшарт арқылы төленетін қаржыны арттыру, бопсалауды күшейту сынды әдістер бар.


ChatGPT Image 10 авг. 2026 г., 13_11_01.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік мәселелері институтының Ресей жөніндегі сарапшысы Янис Клюге Ресейдің биыл мобилизация жасайтынына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, «келісімшарт арқылы соғысқа келушілер әлі де бар, сәйкесінше Мәскеу мобилизация жариялауды кейінге шегере алады» дейді.

 

Клюгенің есебінше, Ресей армиясы тәулігіне шамамен 1000 адам қабылдайды. Тек 2026 жылдың екінші тоқсанында аймақтық бюджеттердегі деректер бойынша 93000 жаңа келісімшарт жасалған. Бұл соғыстағы адам ресурсы мәселесін әзірге мобилизациясыз шешуге мүмкіндік беріп отырған негізгі фактор саналады.

 

Мәскеу бұл жүйеге орасан зор қаржы құйып отыр. Келісімшартқа отырғаны үшін берілетін аймақтық бонустар тамызда 1,65 миллион рубльге дейін жетіп, тарихи максимум орнатты. Бірақ бұл жерде Ресейдің ішкі мәселесінің тереңдей түскенін көрсететін қызықты деталь бар. Мысалы, Самара облысында келісімшарт үшін берілетін бонус 2,2 миллион рубльден 400 000 рубльге дейін күрт төмендеді. Бірақ сырттан адам әкелген рекрутерге төленетін комиссия керісінше 500 000 рубльден 800 000 рубльге дейін өсті. Жергілікті адамды тарту үшін комиссия небәрі 100 000 рубль.

 

Бұл нені білдіреді? Мұны Ресейдің аймақтары арасында адам ресурсы үшін жүріп жатқан жасырын бәсекенің айқын белгісі ретінде қарауға болады. Бұрын негізгі мәселе «адамды қалай көндіреміз?» болса, қазір «адамды басқа аймаққа жібермей, өзімізге қалай тартамыз?» деген сұрақ та қосылып отыр. Осылайша соғысқа адам тартып, сол үшін қаржы табу әрекеті кәдімгідей кәсіпке айналуда. 

 

Ресей Мемлекеттік Думасының сотталған адамдарды әскерге шақыруға қойылатын шектеулерді жеңілдетуі де соғысқа адам тартуды күшейтуі ықтимал. Алайда бұл адам санын арттырса да, сапа мәселесіне қойылатын сұрақ әлі де көп.

 

Дмитрий Медведевтің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы жартысында шамамен 200 000 жаңа келісімшарт жасалған. Бірақ бұл цифрдың өзі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін жасыра алмайды. 27 наурызда Медведев бірінші тоқсанда 80 000-нан астам, ал 30 сәуірде 127 000 келісімшарт жасалғанын айтқан. Клюгенің аймақтық бюджеттерге негізделген бағалауы бұл көрсеткіштен шамамен 10%-ға төмен.

 

Егер келісімшарт бойынша жинақталған сарбаздардың басым бөлігі резерв құруға емес, майдандағы шығынды жабуға кетсе, онда Мәскеу іс жүзінде жаңа әскери резерв қалыптастыра алмайды. Ал бұл Ресей үшін стратегиялық тұрғыдан әлдеқайда маңызды мәселе саналады.

 

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының аға ғылыми қызметкері Майкл Кофманның сөзінше Ресей армиясының саны өскенімен, оның майданда пайдалана алатын бөлігі керісінше қысқарған. Себебі жаңа бөлімшелер резервке жинақталмай, бірден майданға жіберіледі. Олар бұрынғы шығынның орнын толтырады. Яғни, жаңа шабуыл жасайтын тың әскери бөлімшелер жасақталып жатқан жоқ. Тек үлкен шығынға ұшыраған бөлімшелерді толықтыру ғана іске асуда.

 

Сарапшы Григорий Свердлиннің айтуынша, Ресей армиясына жыл өткен сайын адам жинау қиындай түсуде. Сондықтан Қорғаныс министрлігі әртүрлі әлеуметтік топтарға қысымды күшейтуге мәжбүр. Бұл қысымның түрлері де барған сайын қатал бола түсуде: көшеден адамдарды алып кету, студенттерді алдау арқылы әскерге тарту және экономикалық тұрғыдан өте жоғары бонустар ұсыну.

 

Сарапшылар дәп қазір Кремльдің екі таңдау алдында тұрғанын айтуда. Не ол келісімшартты тартымды етеді, не мобилизация жариялайды. Екі шешім де Кремль үшін имидждік және экономикалық тұрғыдан үлкен қаржыны, шығынды талап етеді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар