Дональд Трамптың Кремльмен байланысы туралы дау тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл жолы әңгімені бастаған - Трамптың саяси қарсыластары емес, АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы. Аталған бюро Трампқа қатысты тергеу жүргізген екен.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫНА ТҮСКЕН БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?
АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (FBI) жариялаған құжаттарда Трампқа қатысты тергеудің 2017 жылы жүргізілгені жазылған. Ол бойынша - Трамптың Ресей мүддесіне әрекет еткен-етпегенін анықтау үшін арнайы тергеу жүргізілгені баяндалған. Яғни сол кезде Уашингтонның өзінде-ақ «АҚШ президенті Ресей ықпалына түскен болуы мүмкін бе?» деген сұрақ арнайы қызмет деңгейінде зерттелген.
Алайда бұл жерде бірден маңызды нәрсені айта кету жөн: Жарияланған құжаттар Трамптың Кремль агенті болғанын дәлелдемейді. Тергеу кейін тоқтатылған. Ал Ресеймен жасырын сөз байласу туралы түпкілікті дәлел табылған жоқ. Бірақ жылдар бойы құпияда жатқан материалдардың қайта ашылуы бұрыннан бар күдіктердің қайта көтерілуіне жеткілікті болып отыр. Өйткені Трамптың Ресеймен байланысы туралы әңгіме 2016 жылғы ғана басталған жоқ. Оның Мәскеуге 1987 жылы барған сапары, онан кейінгі Ресеймен бизнес байланыстары, 2013 жылғы Мәскеу сапары және ресейлік элитамен қарым-қатынастары түгел-түгел Батыс баспасөзінде бірнеше рет зерттелген. Осыдан кейін Трамптың Ресей «агенті» болғаны туралы түрлі болжамдар тарады.
Ол бойынша: Трамп 1987 жылы КСРО арнайы қызметінің назарына түсіп, тіпті КГБ-ның агенттік желісінде «Краснов» деген лақап атпен жүрген. Батыстағы журналистік зерттеулер мен бұрынғы барлау қызметкерлерінің мәлімдемелерінде де Трамптың Кеңес Одағы және кейінгі Ресеймен қарым-қатынасы бірнеше рет сөз болған.
ТРАМП ПЕН КРЕМЛЬДІ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?
Сондықтан бұл мәселе тек «Трамп КГБ агенті болды ма?» деген сенсациялық сұрақпен шектелмейді. Ең қызығы — неге бұл күдік ондаған жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпай келеді?
Бұл сұрақ Трамптың Украинаға қатысты қазіргі саясатына байланысты тіпті өршелене түскен. Соңғы уақытта Трамптың Киев пен Зеленскийге қатысты қатқыл риторикасы АҚШ-та ғана емес, Еуропада да үлкен пікірталас туғызды. Тіпті Ресейдің өзі Трамптың бұндай ұстанымдарына таңданыс білдіргені жасырын емес. Мұның бәрі оның Мәскеумен келіссөз жүргізу стратегиясына қатысты сұрақтарды күшейтті.
Әрине, Трамптың Украинаға қатысты саясатына қарап - оны бірден Ресеймен байланыстырып жіберу — асығыс қорытынды. Саясатта мұндай шешімдердің артында сайлау есебі де, геосаяси мүдде де, жеке саяси көзқарас та болуы мүмкін.
Бірақ бір нәрсе анық - Трамптың Кремльмен байланысы туралы күдік енді жай ғана ескі әңгіме емес, қайтадан АҚШ-тың өз архивтері арқылы талқыланып жатқан мәселе. Бүгінде «Трамп - Кремль агенті» деген сөздің дәлелденген фактіге айналмағаны анық. Бірақ «FBI-дың» оны Ресеймен байланысы тұрғысынан арнайы тергегені - факт!
Уашингтон бірнеше жыл бойы зерттеген бұл күдіктің түбінде не жатыр — саяси қарсыластардың ойыны ма, барлау қызметтерінің қателігі ме, әлде Трамптың Ресеймен қарым-қатынасының біз білмейтін тұстары бар ма? Құпия архивтердің қайта ашылуы бұл сұраққа соңғы нүктені қойған жоқ. Керісінше, ондаған жыл бұрын басталған дауды қайтадан тірілтті.
Mezgil.kz