Ресейбасы Путин өзінің Қорғаныс министрлігінің ұзақтен бері уәде етіп келе жатқан Донбасс пен Украинаны жылдам басып алу уәдесі орындалмаған соң, Украина майданына жауапты негізгі қолбасшыларын ауыстырды...

(Коллаж: Mezgil.kz)
ПУТИН ҚОЛБАСШЫЛАРЫН АУЫСТЫРУДА: БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Естеріңізде болса, жуырда ғана Ресей президенті Путин өз әскеріне, қолбасшыларына «Донбассты толығымен әрі мүмкіндігінше тезірек басып алу міндеті қойылғанын» жария түрде айтқан еді. Бұдан көп өткен жоқ. Бүгін Путин Ресейдің Украина майданындағы қолбасшылары ауысқанын мәлімдеді.
Донецк облысының солтүстік-батыс және орталық бөлігінде әрекет ететін «Орталық» тобын осыған дейін 55 жастағы Валерий Солодчук басқарып келген. Енді бұл топты осыған дейін «Шығыс» әскери тобын басқарған Андрей Иванаев басқарады.
«Орталық тобы – біздің жетекші бөлімшелеріміздің бірі. Донецк Халық Республикасын азат ету бойынша ең маңызды, жауапты міндеттерді шешуде. Топты кім басқарады, оған кім қолбасшылық етеді деген сұрақ – оңай сұрақ емес», – деді Путин.
«Бучадағы қырғынға қатысы бар» деп айыпталған Солодчук әскерді басқарудан толықтай шететілді және бұдан былай РФ Қорғаныс министрлігінің Біріккен тыл қызметін басқаратын болады.
Оңтүстік-Донецк бағытында, Донецк және Запорожье облыстарының әкімшілік шекарасына жақын жерде әрекет ететін «Шығыс» тобын басқаруды Путин осы топтың штаб бастығы Петр Болгаевқа тапсырды.
РЕСЕЙДІҢ ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕГЕН. ҚОЛБАСШЫЛАР УӘДЕСІ ТАҒЫ ОРЫНДАЛМАДЫ...
Қазір Ресейдің Украинадағы шабуыл қарқыны күрт баяулаған. Кремльдің бүгінгі ауыс-түйісіне себеп болған да осы фактор.
Украиндық «DeepState» OSINT» жобасының мәліметінше, шілде айында Ресей әскері украин аумағының тек 88 шаршы шақырымын ғана бақылауға алса, маусымда – 57 шаршы шақырым жылжыған. Ал мамыр айында тіпті Ресей әскері өз бақылауындағы 11 шаршы шақырым аумақты жоғалтқан.
Салыстырмалы түрде айтсақ: Қаңтар-сәуір айларында Ресей әскері айына 126-245 шаршы шақырым жерге жылжи алса, өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш шамамен 500 шаршы шақырымды құраған.
«Reuters» агенттігінің мәліметінше, Ресей Бас штабы өткен жылдың өзінде-ақ Путинге украин майданының жақын арада құлайтынына және қоршаудағы қалалар белдеуі – Константиновка, Дружковка, Славянск пен Краматорск Ресей бақылауына толықтай өтетініне уәде берген.
Ал қазір бұл уәделері әуелі күзге, сосын жыл соңына шегерілген. Ал әскери сарапшылар: «Бұл уәделер де жүзеге аспайды», - деп кесіп айтып отыр. «Bloomberg» сарапшылары: «Донбасс үшін соғыс 2027 жылы да жалғасуы мүмкін», - дейді.
Батыс барлауы мен сарапшылары: «Ресей шабуылдарының баяулауына, соғыс ошақтары Ресейдің өз аумағына ойысқанына қарамастан Путин Донбассты толық басып алу идеясынан әлі де бас тартпай отыр және Донецк облысы өз бақылауына өтпесе, бейбіт келіссөздер жүргізуге ниетті емес», - дейді.
Ал «Financial Times» сарапшылары: «Путиннің амбициялары әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін. Ол Днепрдің сол жағалауындағы, соның ішінде Киев пен Одессаны қоса алғандағы бүкіл Украина аумағын бақылауға алуға ниетті. Ол мұның жүзеге асатынына кәміл сенеді. Себебі, Ресей әскери басшылығы Путинге күн сайын: «Украинаның әлі таусылып жатыр, қорғанысы құлап, адамдары түгесіліп жатыр», - деп есеп беруде», - дейді.
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) бағалауы бойынша, өткен жылы Ресей Генштабының генералдары украин аумағының 0,8%-ын (4831 шаршы шақырым) және 2024 жылы 0,6%-ын (3604 шаршы шақырым) бақылауға ала алған. Бұл ретте Ресей армиясының шығыны 2026 жылдың ортасына қарай қаза тапқандар мен жараланғандарды қосқанда 1,4 миллион адамға жетті.
Mezgil.kz